Текелі қаласына – 70 жыл

0
1371

Биыл Текелі қаласының құрылғанына 70 жыл толып отыр. 1952 жылдың 29 қаңтарында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығы бойынша Талдықорған облысы Талдықорған ауданындағы Текелі жұмысшы поселкесі облыстық бағыныстағы қала болып өзгертілді. Содан бері шағын қала өндіріспен қуаттанып, өркендеу мен өрлеудің жолына да түсті, тұрғын үйлер, ғимараттар бой көтерді, әлеуметтік нысандар ашылды, күрделі кезеңдердің қыспағынан да өтті, уақыттың жалына жабысып, жетпісінші көктеміне де жетті.

Жетісудың жерұйық мекені Текелі ежелден мал мен жанға жайлы, сулы, нулы жер. Тау қойнауындағы қазба байлығы ХІ ғасырдың өзінде көш-пенділердің тұрмыс қажетіне жараған. Заман өркениетке қадам басқан сайын таудың ен байлығы көзден таса қала ма, 1840 жылдары Жоңғар Алатауын зерттей бастаған орыс ғалымдары осында із салып кетті. Кейін геолог А.П.Казанскийдің еңбектерінде Текелі түсті металл кен орны туралы айтылды. Қыстаудан жайлауға еркін көшіп, көктеу мен күзеу орындарын да өздері жайлаған жергілікті халықтың ортасына сырттан геолог, зерттеуші, түрлі мамандар келіп қоныстанып, 1911 жылы қорғасын кен орындарында алғашқы үйлердің құрылысы басталды. Сөйтіп, пайдалы қазбаларды зерттеп-зерделеуге ден қойылып, 1927 жылы Текелі елдімекеніне кент мәртебесі берілді. 1937 жылы Текелі кен орны өнеркәсіптің өрісін кеңейтетін ірі нысан ретінде анықталып, кәсіпорынның жоспарлы құрылысы басталды. 1942 жылдың 22 тамызында КСРО ХК-ның Текелі қорғасын-мырыш комбинатын құру туралы қаулысы шығып, ірі кәсіпорынның қуатты қадамы басталды. Иә, Текелі қаласының тіршілік ұйытқысы, әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегі болған өндіріс кешенінің құрылғанына биыл 80 жыл толады.

Қаламен құрдас Текелі қалалық соты, білім бөлімі, коммуналдық қызмет бөлімі және «Текелі тынысы» («Текелийский рабочий») газетіне де биыл – 70 жыл. Мерейлі жылымыз жемісті болғай!

Ұлжан Ұлдаханқызы,
Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here