Тұралаған тау туризмі: Алматының әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз

0
2449
«Көк жайлау» тау-шаңғы курорты құрылысы жолға қойылып, демалыс орындары салынса, Алатау бөктеріндегі қаланың жылына 6 млн-нан 10 млн-ға дейін туристерді қабылдауға шамасы жетеді

Әлемдік экономикада туризм саласы, соның ішінде тау туризмі айшықты орын алатынын статистика растайды. Әрине, барыс-келіске кедергі келтірген «көзге көрінбейтін жау» әлемдік тау-шаңғы индустриясына да кері әсер етпей қоймады. Айталық, пандемияға дейінгі 2019/20 жылғы маусымда әлемдегі шаңғысын арқалаған туристер саны 400 млн адамға жуықтаса, коронавирусқа тап келген 2020/21 жылғы маусымда бұл көрсеткіш екі есе төмендеп, 200 млн адамға әрең жеткен. Жаһандық дерттің беті бері қараған 2021/22 жылғы маусымда саланың тамырына қан жүгірді. Шаңғышылар арасында 2022/23 жылғы маусым әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, пандемияға дейінгі көрсеткішке жақындайтыны қазірдің өзінде белгілі болды. Ал, сырттан шаңғышы туристерді өзіне магниттей тартуда Альпі тауының етегінде орналасқан еуропалық елдер алдына ешкімді салмайды.

ШАҢҒЫШЫЛАР
АРАСЫНДА АТАҒЫ АЛЫСҚА
ТАРАҒАН АЛЬПІ
ЖӘНЕ АЛАҚАНДАЙ АВСТРИЯ

Батыс Еуропадағы ең биік тау саналатын Альпі 8 елдің аумағында орналасқан. Ол мемлекеттер – Франция, Монако, Италия, Швейцария, Германия, Австрия, Лихтенштейн және Словения. Тау туризмі туралы мақаланы Альпіден бастап отырғанымыз тегін емес. Себебі, бүгінде Альпі альпинизм, тау шаңғы спорты мен тау туризмінің әлемдік орталығына айналды. Жоғарыдағы сегіз елдің бесеуі (Швейцария, Франция, Италия, Австрия, Германия) әр жылдары альпілік нысандарда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының қожайыны атанды.

Сөзімізді салмақтау үшін статистиканы сөйлетейік.

Әлемнің 68 елі туристерге тау туризмін ұсынады. Бұл елдерде 5,7 мыңнан астам жабдықталған шаңғы аймағы орналасқан. Бірақ, соның 2 мыңында ғана төрттен артық көтергіш бар. Осы тау-шаңғы курорттарына жыл сайын 400 млн-ға жуық адам шаңғы тебуге барады. Сол туристердің жартысынан көбі Альпінің тау-шаңғы курорттарын таңдайды. Төрттен артық көтергіші бар жоғарыдағы екі мың тау-шаңғы курортының үштен бірі еуропалық таудың етегіндегі елдерде орналасқан. Соның ішінде тау туризмі Австрияда айшықты орын алады.

Жер көлемі біздің бір облысқа да жетпейтін алақандай Австрияда 9 млн халық тұрады. Халқының 34 пайызы шаңғы тебеді. Әлемде бұл көрсеткіш бойынша Лихтенштейн (36%) мен Швейцариядан (35%) кейінгі үшін орында тұр.

Орталық Еуропадағы шаңғышылар елінде 420-дан астам әлемдік деңгейдегі тау-шаңғы курорты бар. Оларда соңғы бес жылда орта есеппен 51,7 млн шаңғышы тіркелген. Соның жартысынан көбін, нақты айтқанда, 66 пайызын сырттан келген туристер құраған. Сондықтан әлемдегі ең бай елдердің бірі саналатын Австрияның жалпы ішкі өнімінде туризмнің үлесі 10 пайыздан асады. Шамамен 60 млрд долларды құрайды. Бұл 22 млн халқы бар Малидің 2022 жылғы жалпы ішкі өнімімен бірдей көрсеткіш.

2022 жылы шаңғы құралдарының әлемдік нарығы 6,27 млрд долларға бағаланды. Соның ішінде Австрия сыртқа 334 млн долларға шаңғы сатқан. Шаңғы экспорты бойынша Еуропа елдері арасында көш бастады.

Міне, алақандай Австрия бір саланың өзінен қыруар қаржыға кенеліп отыр.

