Еліміз жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін толық пайдалана ала ма?

0
4512
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы елімізде 37 күн, 22 жел станциялары жұмыс істеді. Бұл қатарға былтыр ашылған бірнеше жел, күн станциялары да қосылды...

Ауа сапасын өлшеу технологиясына мамандандырылған IQAir швейцариялық компаниясы күні кеше ауасы ең лас елдердің тізімін жариялады. Көк түтінге тұншыққан елдердің алғашқы ондығына Бангладеш, Чад, Пәкістан, Тәжіксан, Үндістан, Оман, Қырғызстан, Бахрейн, Ирак және Непал енді. Өзбекстан 12-орында тұр. Өкінішке қарай, бұл тізімде Қазақстан 23-орынға жайғасқан. Әрине, ауасы лас елдердің отыздығына ену мақтанарлық жағдай емес. Дегенмен, екі жыл бұрын еліміздің осы тізімде 20-орында тұрғанын ескерсек, аз уақытта жағдайдың беті бері қарағанын байқауға болады.

ҚАЗАҚСТАН ПАРИЖ КЕЛІСІМІ БОЙЫНША ҚАНДАЙ ШАРАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ?

Әрине, мұндай күрделі мәселе өздігінен және бір күнде шешілмейді. Мемлекеттік деңгейде ауқымды шараларды қолға алып, оны жүйелі түрде жүзеге асырғанда ғана халқы таза ауа жұтып отырған Финляндия, Норвегия, Швеция сияқты скандинавиялық елдерге жетпесек те, тым құрығанда шығыс еуропалық елдердің көрсеткішіне жақындай түсер едік.

Бір атап өтерлігі, бұл мәселені шешу жолында билік қол қусырып қарап отырған жоқ. Оның үстіне Қазақстан Париж келісімі аясында 2030 жылға қарай шығарындылар көлемін 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25 пайызға қысқарту туралы өзіне міндеттеме алған. Әлемдік қауымдастық алдында өзіне жүктелген міндетті орындау – абыройлы жұмыс. Біріншіден, Қазақстан жаһандық жылыну мәселесіне салғырт қарамайтын ел екенін дәлелдейді. Екіншіден, парниктік газдар шығарындыларын азайтып, баламалы энергия көздерін дамыту арқылы экологияны жақсартады. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына оң әсер етеді. Сондықтан билік осы жолдағы жұмысты біраз жыл бұрын бастап та кеткен болатын.

Айтайық. ҚР Парламентінің Сенаты 2016 жылы климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі халықаралық келісімді мақұлдады. 2015 жылы Парижде жасалған бұл келісімге әлемнің 200-ге жуық мемлекеті қол қойды. Келісім ғаламдық жылынуды индустриалдық кезеңге дейінгімен салыстырғанда Цельсий бойынша екі градусқа азайтуды көздейді. Ол үшін Париж келісіміне қол қойған елдер пайдалы қазбадан алынатын энергиядан бас тарту арқылы ауаға таралатын парниктік газдарды азайтулары керек.

Күн тәртібінде тұрған бұл өзекті мәселені ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назарында ұстап келеді. Мәселен, былтыр күзде Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы қазіргі уақытта климаттың өзгеруі ең өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің көміртегінен таза ел болуға қатысты үндеуін қолдайтынын айтты. Ал, Дүниежүзілік энергетика апталығы мен ХIV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында өткен «Әлемдік энергетикалық трилемма-2021 – компоненттер теңгерімі: энергетикалық аймақтар бойынша өзгерістер навигациясы» атты жаһандық пленарлық мәжілісте Қазақстан Президенті Үкіметке 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруде жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін жеткізуді тапсырғанын айтқан болатын.

