Egistic игілігі: Цифрландыру ауыл шаруашылығындағы шығындарды қалай азайтпақ?

0
1708

Жер – бұл шектеулі ресурс. Оның өнімділігі қаншалықты тиімді пайдаланғаныңа байланысты болса керек. Мысалы, ауыл шаруашылығында цифрлық технология игілігін көріп отырған АҚШ-та жүгерінің әр гектарынан алынатын өнім шамамен 73 центнерді құраса, жаңа технологияны аз қолданатын Үндістанда бұл көрсеткіш 25 центнерден аспайды. Демек, өнімділік климатқа ғана емес, технологияға да тікелей байланысты. Бұл мәселе біздің елімізде де өткір күйінде қалып отыр. Статистикаға сүйенсек, отандық диқандардың тек 10 пайызы ғана өз жұмыстарында сандық технологияларды қолданады. Ал, еуропалық диқандардың 70 пайыздан астамы ақпараттық технологияларды белсенді пайдаланады екен. Заманауи технологияға салғырт қарағанның салдарынан еліміз жыл сайын астықтың 25 пайызын жоғалтады.

Egistic компаниясының негізін қалағандардың бірі – Жандос Керімқұлов

ЕГІН АЛҚАПТАРЫН СПУТНИКТЕР ҚАРАУЫЛДАЙДЫ

Дәлдік – ауыл шаруашылығындағы маңызды фактор. Егіннің мөлшеріне қашан және қайда ықпал ету керектігін түсіну диқандарға шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл жұмыстар байырғыдай атқарылмайды. Диқандар егістік алқабында дәстүрлі қағидаттармен жұмыс істемейді. Сөйтіп, мәселенің барлығы ұзақ мерзімді даму жоспарын құратын ақылды егіншіліктің көмегімен шешілетін болады.

Жоғары өнімділік – алынған өнімнің сапасымен, еңбек өнімділігінің деңгейімен және топырақ құнарының сақталуымен өлшенетін ауыл шаруашылығындағы табыстың басты көрсеткіштерінің бірі. Сондай-ақ, егінді өсіріп, жинап қана қоймай, оны аз шығынмен сақтау да маңызды.

Иә, егінді еккеннен бастап сатуға дейінгі аралықта өнімнің бір бөлігі жоғалады. Бұл әртүрлі себептерге байланысты орын алады. Бірақ, ең басты себебі – ауыл шаруашылығындағы процестердің тиімсіз басқарылуы.

Жасалған түрлі зерттеулердің нәтижесінде, жұмыс барысына ақпараттық технологияларды енгізген диқандардың өздерінің тиімділігі мен табысын 20%-ға арттыра алғаны белгілі болды. Бұл туралы Egistic компаниясы негізін қалағандардың бірі Жандос Керімқұлов ElDala.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында айтыпты.

 Елімізде өсімдік шаруашылығын Egistic жүйесі арқылы басқару 2018 жылдан бастап іске қосылды. Аталмыш жүйе диқандарға өз шаруашылықтарын басқаруды оңтайландыруға септігін тигізеді. Жүйе қашықтан зондтау технологияларын, жоғары дәлдіктегі спутниктік навигацияны, географиялық ақпараттық жүйелер мен машиналық оқыту технологияларын қолдана отырып, өңделген аумақтарды бақылау мен басқарудың кешенді шешімін енгізуге негізделген.

