Дінмұхамед Қонаев – 110: Екінші Меккедегі мінәжат

0
2715

Димекең, Дінмұхамед Қонаевтың «Екінші Мекке» атанған қасиетті Түркістанға келіп, Аллаға мінәжат етуі және әкесі Меңліахметтің Мекке-Мәдинаға құпия жолмен барып, атеистік заманда қажылық парызын өтегені жөнінде әңгіме-деректің анық-қанығына қатысты ой мен болжам.

ЕКІНШІ МЕККЕ ЖӘНЕ ДИМЕКЕҢ

Мұсылман әлемінде екінші, Түркі әлемінде бірінші Мекке атанған Түркістанның әлі біз білмейтін тылсым тарихы тұңғиығына тарта береді. Жер шарын жүйелеп құрлыққа бөлген араб географтары Түркістанды «Жетінші ықылым», яғни жетінші материк деп атағанын зерттеушілер біле бермейді. «Әуелі Мекке, содан соң Түркістан» дейтін араб тәмсілі бар. Араб елдерінің біріне қызмет бабымен барған ғалым мұның маған осы тілдегі айтылуын есіме салған еді. Өкініштісі, арабтардың өзі Меккемен қатар қойған Түркістанды әсіре діншілдердің «олай айтуға болмайды» дейтіні бар.

Атасы Меккеге екі рет барған қажы, әке-шешесі атеистік заманда Құдайға құлшылықтарын тоқтатпаған, өзі бала кезінде мешітте молдадан білім алып, дүние салғанша «Жүректе бір Алла» деп жүрген Димекең Түркістанды жанындай жақсы көрді. Өйткені, әкесі Меңліахмет қария бала кезінен оның бойына Екінші Меккенің қасиетін қалай сіңіргені естелігінде айтылады. Ал, қызметте жүргенде Түркістан туралы, ондағы Әзірет Сұлтанның кесенесі жайында айтудан жалықпаған. Ұлы ғұлама софының қасиеті жөнінде көп айтып, оның жырлары жөнінде тебіренетін еді.

Бала кезінен Түркістан, ондағы әулие, машайықтар мен Яссауидің жолын қуушы мүриттері жөнінде біліп өскен Димаштың діни білімі терең еді. Мұны Димекеңнің пойызға кетіп бара жатқанда сол кездегі КСРО «патшасы» Н.Хрущевқа Қожа Ахмет қасиеті жөнінде айтатын әңгімесінен білеміз.

«Димекең Түркістанға алғаш қашан келді?» деген сауал тұрады. Отызыншы жылдары ол кезде студент жігіт Димаш Мәскеуге бара жатқанда және ол жақтан келе жатқанда жол-жөнекей Түркістан қаласын көреді. Күншілік жерден көрінетін Әзірет Сұлтан кесенесі оны ерекше әсерге бөлейді. Іштей тәу етіп, оқыған және әкесінен естігендері бойынша жол жүріп бара жатқанда Алладан медет сұрағаны күмән келтірмейді.

Соғыс жылдарында жол қатынастарына жауапты сол кездегі «Совмин» төрағасының орынбасары Димекең Алматы-Түркістан-Қазалы арасында өте көп жүрген.

Жолай Түркістанға аялдап, бірер күн мұнда болып, тиісті адамдармен, мамандармен әңгімелесу оның жұмысы болатын. Оның үстіне Түркістан темір жол вокзалы Патша заманында салынған ерекше сәулет құрылысы әрі жол қатынасындағы жол жағдайы жөнінде мәлімет беруші бекет болғандықтан басшының мұнда болуы заңды нәрсе еді.

Құдайсыздар қоғамын құрған атеистік Кеңес үкіметі соғыс жылдарындағы қырғын кезінде жабылып қалған мешіт, шіркеулерді ашып, дінді жауды жеңу үшін құрал ретінде пайдаланды. Молда, ишан, софы пірәдарлар бұл ғаузат соғысы деп елден жылу жинады.

Түркістанда соғыс кезінде діни ғұрыптардың қайта жаңғырып, мол садақа ақша жиналып, тылдың күшейіп, майданмен жақсы байланысқаны Димекеңді қуандырған.

Түркістанға бір аялдағанда Димекең кесенені, орта ғасырлық шығыс моншасын көріп, молдекеңдерге сәлем беріп кетеді. Өйткені, діннің қайта жаңғырғаны белгілі. Димекең жолай Түркістанға тоқтағанда талай діни аңыз-әңгімелерді естіді ғой.

