Бішкек пен Душанбе араларындағы жер дауын неге шеше алмай келеді?

0
2761

Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – халық пен жер. Бұл екеуі жоқ болса, ешқандай елдің болмасы анық. Ал, тарихта ұлтарақтай жер үшін қантөгіске дейін барған оқиғалар аз кездеспейді. Демек, жер дауы өткеннің еншісіндегі ғана тартыс емес, бүгінде түйіні тарқатылмаған күрделі мәселе. 28 сәуір күнгі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шешілмеген мәселенің бар екендігін тағы бір мәрте еске түсірді. Бішкек пен Душанбе 29 сәуірде сағат 20:00-ден бастап атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, екі ел бұған дейінгі де ресми мәлімдемелерінде ынтымақтастықты ту еткенімен, орын алып жатқан қақтығыстар іс жүзінде көршілердің арасында көрінбейтін қамал бар екенін дәлелдеп берді. «Бұған дейінгі» деп отырғанымыз да тегін емес. Өйткені, Ворух анклавында (өзге мемлекет құрамында қалған мемлекет аумағының бір бөлігі) ұлтаралық қақтығыс жиі болып тұрады. Екі тараптың бір-бірін оқпен де, таспен де ататыны үйреншікті жағдайға айналды. «Qazaq» газеті бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық дауға тоқталады.

ТӘЖІКСТАННЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ АУЫЛЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Тәжікстан мен Қырғызстанның шекаралық аумағы 976 шақырымға созылып жатыр. Бүгінге дейін соның 504 шақырымы ғана шегеленсе, қалған 472 шақырымның қай елге тиесілі екендігі даулы мәселеге айналған. Ал, Душанбе мен Бішкек 30 мыңдай тәжіктер тұратын Ворух анклавына қатысты «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмаса, бұл істің аяғы насырға шабатын түрі бар.

Рас, екі жүз жыл бұрын даулы аймақтардың қай халыққа тиесілі болғандығын қазір кесіп айту қиын. Дегенмен, Кеңес Одағы тұсында бүгінгі даулы аймақтарды «біздің жер» деуші халықтардың мекендегені анық. Даудың басталуына Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін бөліске түскен жерлердің этностық шеңберді және тарихи деректерді ескермей жасалғаны түрткі болып отыр. Сөйтіп, Одақ ыдырағаннан кейін анклавтар пайда болды. Мәселен, жер көлемі біздің Қостанай облысымен шамалас Қырғызстан аумағында алты анклав бар. Соның төртеуі Өзбекстанға (Сох, Шахимардан, Чон-Гара, Таш-Добе), екеуі Тәжікстанға (Кайрагач, Ворух) тиесілі.

Қырғызстан аумағында Тәжікстан анклавтарының пайда болуына қос елдің Кеңес Одағының құрамынан дайындықсыз шығып кетулері де себеп болды. Айталық, 1991 жылы 31 тамызда Қырғызстан азаттығын алса, іле-шала 9 қыркүйекте Тәжікстан да өзінің тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдары Душанбе мен Бішкектің шекара мәселесін шешуге мұршалары болмады. Бұғанасы бекімеген елдер жер үшін жан алысып, жан берісе күресуді кейінге қалдырып, тар заманда жер даулағаннан гөрі көршілерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу саясатын жүргізді. Және Мәскеуден бөлініп шыққан әрбір мемлекеттің алдында экономикалық дағдарыстан шығу міндеті тұрды. Қиын-қыстау кезеңде Рахмон Нәбиев пен Асқар Ақаевтың да күн тәртібінде тұрған бірінші мәселелері осы болды. Екі елдің де тұңғыш президенттері анклавтар мәселесін ес жинап, етек жапқаннан кейін ғана талқылауды жөн көрді. Демек, Қырғызстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктерін жарияламас бұрын шекара мәселесін алдын-ала талқылап, кесіп-пішіп алғанда, бүгінгі даудың салмағы да аз болар еді.

Жоғарыда жазғанымыздай, Ворух анклавында қырғыздар мен тәжіктер арасындағы қақтығыстар жиі болып тұрады. Өкінішке қарай, қос тараптың үкіметтік арнайы комиссиялары күні бүгінге дейін шекара сызықтарын нақтылауда осалдық танытып келеді. 2018 жылдың күзінде кездескен сол кездегі Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Ворух жанжалына» қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, қырғыз-тәжік аумағын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссия шекара мәселелері бойынша ынтымақтастықты тезірек жандандыру қажеттігін баса айтты. Дегенмен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып, күні кеше шекарада тағы да қақтығыс болды.

Екі ел шекарасының маңындағы қақтығыс 28 сәуір кешкісін басталған. Шекара маңындағы қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болған. Қырғызстанның Баткен облысы Көк-Таш ауылы маңындағы «Головной» су тарату орталығының аумағына 100-150 адам жиналып, бір-біріне тас лақтырған.  Қырғызстанның Баткен облысының полициясы 29 сәуір таңғы 4-5 шамасында жағдай қайта ушыққанын, Тәжікстан азаматтары Көк-Таш ауылындағы Қырғызстанның әскери бөлімшесін атқылай бастағанын, таңғы 04:40-та Ақ-Сай ауылында да атыс болғанын хабарлады. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиға салдарынан 13 адам мерт болып, 134 адам жарақат алған.