АСҚАҚ
АЛАТАУДЫҢ АШЫЛМАҒАН
ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ

Еліміздің тау-шаңғы курортын заманға сай дамытып, өркениетті елдерде танымал туризмнің осы түрінің әлемдік орталығының біріне айналуына мүмкіндігі мол. Бұл біздің артық айтып, асыра сілтегеніміз емес, Алатаудың баурайындағы тау-шаңғы нысандарының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе, біраз жылдан бері сөз болып келе жатқан «Көк жайлау» тау-шаңғы курорты салынса, тұралаған тау туризмінің тамырына қан жүгірер еді.

Алматы қаласының маңайындағы тау-шаңғы курортының құрылысы көп талқыланды. Кезінде кейбір экологтар ұлттық табиғи қорықтың кіндік тұсына орналасатын курорт сілеусін, тау ешкісі, марал сияқты жануарлардың жүруіне кедергі келтіретінін алға тартты. Әлбетте, таулардағы туризмді дамыту мәселесінде экологтардың айтар уәжіне құлақ аспасқа тағы болмайды. Дегенмен, табиғатқа зиян тигізбей-ақ тау туризмін дамытып отырған өркениетті елдердің тәжірибесін басшылыққа алып, Алматының туристік әлеуетін арттыру керек. Әсіресе, «Шымбұлақ», «Ақбұлақ» секілді демалыс орындарының адам қабылдау деңгейі шегіне жеткен шақта оңтүстік астанада отандық тау туризмін дамыту мақсатында курорт салу мәселесі өзекті күйінде қалып тұр. Мысалы, Альпідегі ең ірі тау-шаңғы курорты – «Val Thorens» та ұлттық табиғи қорықтың аумағында орналасқан. Француздар тәжірибесіне төменде арнайы тоқталамыз.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған «Көк жайлау» тау-шаңғы курортының 500 шақырым трассасы мен 1 мың гектардан астам сырғанау алаңы болады. Демек, ұзақ уақыттан бері құр сөз күйінде ғана қалған жоба жүзеге асса, әйгілі тау-шаңғы курорттарымен бәсекелесуге қауқары жетеді.

«Көк жайлаудың» басты артықшылығы ретінде жыл бойына қардың мол жауатыны айтылады. Орташа маусымдық қардың мөлшері – 9 метр. Яғни, шаңғы тебу маусымы да ұзағырақ болады. Зерттеушілердің бағамдауынша, маусым 7 айға созылады. Осы көрсеткіш бойынша біз кейбір альпілік курорттардың алдын орайтын едік.

Тау туризмінің жілігін шағып, майын ішкен мамандардың пікірінше, әлемдік деңгейдегі тау-шаңғы кешені үшін шаңғы жолының ұзындығы 500 шақырымнан кем болмауы тиіс. Еуропадағы жетекші курорттардың трассалары 350-500 шақырымды құрайды. Мысалы, Франциядағы «La Plagne» курортының шаңғы жолы – 425 шақырым, Швейцариядағы «Verbier» курортының шаңғы жолы – 410 шақырым. Ал, АҚШ-тағы «Aspen» курортының шаңғы жолының ұзындығы 509 шақырымға дейін жетеді. Алатаудың төріндегі «Көк жайлау» тау-шаңғы курорты жолының ұзындығы алдын ала есептеу бойынша 500 шақырымнан кем болмайды.

«Көк жайлау» тау-шаңғы курорты құрылысы жолға қойылып, демалыс орындары салынса, Алатау бөктеріндегі қаланың жылына 6 млн-нан 10 млн-ға дейін туристерді қабылдауға шамасы жетеді. Демек, Алматының әлемнің шаңғы картасындағы жаңа бағытқа айналуына толық мүмкіндігі бар. Тек сол мүмкіндікті пайдалана алмай жүрген өзіміз кінәлі.

Кеңес дәуірінде шаңғы спортының инфрақұрылымы негізінен спортшыларды ғана дайындау үшін салынғаны мәлім. Тұтас қоғам үшін шаңғы тебу екінші орында тұрғаны да жасырын емес. Сондықтан ол кездерде Алматының әлеуеті толық пайдаланылмады. Ал, тау-шаңғысын кәсіби түрде меңгерген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, курорт бүкіл отбасының демалуын қамтамасыз етуі керек. Яғни, тау-шаңғы курорттары спорттан гөрі демалысқа негізделгені жөн.

«Егер мақсат – әлемдік деңгейдегі курортқа айналу болса, онда Алматыда тамаша мүмкіндік бар. Тау-шаңғы курортын дамытуда биік таулардың әлеуеті зор», – деп санайды таулы курорттардың шығармашылық дизайнында әлемдік көшбасшы саналатын «Ecosign» компаниясының өкілі Эрик Календер.

Сарапшы «Көк жайлау» тау-шаңғы курортының әлеуеті әлі ашылмағанына қынжылады.

