Жарқын бейнесі жадымызда сақталады

0
1651

Өмірдің өрісі бірде кеңейіп, бірде тарылған мына алмағайып уақытта қазығы берік ойларға көбірек тоқтайды екенсің. Жақсы мен жаманды айыру өз алдына, Мәңгілік дейтін дүниелік құбылыстың жұмбағы мен жаратылысын тану, талдау, бағалау қажеттігін де сезіне түсетінің даусыз. Әсіресе, жақын адамдарың жаныңнан біржола алыстап, «келместің кемесіне» мінгенде… тіптен қиын…

Әттең, дүние арман-ай, мына дүние жалған-ай, сом тұлғасы сонадайдан шалынар, сырты нұрлы, іші сырлы, бітімі бөлек бекзат болмыс иесі Орал Ақшолақов 87 жасқа қараған шағында өмірден озды.

«Өмірден озды» деп айту ауызекі жеңіл, ал жүрек түкпірінен осы сөзді шығару, сол жүрекке қаншалықты қайғы салатынын сөзбен өру мүмкін емес…

Көңілге медеу болары, артына өлмес-өшпес мұра қалдырды. Қазақстанның геологиялық барлау саласының негізін қалаушылардың бірі. Мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Орал Ақшолақов 1936 жылдың 16 маусымында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Әкесі Ақшолақ Есхожин Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майдандағы көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған. Анасы Нахан да шаңырақтың шырайын кіргізіп, берекесін арттырған аяулы ана болды.

1953 жылы орта мектепті медальмен тәмамдап, 1958 жылы Мәскеудің академик И.М. Губкин атындағы Мұнай институтынан тау-кен инженері, мұнайшы-геолог мамандығын алып шықты. Еңбек жолын 1958 жылы Батыс Қазақстан мұнай-газ барлау басқармасының экспедициясында коллектор, қатардағы техник-геолог, инженер-геолог болып бастап, Орталық лабораторияның бас инженері, басқарманың геология бөлімінің басшысына дейін көтерілді. Заманына сай оқып-жетіліп, бар ғұмырын жер қойнауын зерттеуге арнады.

«Гурьевмұнайгазгеология» бірлестігінің Балықшы мұнай-газ барлау, ұңғыларды сынау экспедициясының, Батыс Қазақстан ұңғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясының бастығы болып еңбек етті. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жүргізіліп жатқан мұнай-газ барлау жұмыстарына белсене араласты.

Әр жылдары Алматы геофизикалық экспе-дициясының партиясында бас геолог, бастығы, «Қазгеофизика» өндірістік-геологиялық бірлестігінің бөлім бастығы, ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай-газ барлау бөлімі басшының орынбасары, мұнай-газ басқармасының, одан соң бас басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.

Үкіметтік жұмысшы топ құрамында АҚШ, Канада, Германия, Испания, Нидерланд, Швеция, Түркия, Жапония елдерінде келіссөздер жүргізіп, егемендік алған алғашқы жылдары еліміздің табиғи байлықтарын игеру жұмыстарын жер қойнауын зерттеуші компаниялардың қаржы инвестициясы арқылы жаңа заңдар мен нормативтік актілер аясында жүзеге асыруға атсалысты.

Орал Ақшолақов – мұнай-газ саласының атақты маманы, білікті ұстаз, ҚР Минералды ресурстар академиясының толық мүшесі, ҚР Жер қойнауының Құрметті барлаушысы, Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Атырау облысының Құрметті азаматы, 160-тан астам зерттеулер мен ғылыми мақалалардың, Қазақстан мұнайы энциклопедиясының авторы, шөгінді алаптарды кешенді зерттеу және мұнай-газ болжам карталарының ғылыми меңгерушісі. Еңбегі мем-лекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды.

Міне, өмірі өнегеге толы тұғырлы тұлға еді.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Жұбайы екеуі ұл-қыздарын өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. Өз ортасында сыйлы болған Орал қарияның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

Қазаның арты қайырлы болғай!

Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Армия Генералы, Халық Қаһарманы
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық
қорының төрағасы, «Qazaq» газетінің құрылтайшысы,
«Марсель групп» компаниясының президенті

Армия Генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық-қоғамдық қоры және «Qazaq» республикалық газетінің ұжымы Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа асқар тау әкесі ОРАЛ АҚШОЛАҚОВТЫҢ қайтыс болуына байланысты қайғырып, көңіл айтады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here