Қазақстандағы сейсмология саласының бүгінгі тағдыры қыл үстінде тұр. Қазіргі заманға лайықталған дербес сейсмокартаның жоқтығы, бақылау станциясының аздығы, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы сияқты күрделі мәселелер жағдайды одан бетер күрделендіріп жіберді. Қауіптілігі жағынан ұқсас болғанымен, дамуы жағынан еліміз Жапонияның шаңына да ілесе алмай қалады. Ал, ел аумағында жылына ірілі-ұсақты 10-16 мың жер сілкінісі болатынын ескерсек, біздегі сейсмология саласына тың серпіліс керектігін жақсы түсінеміз. Дегенмен, мұны қарапайым халық түсінгенімен, бұған жауапты мекемелердің салғырт қарайтыны көңілге қаяу түсіреді.

ІРІ ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН АЛМАТЫДАҒЫ ҒИМАРАТТАРДЫҢ ҚАНШАСЫ ЖЕРМЕН-ЖЕКСЕН БОЛАДЫ?
Осы айдың басында Мәжілісте өткен азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Алматының сейсмикалық қауіпсіздік мәселесін көтерді.
«Сейсмологтар «Алматыда үлкен жер сілкінісі болуы мүмкін» деп ылғи ескертіп отырады. Ал, сарапшылардың есебіне сенсек, осы қалада алапат жер сілкінісі болса, адам шығыны 400 мыңға дейін барады. Қаладағы нысандардың 60 пайызы қирайды. Шығын көлемі – 200 млрд теңге болады», – деп күрделі мәселені көтерген Дүйсенбай Нұрбайұлы Алматыдағы құрылыс нысандарын құжаттандырудан өткізу барысы туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен сұрады.
«Құрылыс талаптары жаңа сейсмикалық карталардың негізінде әзірленді ме?» деп қойған депутаттың сұрағына министр: «Шынымен де, Алматыда кең ауқымды жер сілкінісінің қаупі бар. Негізі, қайтыс болатын және жарақат алатын адамдардың санына қатысты сарапшылардың ойы бір жерден шыққан жоқ. Себебі, бағалаудың сан алуан әдістемесі бар. Мәселен, кеңестік заманның әдістемесі бойынша Сіз айтқан адам шығыны болуы мүмкін. Ал, JICA (Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі, – ред.) өкілдерінің есебі әлдеқайда төмен көрсеткішті айтып отыр», – деп жауап қайтарды.
Министрдің айтуынша, бүгінде Алматыдағы барлық нысан құжаттандырудан өтті. Жаңа сейсмикалық карталар да әзірленіп, тиісті органдарға берілді. Алматы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов та осы мәліметті растады. Құжаттандырудың нәтижесінде апаттық жағдайда тұрған үйлерді ысыру бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Алматыда мұндай 948 ғимаратты бұзу керек.
«Зерттеуге сенсек, Алматыда 7-8 балдық қатты жер сілкінісі болса, барлық ғимараттың 30 пайызы қирап қалуы мүмкін. 370-385 мың адамға дейін қайтыс болуы ықтимал. Ал, 10 балдық жер сілкінісінен кейін қалаға 2 трлн 479 млрд теңгенің шығыны келеді», – деді Серік Досымханұлы.
Міне, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де, Алматы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов та Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжамды растап отыр. Демек, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сақтансаң – сақтайды. Өйткені, салғырттық сан соқтырады.
СЕЙСМОЛОГИЯ САЛАСЫНА ЖАСТАР НЕГЕ КӨПТЕП КЕЛМЕЙДІ?
Қазақстанда жыл сайын ірілі-ұсақты 10-16 мың сейсмологиялық толқудың болатынын жоғарыда тілге тиек еттік. Ал, жалпақ жұртқа олардың бірен-сарандары ғана хабарланады. Білінер-білінбес толқулар күнделікті болып тұрады. Олардың әрқайсысына Алматыдағы Сейсмология институты баға береді. Үш жыл бұрын аталған институттың басшысы ауысты. Басшылықтан Әнуар Боранбаев кетіп, оның орнына «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеев келді.
2017 жылы Әнуар Боранбаев бұл институтқа басшылыққа келген бойда жердің сілкінуін зерттейтін геофизикалық ғылымның күрделі саласының мұншалықты құлдырауына қайран қалып, сейсмология саласына ұзақ әрі табандылықпен көптеген өзгертулер енгізу керектігін айтқан еді. Дегенмен, тау-кен инженері мен геофизик маманы басшылық қызметте бір жыл ғана отырғандықтан, ойындағы шаруаны іске асырып та үлгермеді.