«Алматы қаласы таңғажайып тауда орналасқан. Бұл Батыс Еуропаға мүлдем ұқсамайды. Ол жақта қаладан тау-шаңғы курортына дейін екі сағаттық пойызбен жүруге тура келеді. Ал, Алматыда туристер ұшақтан түсе салысымен 40 минутта курортта болады», – деп Эрик Календер тағы бір артықшылықты атады.

Иә, Алматының басты үш артықшылығы бар. Біріншісі – табиғи жағдайы, екіншісі – географиялық орналасуы, үшіншісі – таулардың мегаполиске жақындығы.

«Тәжірибелі шаңғышылар қазақстандық қардың беріктігін бағалайды. Ауа райы жанға жайлы. Сыртта -25°C болса да, аспан әрқашан ашық, күн нұрын шашып тұрады. Жел жиі соққанымен, ауа қысымы жақсы. Әдетте, Еуропа үнемі тұманды, желді және бұлтты болып келеді», – дейді Эрик Календер.

Сарапшының сөзінше, «Көк жайлау» тау-шаңғы курортының құрылысы түбегейлі қолға алынса, мұнда тау-шаңғымен қоса әр маусымға байланысты альпинизмге де, тау велосипедіне де жол ашылар еді.

Жалпы, жағажай туризміне қарағанда, шаңғы туризмі қаржы жағынан тиімдірек саналады. Мысалы, өзіне келген туристердің 80 пайызы шаңғы курорттарын таңдайтын Австрия жылына (ішкі туристерді есепке алғанда) 21 млн, ал Түркия 25 млн адам қабылдайды. Бірақ, Австриядағы туристерден түскен табыс 30 млрд доллардан асады, ал Түркия 27 млрд доллар табысқа кенеледі. Яғни, Австрияда экологиялық жүктеме төмен. Өйткені, Түркияға қарағанда туристер аз қабылдаса да, Моцарт елі Ататүрік елінен көп қаржы табады.

АЗИЯ
ШАҢҒЫШЫЛАРЫНЫҢ
МЕККЕСІНЕ ҚАЙ
МЕМЛЕКЕТ АЙНАЛАДЫ?

Еліміздің орналасқан жері өзіне туристерді көптеп тартатын аймаққа жатпайды. Алайда, Еуропа мен Азияның тоғысында тұрғанымыз рас. Солтүстікте Ресей, шығыста Қытай, оңтүстікте Орта Азия елдері бар. Үндістан, Пәкістан мен Иран да қол созым жерде. Бұл елдерде 3,3 млрд халық тұрады. Яғни, үлкен нарық. Әрине, Еуропадағыдай халқының үштен бірі шаңғы теппесе де, туристерге барлық жағдай жасалған алыстағы Альпі елдеріндегі тау-шаңғы курорттарына баратын Азияның қалталылары аз емес. Ал, Азия құрлығында тау-шаңғы инфрақұрылымы дамымағанын ескерсек, біздің Алматыда әлемнің тау туризмі картасында жаңа бағытқа айналуға мол мүмкіндігі бар. Бүгін мұндай мүмкіндікті мүлт жіберіп алсақ, ертең кеш болады. Себебі, көрші Қырғызстан мен Қытай да бұл бағытта жүйелі жұмыстарды қолға алған. Қазірдің өзінде аспан асты елінде 800-дей, оның арғы жағындағы күн шығыс елінде 450-дей тау-шаңғы курорты жұмыс істейді. Қытай жыл сайын олардың санын арттырып жатыр.

Бейжің Азияның тау-шаңғы инфрақұрылымы бойынша Еуропамен бәсекелесе алмайтынын жақсы біледі. Содан әзірге бәсекелестік байқалмай тұрған құрлықта «Азияның Альпісі» атануға барын салмақ.

Әлемнің 36 пайыз халқы шоғырланған Қытай мен Үндістанда тау туризміне қызығушылар қатары артып келеді. Қытайға қарағанда Үндістанның тау-шаңғы курортын қолға алуға географиялық жағдайы мүмкіндік бермейді. Сондықтан жыл сайын ондаған мың Үндістан халқы Альпідегі тау-шаңғы курортына барады. Оған үнді фильмдері де оң әсер етті. Мысалы, 200-дей Болливуд фильмі сонда түсірілді.

Сұраныс бар жерде – ұсыныс бар. Қытай осы қағидамен жұмыс істейді. Олар Азияның басқа елдерінен де туристерді тартуды көздейді. Бірақ, туристерді көптеп тарту үшін тек тау-шаңғы курортын салу аздық етеді. Қазақстан, Қытай не Қырғызстан болсын, қай ел ең бірінші болып әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымы бар тау-шаңғы курортын ашады, сол ел Азиядағы тау туризмінің Меккесіне айналады.

ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАР
АЛДЫМЫЗДЫ
ОРАП КЕТПЕЙ МЕ?

Эрик Каллендердің айтуынша, Қазақстан алдымен Ресей мен Орта Азия елдерінің туристеріне иек арта алады, кейін Қытай, Оңтүстік Корея мен Үндістанның туристерін тартуға талпынса болады.

«Қазақстандағы саяси тұрақтылық азиялық туристерді тартуда Алматының оң жамбасына келеді. Мысалы, Гималай тауында орналасқан Үндістанның солтүстігіндегі Джамму және Кашмир одағы аумағындағы «Gulmarg» тау-шаңғы курортына баруға екінің бірінің батылы жетпейді. Неге десеңіз, бұл Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ. Жерге талас атыс-шабысқа жиі ұласады. Кашмир үшін Исламабад пен Нью-Дели жан алысып, жан берісуге дайын», – деп түсіндірді Эрик Каллендер.

Сарапшының пікірінше, «Көк жайлау» жобасы іске асса, жер дауынан бөлек оның кашмирлік «әріптесінен» тағы бір артықшылығы болады. Ол – қала мен курорт арасын жалғайтын жолдың жақындығы. Мысалы, «Gulmarg» тау-шаңғы курортына жақын орналасқан Сринагар қаласы одан 52 шақырым арыда жатыр. Туристер үшін Кашмир алқабындағы қалаға жету де оңай емес. Көбіне Нью-Дели арқылы барады.

«Алматының тау-шаңғы курорттарына Қырғызстанның «Қаракөлі» де бәсекелес саналады. Ол Ыстықкөл облысының Қаракөл қаласынан жеті шақырым арыда орналасқан. Бірақ, 85 мың тұрғыны бар қалаға басқа елдерден тікелей рейспен ұшып баруға мүмкіндік бола бермейді. Алдымен ел астанасына жетіп алу керек. Бішкек пен Қаракөл арасы – 403 шақырым», – деген Эрик Каллендер Алматы мен Қаракөл курорттарының арасындағы айырмашылықты да атап өтті.

Рас, «Көк жайлау» туралы сөз болғанда кейбіреулер «Шымбұлақтың» барын алға тартады. Бірақ, олар «Шымбұлақтың» бәсекелесі «Қаракөлдің» қалай алматылықтар үшін танымал демалыс орнына айналғанына бас қатырмайды. Мәселе тек бағада емес, мәселе тау беткейлерінің алуан түрлілігіне де байланысты. Сондықтан «Шымбұлаққа» арнайы келген туристер бір-екі күннен артық жүре алмайды. Ал, бір-екі күн үшін алыстан туристер ағылып келеді деу бос сөз. Осы олқылықтың орнын толтыруға «Көк жайлаудың» ғана шамасы келеді. Ал, шетелдіктер қырғыз курортына инвестиция құйса, онда Алматыға туристерді тарту қиынға түседі.

ФРАНЦИЯ
ТӘЖІРИБЕСІН АЛУҒА
НЕ КЕДЕРГІ?

«Көк жайлау» құрылысына қатысты даулы мәселелер Альпідегі «Val Thorens» француз тау-шаңғы курортының қалай салынғанын еске түсіреді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында шаңғы әуесқойларының бір тобы осы өңірде шаңғы туризмін дамытуды қолға алады. Олардың идеясы бірден сынға ұшырайды. Сарапшылар еңістердің жарамсыздығын айтса, экологтар табиғи апатты алға тартады. Саясаткерлер мен журналистер де жобаның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды. Яғни, бүкіл қоғам бұл жобаға инвестиция құюды тиімсіз санайды. Алғашқы қоғамдық коньки тебу бекеті 1971 жылы ашылғанымен, 1980 жылға дейін жоба бәрібір сынның астында қалып келді. Келесі 10 жылда инфрақұрылымды дамыту, жаңа көтергіштер салу жалғасты. Екі мыңыншы жылдары тау-шаңғы курорты шығындарды ақтай бастады. Содан бастапқыда ағаштардың оталғанына қарсы шыққан француздар қазір әлемдік деңгейдегі курорттың жемісін жеп отыр. Қоршаған ортаға айтарлықтай зияны тимеген «Val Thorens» уақыт өте келе өзінің сәтті жоба екенін француздарға да, бүкіл әлемге де дәлелдеді.