Былтыр ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Президент тапсырмасы бойынша «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қолға алды. Ұлттық жоба «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты төрт негізгі бағыттан және 11 тапсырмадан тұрады. Олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара белгіленген.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы негізгі төрт бағыттан тұрады. Олар:

  • Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су нысандарының экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді.
  • Екінші бағыт – «Үнемді Қазақстан» табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану мақсатын қойып отыр. Бұл алдымен су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты шаруа.
  • Үшінші бағыт – «Табиғат» биоәртүрлілікті сақтауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуды көздейді.
  • Төртінші бағыт – «Экология болашағы». Ол халықтың экобілімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталады.

Үкіметтің жоспары бойынша, Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін бес есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20%-дан 38%-ға дейін екі есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70%-дан 40%-ға дейін төмендейді.

Әрине, «2030 жылға дейін сөйтеміз, бүйтеміз» деп айтуға ғана оңай. Зымыран уақыт. Көзді ашып-жұмғанша 2030 жыл да жетіп келеді. Демек, арқаны кеңге салуға болмайды. Мұны Президент те, Үкімет те жақсы түсінеді. Сондықтан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынды. Оны жүзеге асыруға 1 413 126,354 млн теңге қаржы бөлінді. Соның 146 976,923 млн теңгесі биыл жұмсалады. Сөйтіп, ауқымды ұлттық жоба бекітілді, оған қаржы да бөлінді, енді оның жоспардағыдай жүзеге асқаны керек. Өйткені, баламалы энергия көздері арқылы біз ауаны жақсартып қана қоймаймыз, сонымен қатар, елдегі энергия тапшылығының алдын аламыз. Мәселен, еліміздегі қолда бар энергия көздері 10 жылдан кейінгі қажеттілікті өтей алмайды екен.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд кВт сағатты құрайды. Бұл ретте бірқатар объективті себеп бойынша қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған энергия көздерін генерациялау төмендейді және 89 млрд кВт сағаттан кем болады. Қолданыстағы энергия көздері халықтың және экономиканың электр энергиясына болжамды қажеттіліктерін өтей алмайтынын ескере отырып, 2035 жылға қарай электр жүктемелерін жабу үшін жаңа өндіруші қуаттарды жаппай енгізуді қамтамасыз ету талап етіледі. Олардың негізгілері төмен көміртекті генерация көздері, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі нысандар болады. Ендеше, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы ауқымды жұмыстарды қазірден бастап мықтап қолға алмасақ, кейін кеш болуы әбден мүмкін. Ал, жарқын болашақ үшін бұған жол беруге болмайды.

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГЕТИКАНЫҢ ЭКОЛОГИЯ МЕН ЭКОНОМИКА ТҰРҒЫСЫНАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Былтыр қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының басты мақсаттарының бірі – атмосфералық ауа сапасын жақсарту. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар Париж келісіміне қол қойған 2015 жылдан басталып кетті. Осы жеті жылда баламалы энергетиканы дамыту бағытында елімізде күн, жел электр станциялары көптеп салынды. Салынып та жатыр. Осылайша, электр энергиясын баламалы жолмен өндіру жұмыстары жалғасын тауып келеді.

Рас, шапса тұлпардың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын кең байтақ Ұлы далада баламалы энергетиканың әлеуеті зор. Ең бастысы, Жер-Ананың сол сыйын ұтымды пайдалана білсек болғаны.

Қазақстан – қазба отындары мен жаңартылатын энергия көздеріне бай мемлекет. Ал, энергетика нарығының тұрақсыздығы, қазбалы отынның шектеулі мөлшері және экологиялық жағдайдың нашарлауы сияқты соңғы жаһандық оқиғаларға байланысты еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бет бұрғаны қуантады.

Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Бүгін игілігін көріп отырған мұнай, газ, көмір сияқты қазба байлықтары түбі сарқылады. Ал, жаңартылатын энергия адамның қатысуынсыз табиғи түрде толтырылатын табиғи ресурстардан алынады. Содан баламалы энергия көздері әлемдік энергетикалық нарықтардағы бағаларға қарамастан, ресурстардың таусылмайтындығымен де тартымды. Жел тұрса, күн шықса болды, энергияның тапшылығы сезілмейді. Экономикалық пайдасы да көл-көсір. Экологияға да кері әсерін тигізбейді. Баламалы энергетика сонысымен құнды.

