Айкидо: Емтихан қабылданды

0
1605
?

Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясының жетекшісі, бас нұсқаушы Андрей Пастухов ағымдағы жылдың маусым айында 15 жасқа дейінгі балалардан емтихан қабылдады.

Айкидо емтиханы үйренуші оқушылардың біріне алғашқы болса, басқалары үшін кезекті болды. Барлығы 10 шәкірт қатысқан емтихан барысында тапсырушылар арнайы бағдарлама бойынша түрлі жүріс-тұрыс қимылдары мен қауіпсіз құлау жаттығуларын, әдіс-тәсілдерді көрсетті.

Қорытындысында Әлімхан Халелов пен Ислам Аманғалиев 10-кюге, Мәдина Кустанаева, Мұстафа Равиль, Аделия Ишанбекова, Азиз Қуаныш 9-кюге ие болды. Ал, Фархат Орақ, Мерей Тілеген, Бақыт Қуаныш 7-кюді еншіледі. Айсұлу Ишанбекова болса, кезекті емтиханында 4-кюге қол жеткізді.

Бас нұсқаушы, айкидо айкикайдан қара белбеу, 3-дан иесі Андрей Владимирович емтихан соңында қатысушы шәкірттерге жіберген қателіктерін түсіндіріп, кей тәсілдердің анығырақ қалай істелетініне тоқталып, көрсетіп кетті. Кей оқушылардың тырысып баққандарын, жақсы тапсырғандарын атап өтті. Барлығын емтихан тапсыруларымен құттықтап, айкидо өнерінің ерекшелігі жайында айтты.

«Бұл өнермен айналысып жүргендерін көңіл қуантады. Айкидо – жақсы жауынгерлік өнер. Айкидода маңғаздануға, өзінді басқалардан биік көруге мүлдем болмайды. Мысалы, жаңадан айналысушылармен бірге жаттыққан кезде олармен тең дәрежеде жұмыс істеу керек. Яғни, менің айкидодағы мансабым үлкен деп тұрып алмау керек. Тәсілдерді орындағанда ерекше мән беріп, өзіннен кіші «кю» дәрежелері бар айналысушылармен солардың деңгейінде жаттыға білу керек. Білмеген тұстарын оларға үйретіп, айтып, көрсетіп жіберу керек», − деді Андрей Пастухов.

Андрей Владимирович емтихан тапсырған шәкірттердің әрі қарай да осылай жаттығуларын жалғастырып, салауатты өмір салтын ұстанып, жапон жауынгерлік өнерінің қыр-сырын әлі де біле түсулерін сөз етті.

Асан МОЛДАҒАЛИ,
Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясының нұсқаушысы,
Орал қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here