«Біздің компания диқандарға арналған бағдарламалық жасақтаманы әзірлеумен айналысады. Осылайша, олар біздің бағдарламамыздың көмегімен ғарыштық түсірілімдерді пайдалана алады. Бұл оларға ауыл шаруашылық жұмыстарын неғұрлым дәл әрі тиімді құруға мүмкіндік береді. Еуропалық ғарыш агенттігінің спутниктері әр 3-5 күн сайын суреттерді жаңартады. Сосын ол суреттер біздің бағдарламада жаңартылып, өңделеді. Egistic-ті қолданатын әр диқан өз учаскесінің кадастрлық нөмірін енгізе алады және ол картада көрсетіледі. Нәтижесінде, диқан вегетация, азот, жапырақтардағы ылғалдылық деңгейлерін бақылай алады. Өз учаскесінің тарихын, оның қалай дамығанын, қай учаскелердің қандай күйде екенін және егіс алқабындағы арамшөп басу деңгейін көре алады», – деп түсіндіреді Жандос Керімқұлов.

Алайда, жаңа дүниенің игілігін барлық диқандар көріп отыр деуге әлі ерте. Бүгінде диқандардың басым бөлігі сол күйінше ескі жүйемен жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар көбінесе егіс алқабының жай-күйіне өзінің ішкі түйсігіне сүйене отырып, топырақ пен егістіктердің жағдайын көзбен көре отырып баға береді. Көпшілігі егіс алқаптарын спутниктен түсірілген суреттермен не үшін бақылау керектігін түсіне де бермейді.

«Бұл ыңғайлы. Себебі, біріншіден, спутник субъективті ақпарат емес, дәлірек ақпарат береді. Екіншіден, диқандар бұрын алтын уақытын сарп ететін көптеген процедуралар жасауға мәжбүр болатын. Мысалы, айналма жолдар арқылы егістікті шолып шығатын. Енді бұл процесс бір минут ішінде жүзеге асады. Суреттерге қарап-ақ егіс алқабында не болып жатқанын білуге болады. Сондай-ақ, спутниктер арқылы адам көзіне көрінбейтін нәрселерді де бірден байқайды. Мысалы, егіс алқабының дәл ортасында қандай да бір арамшөп немесе ауру пайда болды делік. Ал, егіс алқабын айнала қарап шыққанда, ортасында не болып жатқанын көру мүмкін емес. Мұны спутниктен байқау өте оңай», – деп жаңа жүйенің артықшылығына тоқталды Жандос Керімқұлов.

Бағдарламаны қолдана отырып, сіз егіс алқаптарының ауданын дәл анықтай аласыз. Тыңайтқыштарды, тұқымдарды, жоспарланған дақылдарды қолдану барысында дәлірек есептеулер жасайсыз.

Egistic шаруашылықтарды бақылау үшін GPS бақылау жүйесімен біріктірілген. Оның көмегімен сіз телематиканы басқара аласыз. Яғни, нақты уақыт режимінде техниканың өткен жолын, жанармай деңгейін, жұмыс уақытын, көліктің орташа және максималды жылдамдығын білесіз.

 Көптеген диқандар әлі күнге дейін мұндай технологияларды пайдалану қымбатқа түседі және ол тек ірі шаруа қожалықтары мен агрохолдингтерге ғана қолжетімді деп ойлайды. Шынымен де, бұлай санауға негіз бар. Осыған дейін қазақстандық нарыққа осыған ұқсас шетелдік сервистер ұсынылған. Олардың бағасы айтарлықтай қымбат болды және оны қолдану күрделі еді. Ал, отандық Egistic бағдарламалық жасақтаманың бағасын қолжетімді етіп, пайдалануда ыңғайлы ету бағытын таңдады. Аталмыш отандық жүйе кез келген диқанға өз жұмыстарында спутниктік суреттерді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Біздің өнімді пайдаланудың қаржылық моделі әлдеқайда тартымды. Қызмет көрсету құнымыз бір гектарға небәрі 90 теңгеден, ал басқа компаниялар бір гектарға 600 теңге сұрайды. Қазақстан жерінің кең болуы, осындай тартымды бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Біз көлемді түрде аламыз. Оған қоса біз қаржыландыруға қол жеткіздік. Компанияны дамытуға атсалысатын стратегиялық серіктестеріміз бар. Сондай-ақ, біз диқандармен, агрокомпаниялармен тікелей жұмыс істейміз. Тоқ етерін айтқанда, біздің компания тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарланған. Біз ақпараттарды диқандардың өздерінен аламыз. Олар біздің әзірлеушілерді өздері тексереді. Яғни, бір жағынан біздің өнімді диқандардың өздері жасайды», – дейді Жандос Керімқұлов.