Соңғы жылдары энергетика тапшылығы жиі айтыла бастады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» да рас. Айталық, әлемдік экономиканың қарқынды дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс үнемі артып келеді. Оның үстіне жаңартылмайтын энергия көздерінің қорлары да таусылып жатыр. Бірақ, біз баламалы энергетиканы дамыту жұмысын жүйелі жолға қойсақ, болашақта бұл мәселе алдымыздан шықпауға тиісті. Себебі, жоғарыда айтқандай, қолайлы географиялық орналасуы мен географиялық ерекшеліктерінің арқасында Қазақстан жасыл энергияның, әсіресе желдің жылдамдығы секундына 5-6 метр (м/с) жел дәліздерінің болуына байланысты жел энергиясының үлкен әлеуетіне ие. Каспий өңірінде, орталық және солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстанда жел электр станцияларын көптеп салса, ұтыс көп болады. Өйткені, елдің жел энергетикалық әлеуеті жыл сайын 920 млрд кВт/сағатқа бағаланады.

Жел энергиясы – неғұрлым серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі. Соған байланысты ел билігі табиғаттың бұл игілігін көру жолында әрекетсіз отырған жоқ. Жел энергиясының артықшылығы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қосқан үлесінің арқасында жаңартылатын энергияның бұл түрі қолданысқа кеңінен енгізілу үстінде. Мысалы, жер-жерде жел электр станциялары көптеп салынып жатыр.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы елімізде 37 күн, 22 жел станциялары жұмыс істеді. Бұл қатарға былтыр ашылған бірнеше жел, күн станциялары да қосылды. Соның біреуі Жамбыл облысының Жаңатас қаласында іске қосылды. 2017 жылы құрылысы басталған Жаңатас жел электр станциясы – Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станцияларының бірі.

Қазақстандағы күн энергиясының да әлеуеті зор. Неге десеңіз,  елдегі күн сағаттарының саны жылына 2200-3000 сағатты құрайды.

Иә, жаңартылатын энергия ауаны ластамайды. Жыл сайын сағатына 1,5 млн МВт қуат өндіруге қабілетті 500 МВт жел электр станциясының қондырғысы 1,5 млн тонна парниктік газдар, 12 мың тонна күкірт оксиді, 7,8 мың тонна азот оксиді, 12,6 мың тонна күл және 420 мың тонна қатты қалдықтың шығарылуына жол бермейді. Бұл оның бірінші артықшылығы. Екіншіден, баламалы энергетиканы дамыту экономикалық тұрғыдан да тиімді. Неге десеңіз, көмір, газ турбиналық электр станцияларының тозығы жеткен. Көбі Кеңес Одағынан бері жөндеу көрмеген. Оларды модернизациялауға көп қаржы мен ұзақ уақыт керек. Ал, Париж келісімі аясында 2030 жылға қарай шығарындылар көлемін 1990 жылғы деңгейден 15-25 пайызға қысқарту туралы міндеттеме алған Қазақстан үшін болашағы бұлыңғыр саналатын көмір, газ турбиналық электр станцияларын жаңғыртуға қаржы бөлудің еш мәні жоқ. Одан да бұл қаржыларды баламалы энергетиканы дамытуға бағыттаған жөн. Сонда «бір оқпен екі қоянды атып» аламыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мұнай, газ, көмірдің экологияға кері әсері өз алдына, ерте ме, кеш пе, әйтеуір олар түгесіледі. Оны бүгінгі ұрпақ көрмеуі де мүмкін, бірақ келесі ұрпақ түбі бұл мәселемен бетпе-бет келеді. Ал, сол кезде қазба байлығы сарқылған, ауасы ластанған елдің ұрпағы алғыстың орнына қарғыс айтады. Демек, болашақ бүгіннен басталатынын және салғырттық сан соқтыратынын ескеріп, «Жасыл Қазақстан» сияқты ұлттық жобаларға жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here