Кейін Үкімет төрағасы болған кезде Арыстанбаб жатқан Отырар мен Түркістанның ортасында Димекеңмен Құдай сақтаған бір оқыс оқиға болады. Жүріп келе жатқан вагоннан өрт шығып, пойыз тоқтап, Димекең серіктерімен сыртқа шыққанда жолаушылар вагоны түк қалмай өртеніп кетеді. Өрт кезінде стоп-кранды басқан Димекеңнің оққағары П.Кравчук мұны маған бір кездескенде өзі айтты. Өміріндегі ажалды елестеткен бұл оқиғаны Димекеңнің өзі де естелігінде жазады.

Димекең іссапарымен және іштей тәу етуді есіне сақтап Түркістанға жиі келген. Әулие кемеңгердің қасиетті құдыққа күміс теңге тастайтын салты соңында аңызға айналып кетті. Ал, ретін тауып, кесененің молда шырақшыларымен сәлемдесіп, әңгімелесетіні айтылмады. Бір келгенде өзбек қаримен жүздесіп, жөн сұрасып, дін рәуішті әңгіме жалғасады.

Ақылман Димекең алдымен Арыстанбабқа барудың жолын табады. Алматыдан арнайы Түркістанға іссапармен шығып, жолда Отырар маңындағы Арыстанбабқа іштей тәу етіп, соңында Әзірет Сұлтан кесенесі тұрған қалаға ат басын тірейтін кездері болған. Қазақ темір жолында жолсеріктер басқармасының бастығы болған марқұм Қазыбек Тарпанов Димекеңнің қасиетті қалаға ұшақ емес, кейде пойызбен баратынын маған талай айтқан. Мақсат айтпаса да түсінікті.

Бірде Димекең Алматыдан тікелей Түркістанға ұшып келеді. Жиналысты облыс орталығы Шымкентте емес, Түркістанда өткізіп, соңында нөкерлерімен Әзірет Сұлтан кесенесіне келіп, қанға сіңген әдет-дағдысы бойынша тәу етеді. Екінші Меккеде мінәжатын осылай жалғастырған тұлғаны қалай әулие кемеңгер демейсіз. Бұл шамамен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болатын. Кесене ерекше қамқорлыққа алынып, Үкімет тарапынан жөндеу жұмыстары басталған кез еді.

Димекең Түркістанға келгенде қаланың өндіріс орындары жөнінде біліп, аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығы жайында мәлімет алып, күрделі мәселелерді шешудің жолдарын көрсетіп кететін. Қалада бірнеше завод, құрылыс трестері болды. Түркістан индустриалды техникумы, медколледж, педколледж бен көптеген мектепте жастар жақсы білім алды.

Қала экономикалық жағынан да, рухани-мәдени өмірінде де даму үстінде болды. Ауданның кейбір ауылдық жерлерінде үлкен кісілер Рамазан айында ораза ұстады. Бұрынғы «Коммунизм» колхозының Шөйтөбе елді мекенінде қариялардың ораза ұстанғаны Алматыдан қонаққа келгендерді қайран қалдырған.

Атақты механизатор мақташы, Еңбек Ері Майшай Әбенова осы Шөйтөбе өңіріндегі мақталықта еңбек етті. Бір келген сапарында Майшай апа Димекеңмен кездесіп, әңгімелеседі. Яссы ауылында Еңбек Ері атында мектеп бар. Ибадолла Исатаев атты КазГУ-дің түлегі осы білім ордасында ұзақ жыл директор болды.

Әзірет Сұлтан кесенесіне кіріп, аруаққа зиярат етіп, сыртқа шығып келе жатқан Димекең және оның жанындағы Өзбекәлі Жәнібеков

ДІЛ РУХЫ

Түркістанға Димекең сырттай қызмет бабымен келгендей көрініп, ал оның ішкі ой-санасында Құдайға деген құлшылықтың жатқанын дана халық білетін. Әзірет Сұлтан кесенесіне кірерде іштей тәу етіп, тыныштық сақтап, Жаратқанға жалынатынын ел сезетін. Іштей Құран аяттарын оқыған да болар.