Үш жыл бұрын Әнуар Боранбаев білікті сейсмологтардың жетіспейтінін ашық айтқан болатын. Мәселен, бұл саладағы ғылым докторларының орташа жасы 77-ге жеткен. Ал, сейсмология саласына жастар келгенімен, олардың алға жылжулары оңай емес. Жас маман ондаған жылдар бойы инженерліктен ғылыми қызметкердің жолын ғана жүріп өтеді. Мәселен, жас маман ғылыми-зерттеу орталығына 21 жасында келіп, тек 40-50 жасында ғана кандидаттықты қорғай алады. Демек, жас маманға өсу мүмкіндігі аз. Оның үстіне мардымсыз айлық та алаңсыз өнімді жұмыспен айналысуға мүмкіндік бермейді. Содан бұл күрделі салаға жастар көп келмейді.
Әнуар Боранбаевтың бұл пікірімен Сейсмология институтының қазіргі басшысы Досым Сүлеев те, Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева да келіседі.
Жанна Дулатқызының айтуынша, базалық қаржыландыру мемлекеттік ғылыми ұйымдарға ғимараттарды ұстап тұруға, әкімшілік-басқару және техникалық қызметкерлердің айлығына, тағы да бірқатар шығынға бөлінеді, яғни онда ғылыми зерттеулер мен ғалымдардың еңбегіне қаржы қарастырылмайды. Олар тек гранттық немесе мақсатты бағдарламалық қаржыландыру аясында конкурс немесе конкурстан тыс рәсімдер арқылы ғана қаржыландырылуы мүмкін.
«Біз іргелі зерттеулермен айналысатын институттардың ғалымдары базалық қаржыландыру есебінен айлық алуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірақ, Ғылым туралы негізгі Заңды өзгертпей, бұл мүмкін емес», – деп мәселені жасырмай айтты Жанна Дулатқызы.
БАҚЫЛАУ СТАНЦИЯЛАРЫ НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?
Сейсмология институты болжамдарының нақтылығы бүгінгі күнде 50-70 пайызды ғана құрайды. Ал, Әнуар Боранбаевтың айтуынша, жер сілкінісінің табиғатын соңына дейін зерттеген адам жоқ.
Өкінішке қарай, Алматыда болатын жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес. Өйткені, нақты бір болжам жасау үшін сейсмикалық станциялар мен заманауи құрылғылардың саны жеткілікті болуы керек. Ал, 2001 жылдан бері біздің елдегі ешбір құрылғы жаңаланбаған көрінеді.
Экс-басшының мәліметінше, 40 сейсмикалық станция болуы тиіс Шығыс Қазақстан облысында екеу ғана жұмыс жасайды. Тіпті, мемлекет бойынша олардың саны бар болғаны – 63. Қазақстан сынды сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Жапонияның бір өзінде үш мыңнан астам бақылау станциясы бар екен. Ал, Күншығыс елінің жер көлемі біздің елге қарағанда жеті есеге аз. Біздің елдегі бұл жағдай нақты болжам жасауға, жер асты дүмпуінің қуаттылығын бағалауға, түптеп келгенде, апаттың алдын алуға кедергі келтіреді.
Өзекті мәселенің тағы бірі − қазіргі заманға лайықталған Қазақстанның дербес сейсмокартасының жоқтығы. Бүгінгі күнге дейін еліміз Кеңес Одағынан қалған сызбаларды қолданып келеді. Оларда бүгінгі қауіп-қатерлердің ескерілмегенін ескерсек, барлық аймақтағы сейсмокартаны жаңарту – уақыт күттірмейтін қажеттілік. Әрине, айтуға оңай болғанымен, алдан тағы бір үлкен мәселе шығады. Ол – қаржы тапшылығы.
Бұрынғы институт басшысы күрделі саладағы күрделі мәселелердің ішінен насихаты аз отандық сейсмология ғылымының да бүгінгі мүшкіл жағдайына тоқталды. Басқаны айтпағанда, отандық сейсмологтардың шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндіктері аз. Неге десеңіз, бұған да мемлекеттен мардымды қаржы бөлінбейді. Осыдан кейін «қатты жер сілкінісі болмайды» дегеннен арыға аса алмай жүрген сейсмологтарға сын айтып, мін тағудың жөні болмас.
