Такир Балықбаев университетте өткен жемісті жылдарына тоқталды

0
1332

Кеше, 2 маусымда Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметін аяқтағанын жазды.

«Қарап отырсам, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне басшы болып келгеніме 4 жылдың жүзі болыпты. Табиғат ой-сана, ақыл-парасат берген соң, осы сәтте мен бұл жылдары не істедім, не тындырдым деп ойлауым заңды болар. Өйткені, «Қызмет адамды көркейтпейді, адам қызметті көркейтеді» деген қағиданы берік ұстанған мен алғашқы күннен университетті көтеруге тырыстым.

Ғарыштық жылдамдықпен дамып бара жатқан мына заманда әр елдің әлеуеті білімімен, ғылымымен өлшенетіні белгілі. «ХХІ ғасырда ғылым-білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық», – деп Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, бұл ғасыр нағыз білімділер ғасыры болуға тиіс. Сондықтан мен университеттегі ең алғашқы қадамымнан бастап күні бүгінге дейін білім сапасын жақсарту, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлгенім ұжымға жақсы белгілі. Бұл үшін оқу үдерісіне отандық және шетелдік ең үздік инновациялар мен технологияларды кеңінен енгізуге тырыстық.

Енді, міне, өзім басшылық еткен жылдары оқу орнында қандай өзгерістер болды, нендей жетістіктерге қол жеткіздік деген сауал өзінен-өзі туындайтыны орынды да. Осы уақытта жүріп өткен жолдарыма көз жүгіртсем, бұл жылдар университетіміздің қайта өрлеу кезеңі болғаны анық байқалады» деп жазған экс-ректор өзі басқарған төрт жылда университет жеткен жетістіктерге де тоқталды.

Такир Оспанұлының мәліметінше, университет түрлі рейтингілерде жоғары сатыларға көтерілген. Мысалы, QS World University Ranking, EECA 2021 – 82 орын, 2020 жылы – 105 орын (↑23), QS World University Ranking 2021 – 601-650 орын. Университеттердің әлемдік QS World University Ranking by subject-2021 рейтингісінде Абай университеті «Ағылшын тілі мен әдебиеті» және «Білім» пәндері бойынша 201-250 тобына енді. ҚР Ұлттық рейтингісінде көп профилді университеттер арасында 4-орынды, педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1-орынды иеленді.

«Университетіміз Қазақстандағы педагог даярлайтын ең басты оқу орны болғандықтан, біз бұл мамандықтың қадір-қасиетін, беделін арттыруға, мұғалім болуды шын жүрегімен қалап келген жастарды оқуға қабылдауға ерекше назар аудардық. Республикамыздың облыстық білім басқармаларының басшыларымен өткізген семинар-кеңесімізде біз осы мәселелерді жан-жақты талқыладық. Сонымен бірге Еуразиялық одақ елдерінің 44 педагогикалық университеттерінің басшыларымен, ғалымдарымен бірге бүгінгі заманның педагогтарын даярлаудың өзекті мәселелерін де сан мәрте пікір алмастық. ХХІ ғасырдың сапалы, беделді мұғалімдерін даярлау жолындағы табанды еңбегіміздің нәтижесінде мектеп түлектерінің педагог мамандығына деген ықыласы артып, олар оқу орнымызға көптеп келе бастады. Мысалы, мен ректор болып келген алғашқы жылы мұнда алты мыңнан сәл-ақ астам студент оқитын болса, қазір олардың саны 2 еседен асып, 13 мың білім алушыға жетіп отыр. Жаңа мазмұндағы 289 білім бағдарламасы өмірге келді. Еліміз бойынша біздің университет бірінші болып теориялық білім мен практиканы бірдей ұштастыратын дуальді оқыту жүйесін енгізді. Әлемге тараған пандемияға байланысты қашықтан оқу жүйесі табысты игерілді. Білім алушылардың зерттеу және конструкторлық жұмыстарына, техникалық шығармашылығына қолдау көрсету мақсатына STEM-парк ашылды. Оқу-әдістемелік жұмыстар, педагогикалық білім беруді модернизациялау салаларында едәуір жұмыс атқарылды. Мен басшылық еткен 2017 жылдан бері ғылыми жобалардың саны 4 есеге, ғылымды қаржыландыру 5 есеге өскенін атап өткім келеді. Францияның 800 жылдан астам тарихы бар «Сорбонна-Париж-Сити» университеттер кешенінің әлемдегі екінші, Орта Азиядағы ең бірінші филиалы – біздің «Сорбонна-Қазақстан» институтымыз осы 4 жылда жан-жақты дамыды. Мұнда қос дипломды бағдарламасы бойынша білім алушылар саны еселеп артты. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 110 магистрантымыз Францияның да, біздің университетіміздің де дипломдарын алып шықты. Сонымен бірге Францияның бірнеше университетімен серіктестік туралы 17 келісім-шартқа қол қойыстық. Басқа да алыс-жақын шетелдердің ЖОО-ларымен байланыс аясы едәуір кеңейді», – деп толықтырды.

Такир Оспанұлының жазуынша, стратегиялық жоспарда оқу орнын цифрлы университетке айналдыру мақсаты көзделіп отырса, бұл салада айтарлықтай жұмыс атқарылған. «Абай атындағы ҚазҰПУ-ды цифрландыру тұжырымдамасы», «Абай университеті – цифрлы университет» жол картасы әзірленді. «Универ», «Антиплагиат» «Білімді прокторингтік бақылау» жүйелері енгізілген. Студенттердің құжат дайындауға кететін уақытын үнемдеу үшін «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істетйтін «Шапағат» студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылған. Тәрбие жұмысы «Рухани жаңғыру», «Ұлттық тәрбие», «Абай мұралары», «Жастардың шығармашылық әлеуеті», «Студенттердің өзін-өзі басқаруы», «Жемқорлыққа қарсы күрес», «Волонтерлік қозғалыс», «Спорт және денсаулық» бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатыр. Университетте бүкіл тәрбие жұмысы хакім Абайдың «Толық адам» ілімі бойынша жүргізіледі. Ай сайын спорттың бірнеше түрін қамтитын «Денсаулық» күнін өткізу дәстүрге айналды. Университеттің спорт залдары мен спорт кешендері жөндеуден өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жер», «Көрнекті тұлғаларды зерттеу», «Латын әліпбиіне көшу», «Сакральді география», «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобалары бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. «Ұлы дала тұлғалары» орталығы «Көне түркі тұлғалары мен арғы қазақтар», «Қазақтың би-шешендері», «Қазақ ойшылдары», «Мемлекет және қоғам қайраткерлері» тақырыптарында монографиялар шығарылды. Университет ғалымдары «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасын дайындауға және оны талқылауға белсене атсалысты.

Жазбасының соңында Такир Балықбаев басшылық қызметінің аяқталуына байланысты өткен 4 жылда өзімен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған профессор-оқытушылар құрамы мен университеттің барлық қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жаңа басшыға табыс тіледі.

Айта кетейік, Такир Балықбаевтың «Qazaq» газетінде екі рет сұхбаты жарық көріп, ұлт басылымдарының атасы ұстаздар ұстаханасымен шығармашылық байланыста болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here