Жалған вакцина паспортын сатқандар мен сатып алғандарға қандай жаза қолданылады?

0
409

Жыл басынан бері Қазақстанда жалған ПТР нәтижесі мен жалған вакцина паспорттары үшін 30-дан астам іс қозғалғаны туралы ақпарат таратқан ҚР Ішкі істер министрлігі жалған ПТР-анықтама мен вакцина құжаты үшін қандай жаза қарастырылғанын түсіндірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. ПТР-тесттерді қолдан жасау және пайдалану фактілері бойынша Ішкі істер министрлігі өз құзіреті шегінде қажетті шаралар қабылдауда. Кейбір азаматтар қазіргі жағдайды пайда табу үшін пайдаланады, ПТР-тест нәтижелері мен вакциналау паспортын қолдан жасайды, осылайша коронавирустың таралуына септеседі» делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің Баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, негізінен сатуға арналған ұсыныстар интернетте және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралады. Ал, «сатушылар» үнемі өзгеріп отыратын виртуалды телефон нөмірлерін жиі пайдаланады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінде жалған құжат сату туралы жарнамаларды анықтау үшін тұрақты бақылау топтары жұмыс істейді. Тек шілде айының басынан бастап, осындай 41 жарнама анықталды, мұнда белгілі бір сомаға вакциналау туралы жалған паспорттар немесе тестілердің оң немесе теріс нәтижелері бар тестілік формалар ұсынылған. Ішкі істер органдары жалған ПТР сертификаттарын және вакциналау төлқұжаттарын сату фактілерін анықтау бойынша басқа да шараларды қабылдауда. Полицейлер жалған құжаттар беру фактілерін анықтау үшін медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина қабылдау пункттерін тексеруді жалғастырып жатыр.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары жалған ПТР тест сату және пайдалану бойынша 25 қылмыстық іс және жалған вакцина паспорты бойынша 11 іс қозғаған.

Айта кетейік, қылмыстық құқықбұзушылықтың осы түрі үшін ҚР ҚК 385-бабы («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, жасау немесе сату») бойынша 2000 АЕК-ке дейін айыппұл (5,8 млн теңге) белгіленген немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейін бостандықты шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Дәл сол іс-әрекеттер бірнеше рет немесе алдын-ала сөз байласу арқылы жасалған жағдайда 4000 АЕК (11,6 млн теңге) айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 1000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру бостандықты шектеу жолдарымен жазаланады.

«Жалған вакциналау паспортын біле тұра қолданғандар үшін 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (467 мың теңге) немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 40 тәулікке қамауға алынады (Қылмыстық кодекстің 3-бабы). Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасайды – өзіңізді қылмыстық процеске тартуға жол бермеңіз және туыстарыңыз бен достарыңызды қорғаңыз. Жалған құжаттар алуға тырысып, алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін» – деп ескертті Ішкі істер министрлігі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here