Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қалай аталып өтіледі?

0
11550
Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіледі. Соған байланысты Үкімет комиссия құрып, Жалпыреспубликалық жоспарды бекітті

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына көз жіберіп қарасақ, тарихымыздың төрінде жарқырап ірі, сом жаратылысты, дарыны ерекше алыптардың шыққанын көреміз. Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы деген айырықша атпен енген осы бір киелі де қасиетті ұғымдар да осы кезеңнің еншісінде. Қазақтарға өз мемлекетін құру үміті ояна бастаған сәт те осы шақ. Ал, осы бастаманың басында Алаш серкелері тұрды. Сол көшбасшының бірі, тұтас буынның төл басы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған тұңғыш ұлттық әліппенің авторы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ақын-аудармашы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақтың тұңғыш білім министрі, қоғам және мемлекет қайраткері, өз халқын шексіз сүйген патриот – Ахмет Байтұрсынұлы.

2021 жылы шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына ескерткіш ашылды

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ ЮНЕСКО КӨЛЕМІНДЕ ТОЙЛАНАДЫ

Ұлт әдебиетін ұлы мұратқа жеткізудегі Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі орасан. Әсіресе, рухани қазына жасауда. Ал, шығармашылығы ғибратқа толы. Міне, саналы ғұмырын тек баянды бейнетке арнаған Алаштың рухани көсемінің туғанына биыл 150 жыл.

Өткен жылдың қараша айында Үкімет арнайы қаулы шығарып, мерейтой ЮНЕСКО деңгейінде әлемнің бірнеше елінде аталып өтілетіні айтылып, комиссия құрамы бекітіліп, комиссия мерейтойға дайындық және оны өткізу жөніндегі 63 пункттен  тұратын ауқымды жоспар әзірленген болатын. Бүгінде сол жоспарда бекітілген түрлі бағыттағы іс-шаралар біртіндеп жүзеге асуда.

Таяуда Елордада осынау мерейтойдың  ашылу салтанаты өтіп, жиын «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасып, үлкен іс-шараға халық қалаулылары, мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, алаштанушы мен ахметтанушылар, отандық және шетелдік ғалымдар қатысқан болатын. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жиынның алғашқы сөзашарында осыдан жүз жыл бұрын, Ахаңның 50 жылдық мерейтойының қалай атап өтілгенін, оған кімдердің қатысқанын қайыра еске алып, сөзін былайша сабақтап еді:  «Ахаңның 50 жылдығына кімдер қатысқанын еске түсірейікші. Мерейтойдың өтуіне тікелей мұрындық болған Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезов. Алқалы жиында Смағұл Сәдуақасов негізгі баяндаманы жасады. Сөз соңында «Аха, біз Өзіңіз бастаған жұмысты жалғастырамыз» дегенде, жиналған жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсетті дейді көз көргендер. Сол тойдың басы-қасында Елдес Омаров, Әбдірахман Байділдин, Ғалым Ахметов және басқа да қайраткерлер жүргенін білеміз. Одан бөлек Сұлтанбек Қожанов пен Иса Тоқтыбаев Ахаңның 50 жылдығын Ташкентте кең көлемде атап өтіп, мерейтой иесін арнайы қонаққа шақырды. «Ақ жол» газетінің бір нөмірі тұтастай Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналды. Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды. Ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол «Қазақ тіл білімінің атасы», «Ұлт ұстазы» атанды».

Иә, Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз. Әуелгіде көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан ауыл іргесіндегі мектептен сауат ашып, талапты бала табиғи зеректігінің арқасында оқуын орыс-қазақ училищесінде, одан Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. Алғаш ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаздық етті. Бос кездерде көп ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысты. Сөйтіп жүріп ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді батыл ойшыл бедел-атағы жайылып, таныла бастайды. Тынымсыз ізденудің нәтижесінде ана тіліне деген құштарлығы мен құрметі артып, қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алып, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Араб әліпбиін оңайлата отырып төте жазуды құрды. Бұл тарихта  «Байтұрсынұлы жазуы» боп таңбаланды. Сөйтіп, жан-жақты жүйеленген «Тіл құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби», «Тіл жұмсар»  сынды оқулықтар дайындап, баспадан кітап етіп шығарды.

Бұл турасында 1923 жылы 4 ақпанда шыққан «Ақ жол» газетінің 270-ші санында: «Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді», – деп жазылған. Бұдан біз қазіргі қазақ тіл ғылымын тұжырымдап берген Ахмет Байтұрсынұлы екенін көреміз.  