Кесене ішіндегі құдықхана да, намазхана да, хандар мен билердің құлпытастары да тұрған жерде Димекең терең ойға кетіп, шығарда тағы ой құшағында, тылсым әлем жетегінде болатын. Аппақ киінген Димекеңнің Өзбекәлі Жәнібековпен кесенеден шығып келе жатқан ой үстіндегі суретін көрген адам мұны айтпаса да сезеді. Димекеңнің жасы ұлғайғанда қатты ойға батып кететінін талай адамнан естідім. Бір үлкен жиналыста оған өзім де куә болдым. Киелі кесене ішіндегі ойдың ар жағында халқым аман болса екен деген Тәңір тілек жатыр. Бірде жұмыстан келіп, теледидарды қосып едім (1992), кесене алдында ой жетегінде сөйлеп тұрған кемеңгерді көрдім. Тілші сауалдарына байланысты ой жоспарын айтып тұрды.

Түркістан әлемге атақты тайқазанымен де белгілі. Димекең КСРО-дағы ең жоғарғы билік лауазымы Саяси бюро мүшесі болып, екі рет Еңбек Ері атанған соң, Ленинградтағы тайқазанды Қазақстанға қайтару жөнінде мәселе қозғайды. Брежнев «Дүние салсам, орныма Ленинград обкомының бірінші хатшысы Г.Романов болады» деп сенім білдірген осы адамға Димекең қазанды қайтару жөнінде есіне салады. Обалы нешік, ол қарсы болмайды. Өйткені, Димекең Брежневтің жан досы болғандықтан келіседі. Өкініштісі, Горбачевтың зымиян тобы Романовты биліктен шеттеді. Сөйтіп, тайқазан тағдыры шешілмейді. Соңында тайқазанды елге әкелу мәселесін батыл қозғаған Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында кие зат елге оралды. Димекең бір кезде ойлаған нәрсесінің орындалғанына қатты қуанды. Түркістанға келген сапарында тайқазанды көріп, ырым-салтын жасады. Тайқазан елге оралғанда Димекең үй қамақта еді.

ХАЛИФА АЛТАЙДЫҢ АЙТҚАНЫ

Димекеңнің көзін жоюды көксеген Горбачев тақтан тайып, Қазақстан Тәуелсіздігін алып, әлемге таныла бастады. Тарихшылар айтпайтын бір шындық бар, Димекеңнің аты әлемге мәшһүр болған Желтоқсан дүрбелеңінде алаңға шыққан жастардың ерлігімен қатар, Қонаевтың қызметтен кетуі де әлемдік ақпарат құралдарында сағат сайын берілді. «Америка дауысы», «Азат Еуропа», «Би-Би-Си» орыс, ағылшын, түркі тілдерінде Қонаевтың атын атап, оған жасалған қиянатты жаһанға жариялауды тоқтатпады. Димекеңнің өзінен тікелей сұхбат алмақшы болған «Америка дауысы» тілшісін Мәскеу Алматыға жібермеді. Әлемдік ақпарат кеңістігінде қазіргі әнші Димаш қандай даңқты болса, сол кездің саясат хабар-ошарында Қонаев есімі сондай әйгілі болды. Бірде әлем жаңалықтарын айтатын қолрадиодан Қонаевтың атын тәулік бойы қайталаған хабарды естіп, қайран қалып едім. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бір ұлы империяның құлауына себепкер болып, бостандық алған халықтардың есінде мәңгі сақталатын Қонаевтың теңдесі жоқ тұлға екенін айтқым келеді.

Өзі діндар, ғұлама ғалым, Құранды аударған Халифа Алтай Димекең даңқын шетелде жүрген кезінде естиді. Елге оралған соң үйіне келіп, сәлем беріп, діннің қайта оралуына байланысты әңгімелесуді жөн көреді. Жарты күнге созылған әңгіме барысында ғұлама кемеңгер тек басшы ғана емес, дін тарихын, Пайғамбарлар өнеге-өсиетін, діни парыздар мен ғұрыптарды терең білетін нағыз кемел кісі екеніне оның көзі жетеді.

Мен бұл дін ғұламасынан 1997 жылы сұхбат алдым. Жарықтық сол кезде «Діни жат ағымдарға тыйым салмаса, түбі жаман болады», – деп еді. Айтқаны айдай келді. Мәңгүрт діншілдердің лаңынан соңында кісі өлімі болып, Құдай жолында өлсек арман жоқ деп ойлайтындар пайда болды. Халифа ғұлама дін әлеміне жетік, ислам құндылықтарын терең білгендіктен, Димекеңнің бойынан Құдай дарытқан қасиеттерді таниды. Әлімсақтан мұсылман Димекең жөнінде естелігінде айтады.

