Жастар ісі жөніндегі кеңесте «Елорда жастары» бағдарламасы таныстырылды

0
789

Елордада қала әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңесте «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» атты кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Elorda Jastary» бағдарламасы таныстырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының аясында өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Отырыс жұмысына кеңес мүшелері мен жастар арасындағы көшбасшылар қатысты. Кездесу аясында өз саласында үлкен жетістікке жеткен жастар сөз сөйледі.

Іс-шараға қатысушыларды елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов қарсы алып, кеңестің негізгі міндеттері туралы айтып берді.

«Кеңестің жұмысы мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, оның тиімділігін талдау, басымдықтарды іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау болып саналады. Ел басшылығы жастарды қоғамдық процестерге белсенді тартуға және дамытуға үлкен көңіл бөледі. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы жастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге бағытталған, атап айтқанда, тұрғын үймен, жұмыспен қамтумен, бизнесті дамытумен байланысты және өзге де мемлекеттік бағдарламалар, жобалар әзірленіп, іске асырылуда.

Отырыс барысында Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров елордалық жастарды қолдаудың 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы туралы айтып берді.

«Биыл елордада мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру саласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы енгізілді. Сол сияқты «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, «Elorda Zhastary» жас мамандарды тұрғын үй кредиттеудің жеңілдікті бағдарламасын да ерекше атап өткен жөн. Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын және аула клубтарын жаңғыртудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыстарды маңызды деп санаймыз», – деп атап өтті Қайрат Қамбаров.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында жүзеге асырудың 6 негізгі бағыты, 33 мақсатты көрсеткіш және елордалық жастарды қолдауға бағытталған 69 іс-шара белгіленген.

Бағдарламаның негізгі бағыттары: сапалы және қолжетімді білім беру, кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру, жастардың денсаулығы мен әлеуметтенуі, бұқаралық спортты дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау.

Бағдарлама шеңберінде жастар жасақтары жауынгерлерінің жалақысы артады. Сондай-ақ, елордалық БЖСМ-де айналысатын балалар санын ұлғайту, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін спорт объектілерінің қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр. Алдағы екі жылда қалада аула клубтарының санын тағы 20 нысанға көбейту жоспарда бар.

«Қалада «Астана жастары» базасында волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыру функциясына кіретін қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штаб қызметі үшін ынтымақтастыққа 15-тен астам волонтерлік ұйым және 20 бастамашыл топ, 8 ҮЕҰ, 5-тен астам меценат, 2 000-нан астам тұрақты волонтер шақырылды. Волонтерлік ұйымдар мен «Астана жастары» ЖРО бірлесіп, «Bizbirgemiz», «Кедергісіз қала», «Қамқорлық мекенжайы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» шеңберінде 530 акция өткізілді», – деді бейінді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаланың барлық ауданында жастарға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастайды. Әзірге Сарыарқа ауданында, теміржол вокзалының жанында жұмыс істейді.

Спикердің айтуынша, Жастарға қызмет көрсету орталығы Алматы ауданында Сәтпаев көшесінде, Байқоңыр ауданында – «Биг Шанхай» базарында, Есіл ауданында – «Базар» СҮ орналасады.

Бұдан басқа, келесі жылдары «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» және «Elorda Zhastary» жас мамандарға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары бойынша тұрғын үй және ипотекалық кредиттер бөлу жалғасады. Отырыс барысында елордалық жастардың белсенді өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу соңында Асхат Оралов елорданың дамуына және жастардың мәселелерін шешуге үлкен үлес қосып жүрген белсенді жастарға алғыс хаттар табыс етті.

Айта кету керек, іс-шара санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here