Нұрсұлтан Орынбасаров: «Болашақ чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек»

0
6936

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсудан спорт шебері, республикалық және халықаралық турнирлердің чемпионы, грэпплингтен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаровтың арманы – қазақ балаларының ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан Әнұранының дүбірлі додаларда шырқалуына өзіндік үлесін қосу. Бүгінде оның бұл арманы мақсатқа айналған. Несі бар, әрбір жас жаттықтырушы осындай алдына үлкен мақсат қойып, сол жолда аянбай тер төксе, онда талай қазақ баласы дүбірлі додаларда топты жарып, Туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды шырқатып, мерейімізді асырары сөзсіз. 22 жасында әлем чемпионын шығарып, спорттық әрі бапкерлік карьерасын сәтті жалғастырып келе жатқан Нұрсұлтан Орынбасаровпен спорттағы жетістігі мен бапкерлік өмірі туралы ашық әңгіме өрбіткен едік.      

«ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНДАРЫНДАЙ КӨК ТУЫМЫЗДЫ КӨТЕРУ МЕНІҢ ДЕ БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ БОЛДЫ»

Алдымен өзіңіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз. Спортқа деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

–  Бала кезімнен спортқа қызығушылығым басым болды. Өзім Алматы қаласында дүниеге келсем де, балалық шағым Алматы облысының Іле ауданындағы Мұхамеджан Түймебай ауылында өтті. Ал, ауылда менде қандай да бір таңдаудың болмағаны түсінікті. Кішкентай кезімнен спорттың әр саласынан бағымды сынап көрдім. Ауылымызда жастарға арналған спортпен айналысатын орындар, үйірмелер болған жоқ. Өзімнің қызығушылығымның арқасында теледидардан Олимпиада ойындарын көріп, танымал спортшылар сияқты көк туымызды көтергім келді. Спорттың барлық түрін жақсы көрдік. Доп ойнадық, ешқандай күрес әдісін білмесек те, күнде сабақтан соң күресіп жүрдік. Өзімнің спорттан бөлек көпшілікке беймәлім ақындық қырым да бар. Кішкентай кезімде Оразалы Досбосынов, Айтақын Бұлғақов, Балғынбек Имашев сынды айтыскер ақындарымыздың айтыстарын телеарналардан тамашалап, оларға еліктеп өстім. Кейіннен бір айтысқа да қатысқаным есімде. Осы айтыс өнері арқылы қазақ әдебиетіне деген құлшынысым артты. Айтыстың тәрбиелік мәні жоғары. Өйткені, ел үшін қызмет істеу, халықтың мұң-мұқтажын қара өлеңмен жеткізу де бір бақыт қой.

– Спорттағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– 9 сыныпты бітірген жылы Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжіне программист мамандығына оқуға түстім. Кейіннен «Достық» спорт кешенінде дзюдоға, артынан самбоға қатыстым. Жеңіл атлетикадан Алматы марафоншылар мүшесі атандым. Жүгіруден де, жеңіл атлетикадан да жарыстарда бағымды сынап көріп жүрдім. Жоғарғы оқу орнына түскен кезде джиу-джитсу спорт түрі кеңінен дамып жатқан болатын. Джиу-джитсумен қоса грэпплинг спорт түрімен де шұғылданып, жарыстарға қатысуды бастадым. Қазір барлық уақытымды спортқа арнаймын және арман-мақсаттарымды осы саламен байланыстырамын.

«СПОРТТА ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС ҚАТАР ЖҮРЕДІ»

Үлкен спорттағы алғашқы жетістіктеріңіз қандай?

–  Кәсіпқой спортта алғаш рет 2015 жылы «Алаш Прайд» Халықаралық ережесіз жекпе-жегінде шаршы алаңға шықтым. Грэпплинг күресінен Азия чемпионы қырғызстандық спортшыға ауырту әдісін қолданып, одан айламды асырдым. Алмат Алязақов деген жаттықтырушымның арқасында жеңіске жеттім. Кейіннен қалада «National team» деп аталатын ұлттық кұрамаға ұқсас команда құрылған еді. Ол жақта менің күресімді көріп, федерация мүшелері арнайы шақырған болатын. Сол кісілермен бірге жаттығу жасап жүріп, Бразилиядан менің алғашқы жаттықтырушым Арари Джуниор деген маманды алдырды. Содан кейін кәсіпқойлар арасынан 4 жекпе-жек өткізіп, төртеуінде де чемпион атандым. Жақында өткен «Arlan Grip PRO 8» турнирінде рейтингтік жекпе-жек бойынша ресейлік Магомед Кабардиевті тізе бүктірдім. Менің қарсыласым – Ушу саньда бойынша Ресейдің екі дүркін чемпионы, ММА бойынша әлем чемпионы. Бұл менің бес жылдан кейінгі алғашқы естен кетпес турнирім болды. Сондықтан мен бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдым. Джиу-джитсу маған шабыт берді. Бір жағынан бұл үлкен жауапкершілік және жаттықтырушым Адам Фоксты жерге қаратпауға тырыстым. Мен үшін жекпе-жектегі жеңістерім ыстық. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Қазақтың атынан шыққан соң елімнің туын жоғары көтеру – менің бар мақсатым.