«Сөзсіз, тауға қатысты ауқымды жобаларды қолға алғанда, бәрібір оның қоршаған ортаға кері әсері тиеді. Бірақ, экологияға қатты әсер етпей, экономикалық әсері зор болған шетелдік жобаларды назарға алу артық етпейді», – деп санайды Эрик Каллендер.

Сарапшы бұл жерде экологияға ең аз әсер ететін жоғары экологиялық стандарттарды сақтай отырып, тау-шаңғы курортын салуға назар аударады. Ол үшін жұмысты дұрыс жоспарлау керек.

«Халықаралық деңгейдегі курорт салып, оған миллиондаған туристерді тарту үшін Қазақстанға заманауи инфрақұрылымға ғана емес, ауа мен қардың сапасына да көңіл бөлу керек. Соңғысы жағынан Алматыда әзірге мәселе жоқ. Тауда қар қалың жауады. Ал, Еуропадағы әйгілі курорттар жаһандық жылынуға байланысты қар мәселесімен бетпе-бет келді. Кәрі құрлықта қар тапшылығы байқалады», – деп өз ойымен бөлісті Эрик Каллендер.

Бір анығы, біздің «Көк жайлаудың» «Val Thorens» сияқты бұл жолмен ұзақ жүріп өтуіне мүмкіндігі жоқ. Сондықтан басқа ауқымды жобалардың қателіктерін ескеріп, пайдалы жақтарын алу керек. Яғни, «Көк жайлауды» әу бастан дұрыс жоспарласақ, қажетсіз көтергіштерді салмауға, экологиялық пен қаржылық шығындарды азайтуға болады. Бұл курорт бизнесі үшін аса маңызды. Дұрыс жоспарлау арқылы шығынды азайтып, кірісті көбейтуге болатынын дәлелдеген мысалдар жеткілікті. Мәселен, «Куршевельде» 120  көтергіш, «Валь-д’Изерде» 80 көтергіш бар (екеуі де Францияда). Алайда, соңғысы алғашқысына қарағанда көп қаржы табады. Мұны бірінші мысал деңіз. Екінші мысал – жоғарыдағы «Val Thorens» тау-шаңғы курорты. Онда 1985 жылы 9 млн адамды тасымалдай алатын 36 көтергіш болса, 2008 жылы олардың саны 7-ге қысқарды. Қазір 29 көтергіштің 18 млн адамға дейін тасымалдауға қауқары жетеді. Демек, тиімді оңтайландырудан қоршаған ортаға тиер зиян аз болады.

Экологияны желеу етіп, экономикаға көл-көсір пайда түсірер кез келген бастамаға қарсы шығу дұрыс емес. «Ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келу арқылы мәселені шешуге болатынын француздар тәжірибе жүзінде көрсетті. Ал, «Көк жайлау» жобасы дәл Крыловтың арбаны шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр. Біз осылай өзара айтысып-тартысып жүргенде, ертең іргеміздегі қытай не қырғыз халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортын ашып, алдымызды орап кетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Расында, халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортын салумен мәселе шешілмейді. Баға мен сапа сай келмесе, бәрі бос әурешелік болады. Бұл – бір. Екіншіден, көп туристерді қабылдау үшін отандық әуежай мен әуе компанияларының әлеуетін арттыру маңызды шаруа. Үшіншіден, қонақ үйлердің саны мен олардың қолжетімділігі де назарға алынады. Төртіншіден, визалық режим мен кедендік бақылауды жеңілдету мәселесі тағы бар. Осындай бір-бірімен тығыз байланысты әрі бірін-бірі толықтырап тұрған жұмыстарды жүзеге асыра алсақ, «Көк жайлаудың» жылына кемінде 1 млн қонақтарды қабылдауға әлеуеті жетеді. Ал, халықаралық деңгейдегі тағы бірнеше тау-шаңғы курортын ашсақ, туристер санын 6-10 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл қосымша жұмыс орындары, бюджетке түсетін салық түсімдері. Сонда туризм саласы жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құрар еді.

Тау туризмін дамытуда Австрия да жарқын мысал бола алады. Алпысыншы жылдары халықтың қарсылығына қарамастан Альпі тауының етегінде тау-шаңғы курорттарын көптеп сала бастады. Сексенінші жылдары Вена осы бағыттағы тұтас саланы қалыптастырды. Дәл осындай жолмен Франция да жүріп өтті. Қазір «Куршевельді» білмейтін адам жоқ шығар.

Құдай-ау, мұнайдың үстінде отырған Сауд Арабияның өзі шөл далада 500 млн долларға ашық аспан астындағы тау-шаңғы курортын салып жатқанда, еліміздің бардың бағасын білмегені күрсіндіреді.

Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here