«Бильдерберг клубы»: Әлемге әмірін жүргізіп отырған кім?

0
797

«Әлемдік үкімет». Әлдебіреулер ойлағандай бұл «Үлкен жетіліктің» мүшелері немесе НАТО ұйымы да емес. Бұл – жер-жаһанда басқан жерінің иісін ит сезбейтін жасырын ұйымдардың ең «ашығы» – «Бильдерберг клубы». Осыдан екі жыл бұрын АҚШ-та «Бильдерберг клубының» филиалы ашылды. Оған әлемнің өте ықпалды саясаткерлері мен қаржыгерлері мүше болып табылды. Клубтың барлық отырыстары, күн тәртібіндегі қаралатын мәселелер аса құпия шифрмен хабарланады. Оны бірнеше адам ғана біледі.   Отырысқа қатысушылар құпия жағдайда ұшып келеді. Олардың ұшақтарының ұшу траекториясы мен қонатын алаңдарының өзі аса жасырын ұсталады.  

Клубтың ең алғашқы отырысы 1952 жылы Нидерланды елінде өтті. Содан бері клуб отырысы тұрақты түрде өтіп келеді. Отырыстың күн тәртібі ешуақытта алдын-ала айтылған емес. Әлі күнге дейін «Рим клубы», «Чини қоғамы», «Үш жақты комиссия» сияқты сенімге үрей себетін ұйымдардың атын білсек те, түбіне бойлай алмай жүрміз. Ал, «Бильдерберг клубының» айласы жарты ғасырдың аясындағы адамзат баласының тағдырын «паршалап» келеді десе де болады. Олар кез келген елдің мемлекет басына кім келетіндігін және қашан келетінін алдын ала шешіп отырады. Ол жер асты мен жер үстіндегі саясаттағы аса ықпалды ұйым.

Клуб әлемдік қаржы саясатын да бақылауында ұстап отыр. Жақсаң береді, жақпасаң жұдырығын түйеді. Табиғи катаклизм, ауру-сырқаудың шығу тегін де аса құпия ұстайды. Бұл ретте әлемдік судьяның рөлін атқарады, оны сырттай бақылайды.   

 Адамзатқа жойқын әкелген індет бұған дейін де ажал ұрығын сеуіп, жан дүниемізді жайпап кеткен кездер талай болған. Өткен жылы адамзат қоғамын COVID-19 індеті шарпыды. Оның бұл жолғы соққысы қатты болды. Оған әлем болып қарсы күресуде. Бүгінде әлемді шарпыған пандемия осы дәуірдің басы да, алғашқысы да емес. Бұл жайында АҚШ-тың бас инфекционисі Энтонн Фаучи мен Ұлттық аллергиялық және инфекциялық жұқпалы  аурулар институтының эпидемиологы Дэвид Моренс мәлімдеген.

Cell мерзімді басылымында жарияланған сарапшылар пікірі бойынша, таяу жылдары пандемия өз күшіне мінеді-мыс. Түрлі жұқпалы індеттің пайда болуына әлемдегі орман-тоғайдың жаппай оталуы, урбанизация, жабайы жануарлар саудасы, климат өзгерісі мен жаһандық жылыну себеп болмақ. Аталған факторлардан бөлек антибиотикке төзімді бактериялар да, адамзат әлі күнге жеңе алмай келе жатқан, кісі өліміне апарып соқтыратын бұрыннан келе жатқан вирус ошақтары да оқтын-оқтын бас көтереді. Ал, кейінгі вирустар өзге вирустардың алдын-ала хабаршысы болуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жоғарыда аттары аталған америкалық ғалымдардың айтуынша, адамзат жұқпалы індетті тек төтенше жағдай секілді қатаң шаралармен емес, өмір сүру салтын өзгерту арқылы еңсере алатынын жеткізіп отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік үрдістерді қадағалау мәселесі билік бишігін қолында ұстағандардың бас ауруына айналды. Ал, Ұлттар Лигасының құрылуы бұл арнадағы жұмыста жай ғана халықтар келісімінен бөлек, «ерекше» күш қажет екендігін көрсетіп берді. Америка соғыстан қансыраған Еуропаны уысынан шығармау мүмкіндігінен айырылғысы келмеді. Осы мақсат үдесіндегі АҚШ-тың арнайы қызметі өз ықпалындағы Еуропаның билеуші ортасымен бірлесе отырып, «Бильдерберг клубын» құрды. Себебі, АҚШ тарапынан қарт құрлықтың ісіне тікелей араласу қоғам наразылығын тудырған еді. Ал, әлгіндей жүріспен оқиғалар желісіне ықпал етуге әбден болатын-ды. Осылайша, 1948 жылы «Біріккен Еуропаның американдық комитеті» деген бүркеншік ұйым құрылды. Оның төрағасы сол кезде У.Донован (Стратегиялық қызметтер басқармасының бұрынғы жетекшісі) болса, орынбасары  –  А.Даллас   (Американың  Орталық барлау басқармасының директоры) болатын. Ал, 1954 жылы Голландияның Остербек қалашығындағы «Бильдерберг» қонақүйінде клубтың алғашқы кездесуі ұйымдастырылды. Бұл кездесуге шақырылған қонақтарға өз ойын барынша еркін білдіру мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша, «Бильдерберг  клубы» ашық аспан астындағы «момақан» ұйымға айналды. Енді шолуымызды осы клубтың құрылымынан бастайық.

