Мүгедектікті «сырттай анықтап тағайындау» жобасы жалғасады

0
457

Биыл мүгедектігі бар азаматтардың 20%-ы тиісті мәртебені сырттай тағайындау қызметімен қамтылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында осындай мәлімет берді.

«Мемлекет басшысы 2021 жылдың ақпан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды, қағазбастылықты алып тастауды тапсырды. Осыған байланысты біздің министрлік Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, мүгедектікті сырттай анықтау бойынша шаралар қабылдады. Бүгінгі таңда еліміздің барлық 17 өңірінде мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл ретте азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға ғана жүгінеді, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы адамның қатысуынсыз өтеді. Жалпы биыл біз мүгедектігі бар азаматтардың 20%-ын осы тәсілмен қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Серік Шәпкенов.

Министрдің мәліметі бойынша, 23 ақпандағы жағдай бойынша сырттай форматта 6 753 өтінім қаралған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді. Портал қызмет жеткізушілерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, ал мемлекет тауардың немесе қызметтің құнын өтейді. Осының арқасында кейбір жағдайларда қызметтерді алу мерзімі алты айдан 2 аптаға дейін қысқарды. Нәтижесінде 2021 жылы Портал арқылы 371 мыңнан астам қызмет көрсетілді және оңалту бағдарламаларының орындалуы 2019 жылғы 62%-дан 2021 жылы 88%-ға дейін ұлғайды, ал биыл оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейі 90%-дан асады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, министр 2020 жылдың қараша айынан бастап халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін онлайн режимде көрсету бойынша пилоттық жоба кезең-кезеңімен іске қосылғанын атап өтті.

«Бұған дейін азаматтар жұмыс іздеу және жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығына, ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі тиіс болатын. Қазір бұл қызметтерді Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн алуға болады. Сонымен қатар, жұмыссыз ретінде тіркелу мерзімі 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. 2021 жылы 149 мың адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелді, оның 33%-ы онлайн-форматта тіркелді, азаматтардың 60%-ы жұмысқа онлайн түрде орналастырылды», – деді Серік Шәпкенов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here