Egistic командасы

EGISTIC ЕГІНДІ САҚТАУҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

Биылғы құрғақшылық диқандарға көптеген қолайсыздықтар тудырды. Олардың арасында қосымша суару міндеті де, өсірілген дақылдарды сақтау мәселесі де бар. Egistic жүйесі биылғы жылы көптеген шаруаларға өз өнімділіктерін сақтауға және арттыруға көмектесті. Бүгінгі таңда Egistic жүйесіне мыңнан астам аграрлық мамандар тіркелген.

«Он мың гектарға дейінгі аудандарды жедел бақылау үшін адам ресурстары жеткіліксіз. Egistic пайда бола сала олар оған назар аударды. Биылғы жылы келісімге қол қойылып, өз егістіктерін жасыл масса бойынша бақылауды бастады. Бізге спутниктен түсірілген фотосуреттер ұсынылды. Ауытқулар болған аймақты бөліп көрсетті. Жалпы суреттен өзгеше нәрсе байқағанда, біз бірден сол жерге барып қарадық. Әзірге жүйені осы бағытта қолданамыз. Дегенмен, функционалдығы өте үлкен. Жалпы, мұны «Агрономның электронды дәптері» деп атар едім. Оны бухгалтерлік бағдарламамен біріктіріп, қызметкерлердің жалақысын есептеуге болады. Біз Egistic-пен жұмыс бастадық. Сонымен қатар, оның тиімділігін көреміз. Жүйе қандай да бір қиындықтар тудырмайды. Себебі, қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығы бар және интернет істен шықпайды. Бұл мәселе ауылдық жерлерде жиі кездеседі. Бірақ, сіз онда автономды жұмыс істей аласыз. Сондай-ақ, бұл қазақстандық әзірлеме және бағасы да қолжетімді. Біз әртүрлі бағдарламаларды қарастырдық. Ал, қаржылық жағынан ең тиімдісі осы болды. Қазір біздің алдымызда өз техникамызға GPS-бақылау жүйесін орнату міндеті тұр. Біз оны бірден Egistic-пен біріктіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Ақмола облысындағы «Halyk Grain» ЖШС басшысы Нұрлыбек Сейітжапаров.

Egistic жүйесінің қабілеті ғарыштан түсірілген суреттермен талдау жасаумен шектелмейді. Платформа модульдерінің бірі – телематика. Осы функцияның арқасында диқандар техниканың қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Сіз топырақ өңдеу мен егін жинау кезінде орын алатын барлық ағаттықтарды бірден байқай аласыз. Егер техникада арнайы датчик орнатылған болса, жанармай деңгейі мен шығынын байқап, жанармай құюда орын алатын ысырапшылдық пен ұрлықтың алдын аласыз.

Технологиялық карталарды құру функциясы диқандар үшін үлкен жетістік. Ол аграрлық іс-шараларды жыл бойына жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл технологиялық процестерді ұстап тұруға көмектеседі. Өйткені, бағдарлама қажетті тыңайтқыштардың мөлшерін көрсетеді. Сонымен қатар, әр жер учаскесі үшін жеке-жеке есептеледі. Фермер кез келген уақытта өз алқабының тарихын, оның қалай дамығанын, дақылдардың қандай күйде екенін және арамшөп басқан жерлерін көре алады.