Зілзаладан көз ашпайтын Алматы қаласының тұрғындары жер сілкінісі кезінде жиналатын қауіпсіз жерлерден бейхабар. Ал, ондай жерлерді анықтауға терең зерттеу жүргізу қажет. Қазіргі кезде компьютерлік зерттеу арқылы қай жердің құлап, қай жердің жарылатынын анықтауға болады. Бірақ, мемлекеттің барлық тұрғындарға мұндай ақпаратты беруге мүмкіндігі жоқ. Өйткені, тағы да қаржы тапшылығы бұған қолбайлау болып тұр.
Алатау баурайындағы қалада 12 мың адамды қамтитын 340-қа жуық жиналу пункті бар екен. Бұл 2 миллион халқы бар мегаполис тұрғындарының бір пайызына да жетпейтін үлес. Мамандар бұл санның 5-6 есе көп болу қажеттігін айтады. Бірақ, бұл мәселеге бас ауыртып жүргендер байқалмайды. Алматы қаласындағы жағдай осылай болғанда, сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын өзге облыстардағы жағдайдың қандай екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, жоғарыда айтқан Қазақстандағы 63 сейсмикалық станцияның 80 пайыздан астамы бір ғана Алматы аумағында орналасқан.
«Отандық бизнес те әлеуметтік салаға бағытталған ұйымдардан теріс айналады. Мысалы, Жапонияда көптеген корпорациялар сейсмология саласына қаржылық қолдау көрсетеді. Бізде неге бұлай емес?!» – деп күйінеді Әнуар Боранбаев.
ЖҮЗ ЖЫЛДА БІР РЕТ ЖОЙҚЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛАТЫНЫ РАС ПА?
Халық арасында сейсмикалық сауатсыздық жоғары. Бір ғана қарапайым мысал. Мектептерде жер сілкінісі кезінде көмек келгенше партаның астына тығылып отырудан басқа «құнды» кеңес берілмейді.
«Сауатсыздық кейде «Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болады» деген аңыз-әңгімелердің туындауына да себеп болады. Енді Алматы аймағында болған күшті жер сілкіністеріне тоқталып өтсем. 1887 жылы Верныйда, 1889 жылы Шелекте, 1910 жылы (кейбір деректе 1911 жыл) Кеминде жойқын жер сілкінісі болды. Ал, бұл жылдардың арасында ешқандай да байланыс жоқ. Сондықтан да, жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болмайды. Бұл – аңыз!» – деп анық-қанығын айтты сарапшы.
«Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болады» деген әңгіме халық арасында айтылғанда, ең алдымен, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Алматы тарихында (еліміздің тарихында деп те айтуға болар) болған ең қатты жер сілкіністері тілге тиек етіледі. Рас, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында болған жойқын жер асты дүмпулеріне тарих куә.
Ел тарихындағы жойқын жер сілкінісінің бірі – 1887 жылдың 9 маусымында орын алды. Ол кезде магнитудасы 7,3 балдық зілзала болды. Апаттан 332 адам қайтыс болды (сол жылдары Верныйда (Алматы) шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған), жүздеген ғимарат пен үйлер құлады.
Одан кейін 1889 жылы 12 шілдеде болған Шелектегі магнитудасы 8,3 балдық ірі зілзаладан 24 адам қаза тапса, 3 мыңға жуық нысан қирап қалды. Ал, 1911 жылдың 4 қаңтарында соққы күші 9-10 балл, ал магнитудасы 8,2 балл болған жер сілкінісі тіркелді. «Кемин жер сілкінісі» деген атқа ие болған бұл апаттан 616 үй қирап, 390 адам қаза тапқан.
ҚАЗАҚСТАН «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЖАПОНИЯСЫ» МА?
Ғимараттардың көбі сейсмикалық талаптарға сай тұрғызылып жатпағанын айтқан жөн. Мамандардың пікірінше, 1990 жылға дейін салынған ғимараттардың (тұрғын үйлер де бар) жартысына жуығы ескірген, ал бертін келе салынып жатқан биік ғимараттардың 30 пайызы зілзалаға шыдамайды. Кәсіпкерлердің үнемшілдігі мен құрылыс материалдарының сапасыздығы кейін үлкен апатқа әкелмесе игі. Ал, ірі қалаларға қоныс аударып, үй салып жатқан тұрғындардың сейсмикалық ережелерге назар аудармайтыны тағы бар.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері 2016 жылы 9 балдық жер сілкінісі болса, екі миллион халық тұратын қаланың жартысы жермен-жексен болатынын мәлімдеді. Боранбаевтың түсіндіруінше, мұндай қорытынды Алматы қаласының 200-дей ғимаратын сараптаудан өткізгеннен кейін жасалды.
