Абай облысының ауылдарында ауыз су мәселесі қашан шешіледі?

0
1798
Бүгінде Қазақстанда 1 млн-нан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр

Ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Қазақстанда үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бағдарламаны жүзеге асырудағы басты мақсат – ауылдағы ағайындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу Үкіметтің стратегиялық міндеті саналады. Себебі, ол халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Үкімет таяу жылдары ауыл халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешпек.

ҚАНША АУЫЛ
АУЫЗ СУ
АЗАБЫНАН ҚҰТЫЛДЫ?

Сумен жабдықтау мәселесі ауылдық жерлер үшін өзекті болса, ал қалаларда ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нәтижелер бар. Сондықтан халқы екі жүз адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық сапа нормаларына сай сумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдерді орнатқан жөн. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталғаннан бері Қазақстан бойынша 1,3 мыңнан астам ауыл ауыз суға қол жеткізді. 2,6 мың ауылдың 1,2 млн тұрғынын барлық қажетті санитарлық нормаларға сай келетін сумен жабдықтау мәселесі де шешілді.

Қаражатты тиімді пайдалану мақсатында екі жүзден аз тұрғыны бар 1,1 мың шағын ауылға суды тазартудың жергілікті жүйелері орнатылады. Қалған ауылдарда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 2023 жылы – 224, 2024 жылы – 235 және 2025 жылы – 230 суды тазартудың жергілікті жүйесі қойылады.

Шыны керек, Абай облысының аудандары оң көрсеткіштер көкжиегінен көрінген емес. Аудандарда кемшіліктердің бары рас. Әкімдікке таза су мәселесіне қатысты шағымдар жиі түседі. Осы себепке байланысты аймақтың әрбір тұрғынын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Бірнеше жылдан бері облыста су құбыры желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, су тарту нысандары жөнделді. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Абай облысында Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында кәріз-тазарту станцияларын салу жоспарланған.

2023-2025 жылдарға Бесқарағай ауданына қарасты Канонерка, Бозтал, Кривинка, Башкөл, Малая-Владимировка бес елді мекенінде су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға бюджеттік өтінім берілді. Оларды жүзеге асыру арқылы кейбір аудандардағы ауыз су тапшылығы шешілуі тиіс.

БОРОДУЛИХА АУДАНЫ

Ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында елді мекендерді сумен жабдықтау, абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың шілде айында Бородулиха аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында сумен жабдықтау және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген болатын. Мәселен, Белағаш су құбыры бірінші кезеңде – 2008 жылы, екінші кезеңде – 2014 жылы пайдалануға берілді. Оның ұзындығы – 138 шақырым, 23 сорғы станциясы бар. Жақында суық суды тұтынудың жаңа нормалары енгізілді: суы жоқ тұрғын үйлерде бір адамға – 40 литр, құбыры бар үйлерде – күніне 140 литр болып бекітілген.

Белағаш су құбырынан басқа, ауданда жеке сумен жабдықтау көздері бар жеті су құбыры бар. Алты елді мекенге блокты-модульдік станциялар орнатылды.

Аудандағы жергілікті су құбыры желілерінің ұзындығы 82,5 шақырымды құрайды. Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин атап өткендей, Орловка ауылына су Ресей Федерациясының аумағынан беріледі. Бір текше метр судың құны 56 теңге. Аудандағы барлық су құбыры желілерін үш кәсіпорын басқарады.

Тағы бір мәселе – аудан аумағында орналасқан Глуховское кен орнымен байланысты. КСРО кезінде кен орнында 11 ұңғыма болған, қазір олардың екеуі ғана жұмыс істейді, үшінші ұңғыма жөнделіп жатыр.

Осы жылы орталықтандырылған сумен 843 адам қамтылып, сондай-ақ Комаров атындағы орта мектеп, аурухана, әкімдік, балалар үйі, Мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандар қосылмақ. 123 млн теңге сомасына екі жылдық жоба, Петропавл ауылында магистральді желілері бар су тарту құрылыстарын салу жүзеге асырылуда.

Жоба аясында №25 кенттік сорғы станциясына дейін ұзындығы 5,2 шақырым су құбыры салынады. Бұдан бөлек, 1 233 адамды, әлеуметтік сала объектілерін, шағын бизнес пен шаруа қожалықтарын сапалы сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, Изатулла, Бурабай, Боровлянка, Знаменка ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 42 млн теңгеге блокты-модульдік станциялар орнатылмақ.

КӨКПЕКТІ АУДАНЫ

Таза ауыз сумен қамтамасыз ету Көкпекті ауданын да айналып өткен жоқ. Өңірдегі 50 елді мекенде 27 мың адам тұрады. Оның ішінде 35 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған, бұл тек 70%-ды ғана құрайды. Мұнда су құбыры желілерін қайта жаңарту, шалғай ауылдарға орталық су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Көкпекті, Самар, Көкжайық, Үлкенбөкен, Құлынжол, Аққала, Миролюбовка, Преображенка, Маринагорка, Үлгілі малшы ауылдарындағы су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын қайта жаңғырту сәтті аяқталғанын атап өтуге болады. Бұл жобаларды іске асыруға 2022 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3 млрд 711 млн теңге бөлінген.

