Әр азамат өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс

0
1368

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қиын жағдайда халықты тығырықтан алып шығу үшін оң шешімдер қабылдады. Қазақстандықтардың жылдар бойы қордаланып қалған өзекті мәселелеріне мән беріп, жаңа саяси-әлеуметтік өзгерістерге жол салды.

Қазақстан Президенті күні кеше ғана Мәжіліс отырысына қатысып, елдің әл-ауқатын көтеруге қатысты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Президент соңғы күндері елімізде орын алған халықаралық лаңкестік оқиғаларды саралай келе, жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанның жаңа бағытта даму керектігін атап өтті.

Мемлекет басшысының қоғамды сауықтырудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап беріп, жаңа сайланған Үкімет басшысына нақты тапсырмалар берді. Ел экономикасын өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылым саласын дамыту, тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады.

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың болашақтың кілті мектептен бастау алатынына тоқтала отырып, жаңа заман талабына сай техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Кешегі Қазақстанда орын алған дүрбелеңнен кейін еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауда жаңа қадамдар мен жаңа көзқарас қажет екені аңғарылды. Бұл орайда барша қазақстандықтар Президентіміз Қ.Тоқаевтың маңына топтаса және оны қолдай отырып, бұл қиыншылықты еңсеріп шығатынымызға сеніміміз мол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары Мемлекет басшысының еліміздің кемел келешегі үшін бағытталған әр бастамасын қолдайды.

Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмасын. Ал осы құндылықтарды сақтап қалу үшін әрбір Қазақстан азаматы өз білімімен, адал еңбегімен ел дамуына елеулі үлес қосуы тиіс.

Алмасбек МӘУЛЕНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жамбыл ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here