«Бұл жүйені көптен бері сынап келеміз. Бізде технологиялық карта бар. Сол арқылы егістігіміздің тарихын жылдар бойынша бақылай аламыз. Біз вегетация кезеңін бақылаймыз. Егістік алқабы қай фазада екенін, қай жерде қателіктер жіберілгенін анықтаймыз. Ол арқылы адам көзі байқай бермейтін нәрселерді байқауға болады. Біз әдетте егіс алқабының шетіндегі көшеттерді ғана байқаймыз. Ал, егіс алқабының ортасында не болып жатқаны туралы көптен бері біле алмай келдік. Иә, қазіргі кезде дронның көмегімен егіс алқабын бақылауға да болады. Кейбірі солай істеп те жүр. Егер егіс алқабының гектары аз болса, солай жасауға болады. Бірақ, егер егіс алқабының гектар саны көп болса, онда дронмен бақылау көп уақытты алады. Ал, бұл жүйенің көмегімен сен бүкіл егіс алқабының фотосуретін оп-оңай лезде ала аласың. Мысалы, бізде элита егетін алқап бар. Егістіктің шеткі бөліктеріне қарағанда дақылдар өте жақсы көтерілген сияқты. Бірақ, маған белгі берілген кезде барып алқапты қарадым. Сөйтсем аптапты ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан дақылдардың көтерілмегені белгілі болды. Сонымен қатар, бағдарлама арқылы ауа райын да көре аласыз. Бұл біз үшін өте маңызды. Ауа райы болжамдарын күн сайын бақылап отырғаным бірінші жыл емес. Мұнда болжамдар барынша дәлдікпен берілген. Қазір олар техниканы бақылау арқылы өз өнімдерін жетілдіруде. Жалпы, мен GPS-бақылауды 2011 жылдан бастап өз техникаларыма орнаттым. Енді біз барлығын Egistic-ке біріктіргіміз келеді», – деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысындағы «Полтавское» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Зикирин.

Платформа тек қазақстандық агрономдардың тарапынан ғана жоғары баға алған жоқ. Қазіргі таңда оң пікірлер мен жүйеге қосылуға арналған өтініштер жақын шетелдерден де келуде. Бүгінде Egistic жүйесі арқылы 1 млн гектардан астам егіс алқаптары тұрақты түрде бақыланады. Бұл еліміздегі барлық егістік алқаптарының шамамен 5 пайызын құрайды. Сондай-ақ, Ресей мен Өзбекстаннан да клиенттер бар. Осы маусымда жүйені пайдаланушылар саны екі есеге өсті. Қазір Egistic-ті 130-дан астам шаруа қожалықтары қолданады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар болашаққа қарқынды қадамдармен жақындап келеді. Олар фермерлерге шығындарды оңтайландыру, ауыл шаруашылығын басқаруды жеңілдету және өнімділікті арттыру бойынша айтарлықтай көмек ұсына алады. Өнімділікті арттыру табыс деңгейін еселеуге көмектеседі. Бұл тұрғыдан алғанда, бізде отандық Egistic сияқты өз жүйеміздің бар болғандығы қуантады. Шын мәнінде, бұл осындай деңгейдегі алғашқы қазақстандық әзірлеме. Бұған ұқсас жүйелер де бар. Бірақ, тек Egistic қана қатардағы стартаптан ауқымды бизнес деңгейіне көтеріле алды.

«Бейімділік, клиентке бағдарлану, пайдаланудың қарапайымдылығы және қолжетімділігі – бұл біздің жобамыздың философиясы. Біз ферманы басқаруды едәуір жеңілдетеміз, қарапайым фермерге егіншілікпен дәлдікпен айналысуға мүмкіндік береміз. Бүгінде Egistic жүйесін мыңнан астам клиент пайдаланады», – деп түйіндеді өз ойын Жандос Керімқұлов.

Ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды сән-салтанат үшін қолданбайды. Бұл бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың бірден бір жолы болып табылады. Өйткені, жоғары технологиялары дамыған қазіргі заманда өнімнің төрттен бір бөлігін жоғалту – ақылға қонымсыз дүние.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here