Қазақстанға бейтаныс спорт түрі джиу-джитсу туралы айтса кетсеңіз… Бұл спорт түрі несімен ерекше? Елімізде қалай дамып жатыр?

Джиу-джитсу Жапониядан шыққан, бірақ оның біз айналысатын түрі – бразилиялық джиу-джитсу. Бүгінде Еуропа мен Америка елдерінде, БАӘ, Ресей мен Бразилияда жақсы дамыған. Елімізде аталған спорт түрі қарқынды дамып келе жатыр. Осы джиу-джитсудан алғашқы жаттықтырушым Арари Джуниордан үйренгенім көп болды. Қазіргі бапкерім, жоғарыда айтқанымдай, АҚШ-тан келген Адам Фокс.

Соңғы кезде джиу-джитсудан көптеген халықаралық турнирлер, Азия чемпионаттары ұйымдастырылып келеді. Бұл спорттың  негізгі ерекшелігі – ауырту тәсілдері арқылы жеңіске жеткенше күреседі. Егер ауырту тәсілдері жасалынбаса, жеңіс ұпай саны бойынша есептеледі. Мен басында дзюдо күресімен айналысқанмын. Осыдан 6-7 жыл бұрын Алматыдағы «Достық» спорт кешеніңде джиу-джитсудан халықаралық турнир өтіп, сонда өзімнің бағымды сынап көрдім. Содан бері менің де осы спорт түріне қызығушылығым оянды. Джиу-джитсу – танымал спорт түрі. Өзім екі-үш жылдан бері әлемдік жарыстардан қалыс қалдым. Жақында «Arlan Grip PRO – AIGА» атты халықаралық жарысқа өтініш қалдырып, дағыстандық спортшымен шығып, ұпай санымен жеңіске жеттім.

«БАПКЕРЛІККЕ ОЙЛАМАҒАН ЖЕРДЕН КЕЛДІМ»

– Қазір Сіз бапкерсіз және шәкірттеріңіз үлкен жарыстарда намысты қолдан бермей жүр. Ал, бапкерлікке қалай келдіңіз?

– Өзім сол кездерде студентпін, бапкерлікті қалай бастап кеткенім есімде жоқ. Бапкер болам деген мақсатым да болмады. Дегенмен, шәкірт тәрбиелеуді 20 жасымда бастадым. Бірақ, мұндағы мақсатым өз білгенімді інілеріме үйрету, ауыл балаларының армандарына қанат бітіру болды. Әу баста 4-5 баланы жаттықтырдым. Кейін бала саны 20-ға жетіп, қазіргі кезде 80-ге жуық шәкірт даярлап отырған жайым бар. Бапкер болу кез келген адамның қолынан келгенмен, болашақ чемпионды дайындау үшін үлкен жүрек керек.

Спорт баланың мінез-құлқына, болмыс-бітіміне оң әсерін тигізеді. Міндетті түрде баланы жақсы бапкерге берген жөн. Жаңа чемпиондарды шығару үшін 1-2 жылдай уақыт пен маңдай тер кетеді, сондықтан көп бапкерлер болашақ чемпиондарды дайындауға келгенде табандылық танытпайды. Егер спортшының жетістікке жеткенін қаласаң, әр балаға жеке-жеке көңіл бөлінгені дұрыс. Әр адамның спортқа деген бейімі, қабілеті әртүрлі болады. Сондықтан әр баламен жеке жаттығу жасап, қабілетін ашу керек. Мысалы, бойы ұзын балаға басқа техника үйретілсе, бойы аласа адамға басқаша әдіс керек. Соған байланысты бапкер шәкіртін жетістікке жеткізу үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кішкентай баланы жарысқа апарар алдында, «психологиялық тұрғыда ол бала дайын ба» деген сұрақ міндетті түрде қойылады. Өзіне қатты сенімді балалар болады, жұлқынып тұрады. Бірақ, жарыста оны сабырлы болуға шақырмаса болмайды. Өйткені, «күйіп» кетеді. Кейбір балалар бар, физикалық тұрғыдан дайын болғанымен, өзіне сенімсіздік танытады. Сөйтіп, жеңісті қолдан беріп қояды. Олардың рухын көтеріп, жігерлендіру керек. Бұл да бапкердің жұмысы. Спортшы дарынды болғанымен, табанды еңбексіз жоғары нәтиже көрсете алмайды.