«Біз Орталық Азияның өз Жапониясымыз, – деп салыстырды Әнуар Боранбаев, – бірақ Жапония жер сілкінісін құры болжаудан бас тартып, есесіне ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне баса назар аударып, апат туралы хабар тарату жылдамдығын арттырды. Олардың құрылыс сапасы тамаша. Жапон мамандары толқынның (цунами) биіктігін де дәл анықтай алады. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне адам баласы қауқарсыз. Алайда, осылай екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз секілді сейсмикалық қауіпті аймақтағы елден үйренеріміз көп».
Иә, Жапонияның ғимараттары анша-мұнша табиғат апаттарына сыр бермейді, ал біздегі жағдай қалай? Міне, бұл сұрақ қойылғанда сала мамандары да тілдерін тістеуге мәжбүр болады. Өйткені, ескісін айтпағанда, жаңадан салынған ғимараттардың да сапасы сын көтермейді.
Белгілі сәулетші Андрей Зенков (1863-1936): «Мен болашаққа сенемін, біздің қаламызда (Алматыны айтып отыр, – ред.) әдемі, көркем, үш-төрт қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады», – депті.
Бұл ХХ ғасыр басында Алматыны үйінді астына қалдырған жер сілкінісін көзімен көрген адамның пікірі.
Андрей Павлович неге үш-төрт қабатты ғимараттар жөнінде айтты? Өйткені, сейсмикалық аймаққа жататын Алматы қаласы үшін 20-30 қабатты ғимараттар тұрғызу өте қауіпті. Оның үстіне бүгінде ғимараттардың сапасыз салынып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Масқара болғанда, айдың-күннің аманында (жер сілкінісі болмай-ақ) жаңадан салынған ғимараттар қисайып, тіпті құлап та жатқан жоқ па?! Сондықтан да, жер қозғалған сайын алматылықтар тарихтағы жоғарыда аталған үш ірі табиғи апатты еске алып, қаланың болашағына күмәнмен қарай бастайды.
«Барлық сейсмикалық нормаларды сақтадық» деп өздерін жарнамалайтын жаңа тұрғын үй кешендерінің сапасы жайлы Әнуар Боранбаев сөз сабақтағысы келмейді. Неге десеңіз, сол құрылыс компанияларының басым бөлігі салынып жатқан ғимараттарды сараптамадан өткізуге тапсырыс бермейді.
Кеңес Одағы тұсында «Место сбора при землетрясении» деп жазылатын қарапайым тақтайшалардың өзі қазір ілінбейді. Осыдан кейін бұл тақырыпта әңгіме өрбіткісі келмеген Әнуар Боранбаевты түсінбей көріңіз!
2017 жылы Әнуар Боранбаев Парламент қабырғасында мемлекеттің қөзқарасы дұрыс болмай, сейсмологияда оң өзгерістің болмайтынын ашық айтты.
«Біздің жұмысымызға сын айтатындар көп. Бірақ, біз басқалар секілді қол қусырып отырған жоқпыз. Тым құрығанда бір нәрсе жасауға талпынып жүрміз. Айтыңызшы, тоқсаныншы жылғы ескі көлікпен алысқа бара аласыз ба? 100 шақырым қашықтыққа жететін бензинмен алыстағы Парижге жету мүмкін емес қой», – деп мысал келтірген Әнуар Боранбаев түсінген адамға үлкен ой тастады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ал, апат айтып келмейді ғой. Бүгінде Қазақстан табиғат ананың тосын мінезіне мүлдем дайын емес. Біле-білген адамға бұл жүрдім-бардым қарайтын сала емес, өйткені сейсмология салғырттықты көтермейді.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Әлем бойынша биыл ең көп адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі 14 тамызда Кариб теңізінде орналасқан Гаити Республикасында болды. Магнитудасы 7,2 балдық табиғи апаттан 12 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2 207 адам ажал құшты. Ал, осы ХХІ ғасырдағы ең жойқын жер сілкінісі 2004 жылы Индонезияда, 2010 жылы тағы да сол Гаитиде тіркелді. Біріншісінен 230 мың, екіншісінен 222 мың адам қайтыс болды.