Дереккөздер «Бильдерберг клубын» масондармен байланыстырады. Осы нұсқаның туралығына дәлел ретінде масон ложасын негізге алған клубтың құрылымын келтіреді. Расында, бұл клуб үш шеңберден тұрады. «Сыртқы шеңбер» жиынға қатысушылардың 80 пайызға жуығын біріктіреді. Сәйкесінше, олар ұйымның шынайы мақсаттары мен нақты жоспарының белгілі бөліктерін ғана біледі. Екінші шеңбер жалпы ақпараттың 90 пайызына жуығымен таныс 35 адамнан тұрады. Осы адамдар клубтың Басқару комитетін құрайды. Оның алғашқы құрамына – Джозеф Акерман (Неміс банкі), Йорма Оллила (Нокиа), Йорген Шремп (Даймлер-Крайслер), Питер Сазерленд (Солтүстік Атлантикалық альянстың генералы), Джеймс Вольфенсон (Бүкіләлемдік банктің экс-президенті) және «Түнек ханзадасы» Ричард Перле сияқты азаматтар кірген. Ақырғысы, шамамен тұрақты 10 адамнан кұралған үшінші шеңбер ұйымның мақсаты мен тапсырмасын жүйелейді. Бұл – Консультативті комитет. Соңғы мәліметтерге сенсек, әлемдік ауқымдағы басты саяси ойыншылар – Дэвид Рокфеллер, Пол Вольфовиц, Генри Киссинджер, Этьен Давиньон, Романо Проди сияқты клубтың тұрақты мүшелері болған. Осы ат төбеліндей шоғыр әлемнің тынысын бақылап, оны белгілі бір бағытқа жұмсап отырады.

Масондар клубына бір кірген адам одан өз еркімен шықпайды. Бүгінгі БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш те оған мүше. Ол бұл ұйымға  Португалияның Сыртқы істер министрі кезінде қабылданған. Клуб кездесулері жылына бір рет, жазда немесе қыста өтіп, ол төрт күнге ұласады. Әрбір кездесуге әлемдік ахуалға қарай құрамы өзгеріп тұратын 120 адам қатысады. Жиын отырысы «жабық есік» жағдайында өтеді. Ақпарат сыртқа тасымалданбайды. Оның тігісін жатқызып, жазатын «өз тілшілері» бар. «Өз тілшілері» дегенде, міндетті түрде бұл жиындарға американдық «The New York Times», «Financial Times», еуропалық «Der Standard», «Le Figaro», «The Times» басылымдарының өкілдері ғана қатысу картасына ие. Клуб кездесулерінде айтылған сөз, қабылданған шешім басылымдардың бетінде жарияланбайды әрі құпия ақпараттардың басқа БАҚ-тарда жарияланып  кетпеуі де қатаң бақыланады. Ал, «Бильдерберг клубының» штаб-пәтері қайда деген сұраққа келгенде, зерттеушілер бірнеше нұсқаны ұсынады. Біреуі Нью-Йорктегі Карнеги қорының ғимараты десе, екіншісі Голландиядағы Лейден қаласын нұсқайды. Нақтысы белгісіз. Алдын ала мәжілістің отырыс орны бірнеше нұсқада хабарланады. Бірақ, оның орны шифрмен берілетіндіктен олардың біреуіне екпін түсіріледі.    

Кезінде осы бір құпия ұйымның атқаратын рөліне британ экономисі Уилл Хаттон өте тамаша анықтама берген-ді. Оның айтуынша, клубтың әрбір кездесуінен кейін қол жеткен келісім «Бүкіләлемде қабылданар саяси шешімдер үшін сахна, яғни фон» болып табылады. Тегінде, клуб мүшелерінің жоспарлағандары «Үлкен жетіліктің» мүшелері, Халықаралық валюта қоры және Бүкіләлемдік банк арқылы жүзеге асырылып жатады. Мысалы, 1973 жылы Швецияда өткен клуб кездесуінде мұнайға деген әлемдік бағаны өсірудің арнайы сценарийі қабылданған. Сонымен қатар, клуб конференцияларында АҚШ пен Ұлыбританияның болашақ   президенттері мен премьер-министрлерін «таңдайды». Бұған дәлел ретінде   Бильдерберг конференцияларында – 1991 жылы Билл Клинтонның, 1993 жылы Тони Блэрдің, 2008 жылы Хилари Клинтон мен Барак Обаманың тағдырлары шешілгенін айтқанымыз абзал. Олардың кейін клуб отырыстарына қатысқанын айтуымызға болады.

