Абзал Құспан: «Бейбіт басталған шеруді мүдделі топтар жаппай тәртіпсіздікке ұластырды»

0
1338

Кеше, 14 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссияның мүшесі, адвокат Абзал Құспан өз жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.

«Соңғы бірнеше апта көлемінде «Аманат» қоғамдық комиссиясы өңірлерге шықпай-ақ өз жұмысын орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары арқылы жүйелі түрде атқаруға көшкеніне назарларыңызды аударамын. Осы атқарылған жұмыстар республика көлемінде сол «қаңтар оқиғалары» бойынша жалпы картинаны білуге және оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар мен олардың қызметіндегі бірқатар кемшіліктер мен жетістіктері туралы алдын ала қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, қоғамды мазалайтын ең маңызды сұрақтардың бірі – «Қаңтар оқиғасы сияқты қанды қырғын қалай болды? Терроризм болды ма? Оны ұйымдастырушылар болды ма?» деген мағынада, сол себепті осы мәселелер бойынша қысқаша тоқталып кетейін. Барлық өңірде сол жаппай тәртіпсіздікке қатысушылармен болған кездесу нәтижесінде бәріне бірдей ортақ мынадай белгілері бары анықталды:

  • жаппай тәртіпсіздіктің бір кезең, бір уақыт аралығында басталуы;
  • арандатушы топтың болуы, олардың ортақ бір талаптарының болуы, мысалы, барлық жерде де бейбіт митингіге шыққан көпшілікті облыс, қала әкімшілігін басып алуға үгіттеушілердің болғаны;
  • жекелеген жағдайда құқық қорғау органдарының уақытылы қимылдамауы, кейде мүлдем әрекетсіздік танытуы;
  • оңтүстік өңірлерде, бейбіт митингіге қатысушылар бұрын өздері көрмеген, танымайтын әскери тәртіпті, белгісіз адамдардың болғаны, т.б.

Бұл жағдайлар әу баста бейбіт басталған митингілерді жаппай тәртіпсіздікке ұластыруға мүдделі топтардың болғаны және олардың орталықтандырылған түрде мақсатты жұмыс істегеніне біздің көзімізді жеткізе түсті», – деді адвокат.

Абзал Құспанның айтуынша, арандатушылар қоғам өкілдері мен халықты пайдаланды.

«Қаңтар айының алғашқы күндерінде осындай әрекеттер жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар тарапынан анық көрініс тапты, өкініштісі сол – осы мақсатта олар қарапайым қоғам өкілдерін, қарапайым халықты пайдаланғаны. Алдағы уақытта жергілікті прокуратура органдары өз қызметтеріндегі мынадай кемшіліктерге назар аударуын сұраймын:

  • бір ел, бір қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекс бола тұра, әр өңірдегі тәжірибенің әртүрлілігі;
  • жергілікті жердегі құқық қорғау органдарының басшылығы жағдайдың қоғамдық, әлеуметтік, саяси маңызын түсіне бермейді;
  • қоғам өкілдерімен, азаматтармен жұмыс басынан бастап дұрыс жолға қойылмаған;
  • әлеуметтік желінің қазақ тілді сегментіне мониторинг жасамайды.

Қылмыстық-процестік кодекстегі тергеу құпиясын алдыға тартып, негізгі жауапкершілікті сот органдарына жүктеп, өздерінен ысыра салғысы келетіндей сыңай байқалады», – деп ойын түйіндеді Абзал Құспан.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here