Отыз жылда Маңғыстау облысындағы балабақшалар саны үш есе артты

0
277

Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау облысының білім саласында бірқатар жоба кезең-кезеңмен сәтті іске асырылып, оң бағыттағы елеулі өзгерістерге қол жеткізілді. 30 жылда өңірде 218 балабақша, 101 мектеп, 17 колледж ашылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

​Маңғыстау облысында мектепке дейінгі білім беру мекемесінің саны 3 есеге артты. 1991 жылы өңірде 113 балабақша жұмыс істесе, 2021 жылға қарай олардың саны 331-ге жетті. Бүгінде өңірде 3 пен 6 жас арасындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайызды құрап отыр.

​Өткен ғасырдың 90-шы жылдары облыста 86-мектеп жұмыс істесе, егемендік алған 30 жылда білім нысандарының саны 2 есе артып, жаңадан 171 мектеп ашылды. Жуырда қабылданған Маңғыстау облысын дамыту кешенді жоспары аясында алдағы 5 жылда 35 білім беру нысаны салынады. Биылдың өзінде 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік мектеп ашылды.

​1991 жылмен салыстырғанда кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде де оң өзгерістер бар. 1991 жылы облыста 10 колледж болса, Тәуелсіздіктің 30 жылында оның саны 3 есе артып, бүгінде 27-ні құрап отыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттер саны да 3 есе көбейген.

​Өңірдің даму қажеттілігіне орай туризм, ақпараттық технологиялар, халыққа қызмет көрсету салаларында еңбек ететін бірнеше жаңа мамандықтар ашылды. Бүгінде сол мамандықты игергендер экономиканың түрлі саласында табысты еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда.

​ Білім беру нысандарының көбеюіне мемлекеттік-жекеменшіктік институттың дамуы мен бизнес сектор инвестициясының ықпалы зор.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, өңірдегі мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны 3,5 есеге артты. Бүгінгі таңда барлық оқушының 77%-ы мемлекеттік тілде білім алады. Сонымен қатар, соңғы үш жылда «Алтын белгі» иегерлері 30%-ға, үздік аттестат иегерлері 40 %-ға көбейді. Өңірге қажетті мамандар дайындау мақсатында 2018 жылдан бері 25 мамандық түрі бойынша 485 студентке, 40 магистрантқа облыс әкімінің оқу гранты берілді. Негізінен денсаулық сақтау, білім беру және ауылшаруашылығы мамандықтарына басымдық беріліп отыр. Аталған оқу грантының саны жыл сайын артып отыр, – деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here