Сөйтіп, шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Оның арты Бішкек пен Душанбе арасындағы дипломатиялық жанжалға ұласып жатады. Мысалы, бұрнағы жылы қанды қақтығысқа тәжік анклавын айналып өтетін Ақ-Сай – Тамдық жолының құрылысы да себеп болған еді.

2019 жылы 22 шілде күні Ворух анклавында жергілікті тұрғындар тағы да жанжалдасқан-ды. Тәжіктердің Ворух – Исфара жолының бойына өз туларын тіге бастауы қырғыздардың наразылығын тудырған. Ресми мәліметтерге сенсек, айыр қалпақты ағайындар оқ жаудырғанда, тәжіктер де қарап қалмаған. Баткен облысының әкімдігі қақтығыстың салдарынан Қырғызстан тарапынан 17 адам зардап шеккенін хабарлады. Ал, бір тәжікстандық қаза тапқан.

ТӘЖІКТЕР НЕГЕ ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ МАЗАСЫН ҚАШЫРА БЕРЕДІ?

Қос тараптың бір-біріне қойған шарттарының орындалмауынан бұл түйіткілдің түйіні әлі де тарқатылмады. Тараптардың қойылған талаптарды орындамауға себептері де жоқ емес. Себебі, анклавтар стратегиялық және ресурстық маңызға ие болып отыр. Бұл дауда өзекті екі мәселе бар.

Біріншісі – Ворух анклавына таяу Тәжікстаннан Қырғызстанға құятын Исфара өзені. Судың тіршіліктің қайнар көзі екендігі айтпаса да түсінікті. Содан Қырғызстан мен Тәжікстан Исфара өзенін пайдалануда ортақ келісімге келе алмай отырғандықтан, олардың қарым-қатынасына сызат түскен.

Екінші мәселе – Қырғызстанның Ақ-Сай мен Тамдық ауылдарын байланыстыру үшін салынып жатқан жолдың құрылысы. Тәжікстанның бұл құрылысқа қарсылық танытуының негізгі себебі жаңа жол Ворух анклавын айналып өтетін болады. Ал, Кеңес Одағының тұсындағы екі ауылды байланыстырушы ескі жол Ворух анклавы арқылы өтеді. Тас жолға қатысты келіспеушіліктің артында Қырғызстан мен Тәжікстанның экономикалық текетіресі тұр.

Кеңес Одағынан қалған Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолмен қатынау Қырғызстан үшін тиімсіз. Себебі, қырғыз кәсіпкерлері Тәжікстанға баж салығын төлеуге міндетті болады. Бұл – бір. Екіншіден, Қырғызстан мен Тәжікстан арасы шындап шиеленіскен жағдайда Тәжікстан жолды жауып тастау арқылы айыр қалпақты ағайындарға сес көрсете алады. Сондықтан да, қырғыздарға алдағы уақытта тәжіктердің қас-қабағына қарамау үшін жаңа жолдың салынуы сыртқы саясаттағы беделіне де, экономикасына да тиімді.

Тәжікстанның да саясатын түсінуге болады. Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолдың арқасында жергілікті тұрғындар көтерме сауда мен алып-сатарлықтан күнін көріп отыр. Егер қырғыздың жаңа жолы салынса, тәжік кәсіпкерлері тұтынушыларынан айырылып қана қоймай, оларға қырғыз кәсіпкерлерімен бәсекелесудің өзі мүмкін болмай қалады.

Тәжікстанға келер тағы бір пайда – қалаған уақытында Қырғызстанды экономикалық блокадаға ұшырата алады. Осы арқылы Бішкектің саясатына да ықпалын жүргізуге мүмкіндігі бар.

Демек, Тәжікстан Ворух анклавындағы ескі жолдың түсіретін пайдасына әбден үйреніп қалған. Содан Ворухтағы жолдың саяси-экономикалық әлеуетінен айырылуына жол бергісі келмейді.

 Қырғызстан басшылығы 2008 жылдан бері Ворух анклавына қатысты мәселені оңынан шешу үшін Тәжікстанға Ақ-Сай – Тамдық жолының салынуына рұқсат етуін сұрады. Әрине, бұл Қырғызстанның сыртқы саясаттағы сыпайылығы болатын. Себебі, Тәжікстан билігінен рұқсат сұрауға ешқандай негіз жоқ. Өйткені, Ақ-Сай – Тамдық жолы қырғыз жері арқылы өтеді, яғни Бішкек не істесе де өзі біледі.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы алдағы уақытта болатын қауіп те жоқ емес. Біріншісі – ұлтаралық жанжал болса, екіншісі – Ферғана маңындағы лаңкестік топтардың ұлтаралық жанжалды өз пайдаларына асыру қаупі төніп тұр. Сол үшін Бішкек пен Душанбенің өзара бейбіт саясат жүргізулері де маңызды. Ал, істің қай бағытта өрбитінін уақыт көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Бішкек пен Душанбенің анклав мәселелерін оңтайлы шешуі алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Бірақ, істі неғұрлым тезірек шешсе, соғұрлым шекараның тыныш болатынын естен шығармау керек. Әлде, қос тарап «Отты үрлей берсең өшеді, көршіңді күндей берсең көшеді» саясатын ұстанып, бір-біріне қысым көрсете бере ме?!

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here