Ақтөбеде оқу орындарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында ашық сабақтар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын және Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы еңбегін жеткізу.
Қаланың М. Құрманғалиева атындағы №32 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Тәуелсіздіктің жетістігі»тақырыбында ашық сабақ өтті. Жобаның ерекшелігі – ашық сабақтарға тек оқушылар мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің қалыптасуы мен аймақтың дамуына үлес қосқан еліміздің азаматтары да қонақ ретінде шақырылады.
Іс-шараға облыстың Құрметті азаматы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов қатысты.
Ашық сабақ барысында қатысушылар 30 жылдық кезең ішінде өңірді дамыту контекстіндегі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жетістіктері туралы, сондай-ақ Қазақстан мемлекетінің тарихы, елдің тәуелсіздік жағдайындағы даму стратегиясы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы сіңірген еңбектері туралы айтып берді.