«Бильдерберг клубының» мүшелеріне «бүкіл елдегі ықпалы бар адамдарды өз ығына жығатындай шеберлер» деген теңеу таңып жатады. Осыған көзімізді жеткізе түсу үшін соңғы жылдардағы клуб мүшелері  кездесулерін саралап көрсек. Мысалы, 2006 жылғы маусымда «Бильдерберг клубының» жиыны Оттава қаласының (Канада) іргесінде өтті. Бұл кездесуде басты мәселелер ретінде Ресейге қатысты саясат, Таяу Шығыстағы ахуал, «ақ» елдерге басқа нәсілділердің қарқынды қоныстануы, Канада, АҚШ, Мексиканың бір мемлекетке бірігуі және АҚШ-тың Иранға басып кіруі талқыланған. Ирак пен Ливияны басып алып, арынын басу да осы комитеттің жасырын отырыстарында шешілген. Бір қызығы, «әміршілер» басқа жұрттан 200 мильге 4,55 литр ғана бензин шығын ететін көлік жобасын жасырып қалғысы келген. Сонымен бірге, Генри Киссинджердің ұсынысы бойынша мұнайдың барреліне 105 долларға дейін жаңа үстеме баға қойылған.

2007 жылғы клуб конференциясы Стамбұл шаһарында өтті. Бұл жиында да ғаламдық жылыну, Түркияның Еуро Одақтағы рөлі сияқты мәселелер сөз болған-мыс. Бұл енді көз алдау, адамдардың санасын басқа арнаға бұрып әкетуден туындаған құйтырқы әрекет. Ал, 2008 жылдың 5-8 маусым аралығында өткен клуб кездесуі Ақ үйден бар-жоғы 15 шақырым қашықтықтағы қалашықта ұйымдастырылған. Тағы да мұнай бағасы, Иран дауымен қатар әрбір американдыққа жаппай электронды чип енгізу мәселесі көтерілді. «Бильдерберг клубының» басты мақсаты – әлемге бар билігін жүргізу екендігін еске алсақ, лаңкестікке қарсы күрес деген сылтаумен адам терісіне микрочип тігу бастамасы соншалықты қияли ой болып көрінбейді.   «Егер оларға осылайша ен салмасақ, адамдарды басқара алмаймыз». Бұл микрочип ендірумен айналысатын ғалымның Генри Киссинджер мәлімдемесінен кейінгі есінде қалған сөзі. Бұл аз болса, 2005 жылғы наурызда қабылданған Еуропалық Одақтың құжатынан үзінді келтіре  кетейік. Ондағы мына жолдарға назар аудармау мүмкін емес: «Қазіргі қоғам адамзат баласы міндетті түрде ескеруі тиіс өзгерістермен бетпе-бет келіп отыр. Бейне қадағалау мен биометрияның, сонымен бірге, адам тәніне енгізілген смарт-ен және чиптерді бақылау нәтижесінде адами тұлғалар бірте-бірте желілік тұлғаларға айнала бастайды. Олар үнемі белгілі бір уақытта бақылауға және бағалауға жататын әдет-қылық пен жүріп-тұруға рұқсат беретін сигналдарды қабылдауға әрі жіберуге мүмкіндігі болуы қажет».

Міне, керек болса… Қазіргі таңда әрбір американдық қалтасында 200 доллар болса, терісінің астына электронды таңба салғыза алады. 2003 жылдан бастап Мексикада да чиптену үрдісі басталып кетті, бұдан Бразилияның бақуатты тұрғындары да қалысар емес. Әзірге бұл іс – ерікті, бірақ бильдербергтіктер мұны жалпыға бірдей міндет етпей, жандары жай таппайтын секілді.

Соңғы кездері қоғамда үрейлі осындай бір желдей кезіп жүрген сөздер бар. Қалай дегенмен де, «Бильдерберг клубының» шешімі жайлы біз тек оқиға салдарынан ғана біле аламыз. Өкінішті-ақ. Италияның «Europe» журналы жазғандай, «өз құрамының әркелкілігіне қарамастан, «бильдербергтіктер» Батыс елдерінің үкіметтерін өз үлгісіне қарай пішіп отыратын супердержава» көрінеді. Сондықтан, қазақтың ертеңін төсекте есінеп атырмай, саналы ұлт ретінде саңылауына жамау болар дүниелерімізді толықтырудан қолымыз тынбасын.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here