Демалыс күнгі жұмыс сапары

0
424

Сенбі, жексенбі күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев демалған жоқ. Атап айтқанда, 21 тамыз күні Мемлекет басшысы Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ертеңіне, 22 тамызда Алматы облысына аттанды. Жетісу жерінде Қазақстан Президенті әрі Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы алдымен «Қайсар-2021» оқу-жаттығуына барды, кейін «Dolce», «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия», «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорындарына бас сұқты.

ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН АУҒАНСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ӨҢІРЛІК ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Жұмыс сапарымен Мәскеуге барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Күн тәртібінде Ауғанстандағы жағдайға қатысты өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық және интеграциялық байланыстар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы барлық бағыттағы өзара ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

«Қазақстан мен Ресей – одақтас елдер. Біз үнемі халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, қауіпсіздікті, әсіресе екіжақты ынтымақтастықты үнемі пысықтап отырамыз. Елдеріміз арасындағы қатынастарымыз стратегиялық әріптестік бағытында дамып отырғаны қуантады», – деді Мемлекет басшысы. 

Ресей Президенті Владимир Путин өз кезегінде жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне ерекше мән берді.

«Әрине, қазіргі таңда ең өзекті мәселе – қауіпсіздік. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдай ушығып барады. Дүйсенбі күні Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында бейнеконференция режимінде жиналып, пікір алмасамыз деп үміттенемін. Одан кейін қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында жоспарлы жұмысымызды жүргізе береміз», – деді Владимир Путин.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындап отырған сын-тегеуріндерге байланысты екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың маңызды екенін атап өтті.

«Шын мәнінде, біз қауіпсіздік мәселесіне қатысты саясатымызды үнемі кеңесіп жүргіземіз. Бұл мәселе, әсіресе, Ауғанстандағы жағдайға келгенде аса өзекті. Алдағы іс-қимылдарымызды жүйелеу үшін Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгім келеді», – деді Қазақстан Президенті.  

ПРЕЗИДЕНТ «ҚАЙСАР-2021» ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫНДА ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҢ ІРГЕЛІ КӘСІПОРЫНДАРЫНДА БОЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуден кейін Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларында болып, арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығын көрді, жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады.

Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилер алдында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдарында қызмет ету физикалық және психологиялық қысымға ұшыратады, тіпті, кейде жеке өміріне де қауіпті екеніне тоқталды.

«Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жедел-тактикалық жаттығуларға баға бере келе, Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы осы жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын, халықаралық озық тәжірибені мұқият зерделеп, отандық мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіру қажет екеніне тоқталды.

«Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек», – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барып, кәсіпорынның мүмкіндіктерімен танысты. Компания басшылығының мәліметінше, 4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған. Қазіргі уақытта кәсіпорын 500 миллион қаптама шығарса, соның 70 пайызы экспортталады. Мекеме 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары.

Президент Алматы облысына сапары барысында Іле ауданындағы «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағармай шығаратын зауытында болды. Мемлекет басшысына жұмыс барысы мен шығарылатын өнімдер көрсетілді, кәсіпорынның қазіргі жұмысы мен технологиялық тұрғыдан жаңғырту жоспары туралы ақпарат берілді.  Зауытты аралап көрген Президент компанияның жұмыстарына оң баға беріп, табысты дами берулеріне тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Dolce» кәсіпорнына да барды. Компания басшылығы «Dolce» кәсіпорнының ел нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. 372 адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын 160-тан астам өнім шығарады. Олардың арасында қазіргі уақытта аса қажет медициналық қолғаптар, үш және төрт қабатты бетперделер, халаттар, дәрі-дәрмектер бар. Компанияның жылдық қаржы айналы – 8,4 млрд теңге.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here