МЕҢЛІАХМЕТТІҢ МЕККЕГЕ БАРУЫ

«Димекең және дін» деген тақырыпта көп ізденіп жаздым. Құдай өзі алдымнан шығарған деректер мен тылсым оқиғаларды еске алсам, бұған біреулердің сенбеуі әбден мүмкін. Солардың бірі – Димекеңнің әкесі діндар әрі саудамен айналысқан Меңліахмет қарияның атеистік заманда Меккеге құпия жолмен барып, қажылық парызын өтегені жөнінде жұмбақ дерек.

Бұдан алты-жеті жыл бұрын шатасып, өзім танымайтын біреудің телефонына түстім. Кешірім өтініп, жөн сұрасуға тура келді. Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа құда екен. Аты-жөні жаңылмасам, Әбен Мұхасов. Дүйсекең туралы айта келіп, інісінің Кеңдала деген жерде (Талғар) мешіт салдырып, оған Дүйсетай Бекежановтың аты берілгенін айтты. Мен «өзі коммунист, атеистке қалай мешіт аты қойылған» деп таңданып қалдым. Әбекең «Дүйсетай Қонаевтың әкесі Меңліахметті жан адамға білдірмей құпия жолмен қажылыққа апарып, өзі де қажы болып келген. Міне, сондықтан мешітке аты берілді», – деді. Димекеңнің әкесіне қатысты үш ұйықтаса адамның түсіне кірмейтін дерек екен. «Мешітті көріп, мешітті салған ініңізбен әңгімелесейін», – дедім. «Інім, Дүйсетайдың күйеубаласы қазір Мәскеуде, кәсіпкер», – деді. Сөйтіп, бұл оқиғаның таза шындығына көзім жетпегендіктен, ертегі сияқты деректі жазбадым.

«Естімеген елде көп, естіген құлақта жазық жоқ» деп атам қазақ айтады ғой. Өзім бейтаныс біреуден естіп, көпке жариялауды жөн көрмеген құпия қажылық оқиғасын енді жазып отырмын. Өйткені, Түркістаннан ұлы Меккеге Түркия арқылы әуе жолының ашылуы жөніндегі жаңалық осы таңғажайып жұмбақ дерек жөнінде енді ашық айтуға түрткі болды. Айтпақшы, бұдан оншақты жыл бұрын «Түркістан-Мекке әуе жолы ашылуы керек» деп баспасөзде мәселе көтергенім бар.

Димекең әкесінің құпия қажылыққа баруының шындыққа жанасатын тұстары бар. Ташкенттегі Орта Азия мұсылмандары басқармасы жылына үш-төрт адамға қажылыққа баруға шешім шығаратын. Солардың бірі Рәтбек қажы 1984 жылы қажылыққа барды. Мәскеуде мұсылман мешіті болды. Араб елдерімен дипломатиялық байланыс діні мұсылман Димекең арқылы жүргені белгілі.

Міне, сондықтан саясаттағы көзге көрінетінді, көрінбейтінді білетін, ойындағысын оңай жүзеге асыратын, құпия жолмен іс тындыратын Димекең ерекше бір дипломатиялық әдіспен әкесін қажылыққа апарудың тәсілін тапса керек. Бұл Димекеңнің Политбюроға кандидат болып, КСРО-ның ең жоғарғы билік сатысына көтеріліп, Араб елдері басшыларымен жиі жолығатын, құпия құжаттарға қол қоятын алпысыншы жылдардың ортасын елестеді.

* * *

Дана Димекең «Панаң да – ел, данаң да – ел» деп тәмсіл қағида қалдырды. Мамандығым журналист болғандықтан, ел ішінде көп жүремін, жақсы адамдармен кездесіп, әңгімелесемін. Неге екенін білмеймін, Құдай тағала Қонаевпен кездесіп, жүздесіп, сырласып, сыр бөліскен жандарды жолықтырады. Олардың ішінде ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, тіпті әскери адамдар да бар. Бірде мәслихатта депутат, генерал Абай Тасболатовпен ойламаған жерден Димекең жайында ой бөліскенім бар. Ол қазақтың ежелден келе жатқан ата-салттарын Димекеңнің қатты сақтағанына қайран қала айтты. Сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы Саттар Имашев дүние салғанда үйіне дауыс айтып келіп, соңында қаралы шаңырақта қайғыға ортақтасқанын көргенде Абай қайран қалады.

Димекең қазақтың діни ғұрпын өмірбойы сақтаған мұсылман еді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Алтынемелдегі Шоқан Уәлихановтың көне бейітінің басына ескерткіш орнатылғанда аруаққа Құран бағыштады.

1992 жылы Ташкентке келгенде Рашидовтің жесіріне көңіл айтып, өзі жеке Құран қайырады.