Көкпекті ауданында су құбырын қайта жаңғырту әрі салу 2018 жылы басталған. 2020 жылы Ажар ауылында су тарту құрылыстарын және Көкжыра ауылында су құбыры желілерін салу, сондай-ақ Көкпекті ауданының жеті елді мекенінде – Қайыңды, Жаңажол, Ақтас, Ұзынбұлақ, Қайнар, Нұра және Мойылды ауылдарында блокты-модульдік станцияларды орнату жұмыстары аяқталды.

Бұл жобаның қаншалықты өзекті екендігін Көкпектідегі ескі су құбыры жүйесіне 1968 жылы пайдалануға берілгеннен бері жаңғырту жұмыстары жүргізілмегеніне қарап білуге болады.

Көкпекті ауданындағы елді мекендерді сумен жабдықтау объектілерін салу бойынша сегіз жоба іске асырылуда. Осындай су құбыры желілері мен блокты-модульдік станциялардың қондырғыларын салу жобаларын іске асыру осы ауылдардағы тұрғындардың таза ауыз суға қажеттіліктерін үздіксіз қанағаттандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫ

Ел дамуының негізі – денсаулық болса, денсаулыққа ең алдымен су мен тұтынылатын өнімдердің сапасы әсер етеді. Сондықтан соңғы жылдары еліміздің барлық елді мекендерін орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр. Бесқарағай ауданы да назардан тыс қалмай, мұнда да су құбыры тартылып, блокты-модульдік станциялар салынып, желілер тартылуда.

Бесқарағай ауданында 28 ауылдық елді мекен бар. Бүгінде олардың 24-і, яғни 86%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Бөден ауылында да су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу жоспарланған.

«2021 жылы аудандық бюджеттен конкурстық рәсімдерді өткізуге 1 млн 120 мың теңге қаражат бөлінді. 2022 жылға 1 млн 938 мың теңгеден астам қаражат қарастырылған», – деді ауданның Сәулет, құрылыс, көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сұңғат Назаров.

Биыл Бесқарағай ауданы Глуховка ауылында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарының жұмысы аяқталады. Бұл жұмыс өткен жылы басталған, ал нысанды аяқтау үшін 31 млн 500 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Бесқарағай ауылында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарының екінші кезегі күтіп тұр. Бұл жұмыстар жеке тұрғын үй құрылысына арналған резервтік аумақты сумен қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз, жаңа үйлер салу кезінде оның тұрғындары таза ауыз суды қолдана береді деген сөз.

Сонымен қатар, Мостик ауылында екі блокты-модульдік станция орнатылды, бірақ мұнда да жалпы сомасы 24 млн теңгеге тағы бір станцияны қосымша орнату қажет. Бұл туралы ауыл тұрғындары әкіммен және құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысымен кездесулерде бірнеше рет айтқан болатын.

Бүгінде тұрғындары тұтынатын судың сапасыздығынан зардап шегіп отырған Кривинка ауылында әзірге су құбыры жоқ. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының жанына батады, су құбырының аты бар да, заты жоқ. Күрмеуі шешілмей жылдарға созылып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін 9 млн теңгеге қосымша ұңғыманы да көрді. Одан да қайыр болмады.

«2022 жылы су деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа ұңғымада жұмыс тоқтатылды. Қазіргі уақытта бұл ұңғыманың ластануына байланысты тұрғындарға су беру өте төмен әрі таза емес. Кривинка ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 6,5 млн теңгеге жобалау-іздестіру жұмыстары дайындалды», – деді Бесқарағай ауданы әкімінің сол кездегі міндетін атқарушы Алмас Тастенбеков.

Бесқарағай ауданындағы Жетіжар ауылында ауыз судың жағдайы бұдан да жаман. Мұнда тұрғындар тіршілік көзін өзеннен алуға мәжбүр. Әкімдік су тарту желілерін салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Мұның жалпы бюджеті 725 млн теңгеге шығып тұр. Қаражат бөлінген бойда биыл жұмысқа білек сыбана кіріспек.

2023-2025 жылдарға бес елді мекен – Канонерка, Бозтал, Башкөл, Малая-Владимировкаға су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға жалпы сомасы 2,61 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілген.

АЯГӨЗ АУДАНЫ

Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақовтың есебіне сүйенсек, былтыр аудандағы 50 елді мекеннің 45-і ауыз сумен қамтылған, яғни тұрғындар 90% орталықтандырылған сумен қамтылған. Сонымен қатар, Ақтүбек, Қопа, Қарабұлақ және Желдіқара, Ай, Ақтас, Ақшоқы, Биесыймас, Ортаарал және Ескенебұлағы елді мекендеріндегі мәселені шешудің бір жолы ретінде блокты-модульдік су тазарту станциялары орнатылған.

«2021 жылы 39 елді мекен ауыз сумен қамтылды. Ақшәулі ауылында су тарту, су құбыры желілерін салдық. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Батпақ, Ақши, Айғыз, Баршатас, Емелтау, Нарын, Сарыарқа, Тарбағатай ауылдарында, сондай-ақ Бидайық, Қосағаш, Мәдениет елді мекендерінде орталықтандырылған су құбыры жөнделді», – деген ақпарат таратты аудан басшысы.

