Ел егемендігінің 30 жылдығына арналған ашық сабақтар өтті

0
1938

Қарағанды облысының мектептерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында ашық сабақтар өтті.

Ашық сабақ барысында қатысушылар 30 жылдық кезең ішінде өңірді дамыту контекстіндегі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жетістіктері туралы, сондай-ақ Қазақстан мемлекетінің тарихы, елдің тәуелсіздік жағдайындағы даму стратегиясы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы сіңірген еңбектері туралы айтып берді.

Қаланың №104 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сабақ өтті. Жобаның ерекшелігі – ашық сабақтарға тек оқушылар мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің қалыптасуы мен аймақтың дамуына үлес қосқан еліміздің азаматтары да қонақ ретінде шақырылады.

Іс-шараға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің ұстазы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры- Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы, Кәсіпкер, меценат, «Natige» сүт фабрикасының құрылтайшысы, Тәуелсіздік тарланы, тіл жанашыры – Әшім Ерлан Мұқатайұлы, «SARYARQA» телеарнасының редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы «Ақпарат саласының» үздігі, көптеген республикалық телебайқаулардың жүлдегері, бірнеше публицистикалық кітаптардың авторы – Әшімхан Жәмпейісов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, жыршы-термеші – Қами Дидар Жанатұлы және «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бөлім басшысы, жерслес ақын – Мирас Асан қатысты.

Салтанатты іс-шараны ақын, Қами Дидар Жанатұлы «Тәуелсіздікке арнауы» мен ашып берді.

Сөз алған Нұрсахан Ахметқызы: «Еліміздің барлық жастарына білім мен ғылымды игеруде үлкен мүмкіндіктер жасалды. Еліміз әлем өркениетінің дамуына өз үлесін қоса алатын бәсекеге қабілетті ел екенін дәлелдеді. Ең қымбат қазынамыз Тәуелсіздікті сақтау болашақ жастар, сіздердің міндеттеріңіз. Ал, сіздердің дамуларыңызға барлық жағдай жасалған», – деді.

Ал, кәсіпкер Ерлан Мұқатайұлы: «Тәуелсіздік арқылы «Саяси Тәуелсіздік» алдық. Ендігі үлкен жұмыстар «Сана Тәуелсіздігін» алуға бағытталуы тиіс. Қазіргі өзге тілде сөйлеу, өз тілін менсінбеу құлдық сананың көрінісі. Сондықтан, «Сана Тәуелсіздігінің» қажет екендігі, өз тарихын білу, Отанды сүю мақсатын алға қоюымыз керек», –деп ой қосты.

«Тәуелсіздік жылдарының ішінде 2004 жылғы Мәдени мұра бағдарламасын ерекше атап өткім келеді. Тәуелсіздіктің жетістіктері мен көрінісін «Ұлы даладан» көреміз. Осы мәдени мұраның жалғасы рухани жаңғыруға ұласты. Бұл тарихтың тағлымын «Дала мәдениеті» арқылы таныту болып саналады», – деді Әшімхан Жәмпейісов.

Іс-шара барысында мектептің өнерлі оқушылары 6 «В» сынып оқушысы Ілияш Әл-Фараби М.Мақатаевтың «Үш бақытым», 6 «Ә» сынып оқушысы Өмірзақ Аяған Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңдерін оқып берді.

Ашық сабақ барысында белгілі тұлғалармен оқушылардың арасында пікір алмасу болып, жеткіншектер өз бойларына отансүйгіштік сезім ұялату, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Аталған ашық сабақ соңы Ескендір Хасанғалиев ағамыздың «Атамекен» әнімен аяқталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here