ҚОНАЕВҚА АРНАЛҒАН ҚҰРАН

Димекең бойындағы діндарлық, имандылық, тазалық, адалдық ата-бабаларынан жалғасқан. Ұлы атасы Қонай, оның әкесі Азынабай Арқадағы атақты Құнанбай қажымен аралас-құралас болғаны Шона Смақанұлының кітабында айтылады. Азынабай ағайындарымен араздасып, үдере көшіп, Балқашты айналып, Тобықты елінен бір-ақ шығады. Кейін ежелгі атамекендері Жетісуға қайта оралады. Көш кезінде далада бесін намазын оқып отырған Қонайды қарақшылар қапыда өлтіріп кетеді. Қонайдың Құнанбай қажы еліндегі тарихын жақсы білетін Димекең тобықтылармен туыстық байланысын үзген жоқ. Өйткені, Қонайдың алғашқы әйелі тобықты Мамай батырдың ілік жақындары болатын.

Димекең түп нағашылары – Абай елімен жақсы қарым-қатынаста болды. Шәкәрім қажының ұлы Ахат жұмыссыз қалғанда оған көмектесті. Бір келгенде ішінде Ахат бар бір топ адаммен суретке түсті. Бұл тарихи сурет белгілі басылымда жарияланды. Димекеңнің туа біткен діндарлығын атақты қажы баласымен түскен сурет дәлелдеп тұр.

Қонаевтың Құдай жолымен жаңылыспай жүрген мұсылмангершілігі тәнті етеді. Алла тағалаға ғибадат арқылы қалай жақындауды Димекең үйретіп кетті. Өкініштісі, біздің діндарлар мұны білмейді. Димекең Лұқпан хакім сияқты дін мен ғылымды қатар алып жүрген ғұлама, кемелденген тұлға еді.

Техника ғылымдарының докторы Қонаевтың өзіне тән Құран оқу қирағаты, дауыс-әуен сарыны болғанын кезінде Дін істері басқармасында істеген, араб тілін оқыған белгілі ғалым Бақтияр Сманов аузынан тастамай айтады.

ДӘУЛЕТ ҚАЖЫ ЖӘНЕ ДИМЕКЕҢ

Тәуелсіздік алғаннан кейін Димекең қажылыққа дайындалды. Алдымен діні бір, ділі бір, тілі ұқсас Түркияға барып қасиетті жерлерді аралады. Әлемге әйгілі ғибадатханалар мен мешіттерде құлшылық жасады. Қожа Ахметтің тариқат, софылық жолын қуушы Мәулена әулиенің кесенесіне келіп, дұға оқыды. Тағы да басқа діни орындарда болды. Елге оралғанда «Түркияда қасиетті орындарды аралап, әулие-әмбиелердің жатқан жерін көріп, мешітте ғұламалармен кездесіп, кіші қажылықта болғандай әсерде болдым», – дейді Димекең қарияларға.

Бұл 1992 жылы болатын. Келесі жылы шын қажылыққа барғалы жүргенде ойламаған жерден дүние салды.

Рәтбек қажы Нысанбайұлымен бір кездескенде Димекең: «Заман солай болды. Намаз оқып, ораза ұстай алмадық. Бірақ, жүректе бір Алла деп жүрдім», – деген екен. Сондықтан Димекеңді әулие деп айтпауға шара жоқ. Оның шын әулие болғанын Димекеңмен үйінде ұзақ әңгімелескен Дәулет қажы айтады.

Шымкентте Қонаев даңғылы, мешіті және қоры бар. Дәулет қажы, Асанбай Әлсейіт нағыз Димекеңнің насихатшылары. Қонаевқа қатысты діни еске алу және рухани шараларды осы екі азамат жыл сайын өткізеді.

Ерекше айтатын бір нәрсе бар, Дәулет қажы Құранның қазақша сегізінші аударма кітабын Қонаевтың рухына арнады. Бұл түркі, ислам әлеміндегі рухани жаңалық болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кеңестік атеистік қоғамда «Түркістан жеке облыс болуға тиіс рухани орталыққа әбден лайық» деп Тәңірден тілеген Димекеңнің ой-арманы енді орындалды. Түркістан облыс орталығы болды. «Түркі әлемінің қазір бірінші Меккесі» десе жарасады. Енді Димекеңнің рухын асқақтату үшін іс-шаралар қолға алынуға тиіс. Бұл билік басындағыларды ойландыруы керек. Өйткені, Қонаев пен Түркістан егіз ұғым.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, қонаевтанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here