Шағын мақала аясында тіл мәселесінен бөлек Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының негізгі арналарына аз-кем тоқталып өтелікші.

Ахмет Байтұрсынұлы тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер болса, қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап көрсетуде де сондай кемеңгер бірден бір ғалым. Тіл мен әдебиет ғылымын бірін-бірінен бөле-жара қарамады. Ахаңның әдебиеттегі жүйелі зерттеу еңбегі  –  «Әдебиет танытқыш». Бұл еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымының ары қарайғы дамуына зор бағыт болды.

Ахаң – фольклортанушы. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы еңбектерін атасақ, мәселен, көркемдігі ерекше «Ер Сайын» жыры мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағы әдебиетімізге қосқан орасан дүниелер қатарына енді.

Алашшыл тұлғаның «Қазақ» газетінде атқарған еңбектеріне үңілсек, қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткерлігін байқаймыз. Аталмыш газеттің бас редакторы болып, оның алғашқы нөмірінде газет атауына қатысты былайша түсінік берді: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы». Және Ахаңның сондағы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегені қазақ баспасөзінің басты ұранына айналды. Ол зиялы қауымға газеттің қоғамдағы алатын орнын ұғындырып, басылым халық үшін аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті.

Тұлғаның елу жылдық мерейтойында Мұхтар Әуезовтің «Қазақ» пен Ахаң туралы келтірген әдемі ойларына оралайықшы: «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол кезде мектеп ішінде жүрген бала едік. Сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Ал, бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын… Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын… Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш –мәңгілік ескерткіш».

Иә, Ахмет Байтұрсынұлы есімі мәңгілік, еңбектері де мәңгілік ескерткіш-естелік болып қалары сөзсіз. Әсіресе, қайраткердің ұлттық «Алаш» партиясын жандандыруға тікелей атсалысқан және Алаш елін құруға бағытталған ойлары мен тұжырымдары біздің мына ғасырымызда да өз құнын жоғалта қоймағанын байқаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы орнын Сәкен Сейфуллиннің («Еңбекші қазақ», 1923  жыл, 19 қаңтар) мына сөзімен түйіндесек: «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді… Оның әдебиет пен тіл құралдарына қылған қызметі таудай».

Өткен айдың соңында Елорда төрінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

БИЫЛ ҰЛТ ҰСТАЗЫ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

Жыл соңында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса бастаған бір топ депутат қазақтың рухани тұтастығын, әдеби тілінің тазалығын сақтауға бар ғұмырын арнаған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Жыл басында Ералы Лұқпанұлы халық қалаулыларының 16 ұсыныстан тұратын бұл депутаттық сауалына жауап қайтарып, Ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталған еді.

Сонымен, Премьер-министрдің орынбасары Мәжіліс депутаттарының жоғарыдағы ұсыныстарына берген жауабында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар аясында Алаш қайраткерінің шығармашылық мұралары халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихатталатынын алға тартып, Қостанай облысына қарасты Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей үйі етіп ашу; Байтұрсын әулеті қорымының қоршауын жаңарту; Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу; Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу; Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей үйін абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда барын айтқан екен.

«Ахмет Байтұрсынұлының есімін облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелерге (даңғылдарға) беру мәселесі жергілікті жерлердің ономастикалық комиссия отырыстарында қаралатын болды. Бұл мақсаттағы жұмыстар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан іске асырылады», – делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны, Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылғаны, Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түркі әлеміне насихаттау мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымының, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу, Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Бакуде «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қалаларында мерейтойға арналған іс-шараларды өткізу қарастырылғаны айтылған.

Жоғарыда Ералы Лұқпанұлы атап өткен «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық конференция Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық (ТҮРКСОЙ) ұйымының қолдауымен өтті. Конференцияға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан елдерінің ғалымдары қатысты. Бұл басқосуда Ахаң туралы осы күнге дейін 52 еңбек жазған филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» кітабының тұсауы кесілді және Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректі фильм көрсетілді.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясы көрерменге жол тартқан болатын. Ал, күзде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің барлық кезеңдерін қамтитын «Соңғы үкім» көркем фильмінің түсірілімін бастады.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің барлық кезеңдерін қамтитын «Соңғы үкім» көркем фильмінде Ахаңның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдайды

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген Ахмет Байтұрсынұлының биыл осылайша ұлықталатыны қуанарлық жағдай. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс  саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек. Ал, ғылым мен мәдениетімізге қалтқысыз еңбегі сіңген терең ойлы Ахмет Байтұрсынұлы ұрпағының жадында зерделі тұлға боп мәңгілік сақталары анық.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here