–  Өзіңіз құрған спорт клубы туралы айтып берсеңіз…

 – Әскери қайраткер, Армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың есімімен аталатын «Sagadat batyr-QTT» клубы 2017 жылы өз жұмысын бастады. Ашылғанына төрт жылдың көлемі болса да, білікті бапкерлердің арқасында шәкірттеріміз жарыстарда оза шауып жүр. Әлем чемпионы атанған шәкірттерім бар. Кейбіреулері халықаралық турнирлердің чемпиондары. Іле ауданында қоғамдық кеңес төрағасы, «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының президенті Ерболат Сапарұлы әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

Соңғы екі жылда Алматы қаласында екі жерден, бірі – Бостандық ауданынан, екіншісі – «Қазақфильм» шағын ауданынан спортзал аштым. Ол жақта да жетістіктер жақсы, бірақ басым көпшілігі Іле ауданынан шығып жатыр. «Sagadat batyr-QTT» клубында 200-ден астам түрлі жастағы спортшылар тәрбиеленуде. Клуб жаттықтырушылары Самат Айтпанбет, Елжан Жұмаділ, Нұртуған Бекмұратов, әлемнің екі дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова, Азамат Әбдиев, Мақсат Мұратұлы біздің клубта аянбай еңбек етуде. Жыл сайын клубымыз қалалық, облыстық, республикалық жарыстар өткізіп тұрады.

БАӘ-де өткен жарыста да балалар арасында спортшыларымыз барлығы 12 алтын, күміс пен қола медальдар алған болатын. Командалық есепте 3-орынды иелендік. Сонымен қатар, жақында кәсіпқойлар арасында грэпплингтен «Arlan Grip PRO 8» турнирі өтті. Нәтижесінде, осы клубтың үш өкілі жеңімпаз атанды.

«ШӘКІРТТЕРІМ ДЕ МЫҚТЫ БАПКЕРЛЕРГЕ АЙНАЛДЫ»

Өзіңіз тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз…

  – Жоғарыда атап өткенімдей, қазір 80-ге жуық шәкіртім бар. Оның 20-ға жуығы спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Тәлімгерлерім 18 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі Мұхаммеджан Түймебай, бұрынғы Ащыбұлақ ауылында өзімнің жаттығу залым бар. Шәкірттерім Самат Айтпанбет, Диас Қанайбеков, Елжан Жұмаділ бүгінде мықты бапкерлерге айналды. Осы бапкерлермен ақылдасып, бірге бағдарлама құрып, әрбір жарыс сайын қорытынды жасап отырамыз. Шыны керек, Қазақстан бойынша джиу-джитсу күресі бойынша кішкентай балалардан үздік өнер көрсетіп жүрген менің шәкірттерім. Мақтанып айтар болсам, 16 жасар Мәди Құрманғожаев Абу-Дабиге үш жыл қатарынан барып, жүлделі орындар алып қайтты. Елжан Жұмаділ күміс жүлдегер атанды. Ережесіз жекпе-жектен тұңғыш Азия чемпионы қоңыр белбеу иегері Самат Айтпанбет «Arlan Grip» финалында өткен турнирде күміс жүлдегер атанып, «National Pro»-дан алтын жүлдеге ие болды. «National Pro» турнирінде қыз балалар арасында ерекше көзге түскен шәкірттерімнің бірі әлемнің екі дүркін чемпиноны Жібек Құлымбетованы ерекше атап өтсем болады. Болашағынан үмітті шәкірттерім жетерлік. Мен үшін барлық шәкірттерімнің орны бөлек.

– Қайырымдылықпен жиі айналысады екенсіз. Осы жөнінде айтсаңыз…

– Дана халқымыз «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, қайырымдылықпен жиі айналысамын. «Sagadat batyr-QTT» спорт клубының бапкерлерімен «Бақытты болашақ» атты қайырымдылық қорын аштық. Мақсатымыз – спорт саласында қайырымдылық жасау. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында балалар үйіне барып, спорт құралдарын сыйға тарттық. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысып келеміз. Салауатты өмір салтын насихаттау барысында арнайы стадиондарда түрлі шаралар өткіземіз. Біздің клубта көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Жақында Алматы қаласында орналасқан «Сенім» оңалту орталығына арнайы барып қайттық. ДЦП-мен ауыратын 130-дай баланы емдеп жатқан орталыққа 1 млн теңге көлемінде қажетті заттарды сатып алып бердік.

Сал ауруына шалдыққан Шыңғыс Маденовке өзіміздің атымыздан қол арбасын жаңалап бердік. Ол өзінің ауруына қарамастан, елмен етене араласып, үш тілді еркін меңгерген шексіз мүмкіндіктің иесі екен. Ал, балалар үйіндегі жеткіншектерге де көңіл бөліп, олардың арасынан әлем чемпиондарын шығару ойымда бар.

– Нұрсұлтан мырза, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here