ҮРЖАР АУДАНЫ

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Мақаншы ауылында су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Бақты, Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Елтай, Шолпан ауылдарында орнатылып, Бұғыбай, Қызылбұлақ, Благодатное, Қарабұйрат ауылдары және Подгорное, Шағантоғай екі шекара заставасында блокты-модульдік станциялар орнатылды.

Жергілікті тұрғындар үшін түйткілді мәселелерді айтатын болсақ, бес жылдан бері Үржар ауданындағы Шолпан ауылында орталық су құбыры іске қосылмай жатыр. Мердігер ұйым бірнеше рет жұмысын тоқтатқан. Бірақ, тұрғындар әлі де құдықтан су алуға мәжбүр.

«Біз суды құдықтан аламыз. Сонда оның сапасы қандай? Құбыр ескі. Кейде судан құрттар шығады. Қазірдің өзінде бірнеше мердігер ауысты. Барлығы уәде береді, бірақ ешкім істі соңына дейін жеткізген жоқ», – дейді Шолпан ауылының тұрғыны Сенбі Нұркенов.

Негізі орталықтандырылған су құбырына 260 абонент қосылуы керек. Алайда, әзірге тұрғындар уәденің орнына тас-талқаны шыққан жолдар мен қазылған көшелерден көз ашпай отыр. Құны 600 млн теңгеден асатын әлеуметтік нысанның құрылысын бес жылда бірде-бір мердігер аяқтай алмаған. Шенеуніктердің айтуынша, бірінші ұйым өрескел заң бұзушылық жасаған, сондықтан құрылыс алаңын заңсыз деп жариялауға тура келген. Нысанның қазіргі мердігерлері былтыр тапсыруы керек болатын, бірақ олар да істі аяғына жеткізбеген.

«Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Үйлерге инженерлік желілерді жүргізу ғана қалды. Бірақ, былтыр қосылуға дайын абоненттер аз болғандықтан, су қатып қалмас үшін суды тоқтатуға мәжбүр болдық», – дейді Шолпан ауылдық округінің әкімі Еркін Оспанов.

Бір жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауылды сумен қамту жұмыстары осы жылдың сәуір айында қайта жанданды. Бұған қосымша 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыс биылғы жылдың соңында аяқталады деп уәде етілгенімен, су құбырын қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүріп жатқаны белгісіз. Тек күту керек.

ЖАҒДАЙ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

Қазақстан ТМД елдері арасында сумен қамтамасыз ету бойынша соңғы орында. Демек, барлығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Бүгінде 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев мәлімдеді.

«Менің ойымша, жыл өткен сайын жағдай жақсарып келеді. Бұл алдымен 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болды. Оны жүзеге асыру үшін 115 млрд теңге бөлінген. 2002-2004 жылдар аралығында шамамен 33,2 млрд теңге игерілді. Биылғы жылы бағдарлама іс-шараларын қаржыландыруға 17,7 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жағдайды жақсы деуге болады. Бүгінде республика халқының 75,2%-ы орталықтандырылған су құбыры жүйесін пайдаланады. Алайда, халықтың шамамен 21%-ы әлі күнге дейін орталықтандырылмаған көздерден су ішеді, 2,2%-ы әкелінген суды қолданса, ал 1,6%-ы ашық су қоймаларындағы суды пайдаланады. Алдағы бес жылға 60 млрд теңгеден астам қаржыландырумен салалық бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру, ең алдымен, азаматтардың осы тобын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға бағытталған», – дейді Анатолий Рябцев.

Су ресурстары комитетінің төрағасы бүгінде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламалары бойынша іс-шаралардың бір бөлігі халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Біз ел тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді түбегейлі жақсарту үшін шетелдік инвестицияны барынша тартудамыз», – деп нақтылады Анатолий Рябцев.

Әрине, жыл сайын еліміздің өңірлері дамып келеді. Алайда, шалғай ауылдардың барлық тұрғындары бұл дамудың нәтижесін көріп отырған жоқ. Олар су тапшылығын тартуда. Сондықтан шалғай аудандардың барлық тұрғындарына таза ауыз суға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет.

Бүгінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендер ішінде су құбыры желілерін салуда. Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтеріне жүз пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлінеді.

Бүгінде Қазақстанда 1 млн-нан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. 53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу қажет. Бұл ретте ағынды суларды тазартумен қамту 70,5%-ды құрайды. Осыған байланысты 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдардағы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге және қалалардағы ағынды суларды тазартумен толық қамтуға қол жеткізілмек. Сондай-ақ, 2021-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 181 млрд теңге бөлінді. Бұл 284 ауылды орталық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша Абай облысының аудандарын сумен қамтамасыз ету бойынша басталған жобалар биыл аяқталуы тиіс. Облыс аудандарында ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші күн сайын артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа құрылған облыстың өз қаражаты болады. Ал, бұл жұмыстарға жаңа серпін әкеліп қана қоймай, оң нәтижелерге қол жеткізеді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here