Түркілерге әлемді тізе бүктіруге көмектескен құндылық

0
4032

Адам баласының атты ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы, шын мәнінде, ұлы жаңалық болды. Ердің шығуы жайында Орта Азия халықтарында мынадай аңыз бар: «Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, артын жарақаттап алады, ауырған жерін жеңілдету үшін атының арқасына иленген қамыр салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып, қамырдың аттың арқасына келісті формаға келіп қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін ат үстіне тұзақ тастап, оған аяғын салады, содан аяғының талғаны қояды. Сонда патша жайма нанның формасындай етіп ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп, бұл нәрсені ер деп атайды».

Сыртқы бітім ерекшелігіне орай ердің «қазақ ері», «қоқан ері», «құранды ер», «ашамай ер», «қазық бас ер», «орыс ері» деп аталатын көптеген түрлері бар. Ер-тұрманның құрамына ердің жеке басынан басқа тоқым, желдік, терлік, тебіңгі, үзеңгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, жүген, жабу, ат көрпе, тұсау, шідер сияқты заттар да қосылады. Осылардың бәрін халық күнделікті өмірде ер-тұрман демей, ер-тоқым деп атай береді.

Еуропалықтардағы нағыз ер-тұрман туралы мәліметтерді 340 жылы Рим тағының мұрагері кіші Константинді өлтіруге байланысты оқиғадан, 385 жылы Император Феодосийдің пошта аттарына салынатын ер-тоқымның салмағы 60 фунттан аспасын деген ережесінен кездестіруге болады. Ал, Орта Азияның ғұндары алдыңғы және артқы қасы бар, сүйегі ағаштан жасалатын қатты ерлерді б.з.д. ІІІ ғасырлардан кейін-ақ кең қолданыла бастаған екен. Сондай-ақ, ерлерді бірінің үстіне бірін қойып, бекіністер жасағаны жөнінде мәліметтер де айтылады.  

Ер-тұрман жабдықтарын жасау кез келген адамның қолынан келе бермеген. Халық ішінен шыққан шеберлердің қолынан ғана жасатушының ұлына немесе қызына арналып жасалған. Ер-тұрман жабдықтарын жасайтын шеберді – ерші дейді. Ершілер көбінесе ағаш ұсталығын, темір ұсталығын, зергерлік өнер мен үйшілік, тігіншілік, өрімшілік өнерін қатар меңгерген әмбебап шебер болып келеді. Хандар, сұлтандар, байлығы тасыған байлар ерінің алдыңғы қасына асыл тастардан ботакөздер орнатқан. «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында Есім ханның ер-тұрманының гауһар таспен безендірілгені сөз болады:

«Тоқымға желдік мінеді,
Еріне гауһар орнатқан,
Жабдықталған алтынмен.
Тіллә, дабыл төңкеріп,
Жаңалап ат мінсін деп,
Армансыз болып жүрсін деп».

Көшпелі түріктер ер басын әшекейлеуге алтын, күміс, асыл таспен қоса, түйе, жылқы, сиыр секілді ірі малдардың жақ, жауырын, қабырға сүйектерін пайдаланатын болған. Ер-тұрман жабдықтарын әшекейлеу VII-VIII ғасырларда Шығыс Еуропа және сібірлік көне түркі тайпаларынан басталған. Бұл ретте, әсіресе, аварлар ерекше рөл атқарған.

Қазақтардың сән-салтанатты ер-тұрмандары туралы ақпарлар жазба деректерде кездеседі. Табиғаттанушы Герман салт атты қазақпен кездескенін, ер-тұрманның «алтынмен апталып, гауһар, лағыл… тастармен» әшекейленгенін жазады. Қазақтың қандай кәсіпке болмасын табиғатынан қабілеттілігіне сүйсінбеске, қарапайым құралдармен тамаша ер қапталдарын жасап, алтын, күмістен әсем бұйымдар жасайтындығына таңданбасқа болмайды. Дәл сондай ерекше ер-тұрманның бірі – Батыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музейінің қорына 2003 жылы тапсырылған екен.

Толық жиынтықта алынған ер-тұрман өте бай және әртүрлі әшекейлермен ерекшеленеді және сирек үлгілерге жатады. Жиынтықтағы әрбір зат сөзсіз көркемдік құндылыққа ие. Ер-тұрманның томағасы алтын жалатқан металға өсімдік тәрізді ою-өрнек ойылып жасалған, астары қызыл түсті киізден жасалған. Жоғарыда қызыл түсті сапфир тасы тағылған. Өсімдік тәрізді оюдың шығуына негіз болып ашылып тұрған гүл тәріздес оюдың дәл ортасына бекітілген тас. Шеттерінде арнайы шеге қағуға арналған орындары бар. Ердің томағасы металмен әсемделіп қағылып, астыңғы бөлігі киізбен қапталған. Алдыңғы және артқы қасы былғарыдан жасалған. Ат әбзелдегі жазуға қарағанда ер-тұрман хан тұқымынан шыққан беделді адамға тиесілі екендігі анықталды. Ер-тұрманды жасауда алтын жалатқан металл қолданғандығы да сол себепті деуге болады. Ер-тұрман қажы Рахим Даменнің ағасына тиесілі болған. Музей қорындағы бұл жәдігер сирек кездесетін үлгілердің бірі және өте құнды сапалы материалдармен ерекше үлгіде жасалуымен ерекшеленеді.

Халық қолөнерінің түп тамыры халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер – ер жасауы бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол жаңа заман талаптарымен үндесе тарап, ақыл-ойды асқарға, қиялды қиялға жетелейтін киелі мұра.

Аяулым ТЕМІРОВА,
Батыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here