Қазақстан дәрі-дәрмектің 87%-ын сырттан сатып алады

0
1427

Фармацевтика – әлемдегі ең табысты салалардың бірі. Бұл сала былтыр 1,18 трлн долларға сауда жасап, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 1,4%-ын құрады. Әлемдегі 4,4 млн адам фармацевтика саласынан нәпақасын тапты (бұл қатарға дәріханадағы сатушылар кірмейді). Ал, жоғары сұранысқа ие саладан көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардың көшін әдеттегідей АҚШ бастайды. Сондай-ақ, фармацевтика өнімдерін ең көп шығаратын елдердің алғашқы ондығына АҚШ-пен қатар Қытай, Жапония, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Испания, Бразилия және Канада енеді. Мысалы, АҚШ-тың Johnson & Johnson фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 459,8 млрд долларға бағаланады. Дәрі-дәрмек сатудан алдына ешқандай компанияны салмайтын фармацевтикалық алпауыт 2021 жылы 93,7 млрд долларға сауда жасады. Сөйтіп, компания бір жылда 20,8 млрд доллар таза табыс тапты. Онда 135 мыңдай адам еңбек етеді. Табысы көл-көсір фармацевтикалық алпауыттардың қатарында АҚШ-тың бес, Швейцарияның екі, Ұлыбритания, Қытай, Германияның бір-бір компаниясы бар. Алғашқы отыздықтан Жапония, Үндістан, Израиль, Дания, Франция елдерінің де компанияларын көруге болады.

ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?

Рас, Қазақстан жоғарыдағы елдер сияқты фармацевтикадан пайда табудан бұрын өзінің ішкі нарығын да дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отыр. Тағы да статистикаға жүгінейік. 2021 жылы Қазақстан 1,11 млрд долларға 21,7 мың тоннаға жуық дәрі-дәрмек сырттан сатып алған. Оның басым бөлігін еліміз Ресейден (7 550 тонна), Үндістаннан (1 927 тонна), Германиядан (1 781 тонна) және Қытайдан (1 318 тонна) тасыған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы мәліметіне сенсек, елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын қамтамасыз ету деңгейі 13% ғана, қалғанын сырттан тасимыз. Яғни, дәрі-дәрмектің 87%-ы – импорттық өнімдер. Ал, Қазақстанның фармацевтика саласы импортқа тәуелді болғандықтан, ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына көбіне тосқауыл бола алмаймыз. Мәселен, Energyprom.kz мәліметінше, жыл басынан бері дәрі-дәрмек бағасы 3%-ға, жекелеген дәрілер бағасы 10-40%-ға қымбаттаған. Бір жылда Hylak forte (42,1%), Aciclovir (12,3%), Essentiale forte N (11,4%), No-Spa (10,1%) және басқа да дәрі-дәрмектердің бағасы айтарлықтай өскен.

Әрине, ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек көлемінің 87%-ның импортқа тиесілі болуы жақсылықтың нышаны емес. Бұл дабыл қағарлық мәселе. Дегенмен, бір жылдары импортқа толық тәуелді болғанымыз да рас. Соңғы жылдары бұл мәселенің беті бері қарағандай болды. Мәселен, EnergyProm сараптама агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда фармацевтика нарығы белсенді дамып келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында негізгі фармацевтикалық өнімдердің шығарылымы баға есебі бойынша 11,1 млрд теңгені құраған және өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткішті көрсеткен. 3,9 млрд теңгеге өнім шығарған Шымкент қаласы көш бастады. Екінші орында Алматы облысы (3,5 млрд теңге), үшінші орында Алматы қаласы (2 млрд теңге) тұр. Дәл осы үш өңірге елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90%-ы тиесілі. Дегенмен, елімізде негізгі фармацевтикалық тауар мен препараттар өндірісінің өсуіне қарамастан, импорт көлемі азаймаған. Мысалы, былтыр импорттық антибиотиктердің үлесі – 85,2%-ды, дәрумендер және олардың басқа түрлерінің үлесі – 100%-ды құрады.

Қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп жалпы 79 кәсіпорыннан тұрады. Олардың қатарында ірі де, ұсақ та медициналық өнімдерді шығаратын өндірістер бар. Ал, елімізде шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы ірі 6 зауыттың үлесіне тиесілі. Олар: «Химфарм» (SANTO сауда белгісі), «Глобал Фарм», «Нобел АФФ», «Ромат», «Нұр-Май Фарм» және Қарағанды фармацевтикалық кешені.

Осы салада тынымсыз еңбек етіп келе жатқан өнеркәсіп орындарының ішінде Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ – Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің алпауыты саналады. Өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы – 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтысын, 4,5 млн сұйық пероральді дәріні, 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтысын құрайды.

Алматы қаласындағы «Нобел АФФ» АҚ-ның қуаттылығы – жылына 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн шырын мен суспензия құтылары, 10 млн туб кремдер мен гельдер. 

Дегенмен, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге бұл аздық етеді. Мәселені шешу үшін тағы осындай ондаған ірі фармацевтикалық компания ашу керек. Ал, компания ашу оңай болғанымен, оны мамандармен, шикізаттармен қамтамасыз ету өз алдына күрделі мәселе. Ал, осы мәселелерді шешпей тұрып, отандық фармацевтиканың қашан оңалатынын жорамалдап айту да мүмкін емес. 

ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛА МА?

Өкінішке қарай, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс та дәрі-дәрмек бағасына кері әсер етеді. Біріншіден, доллар мен еуро қымбаттады. Екіншіден, санкция құрсауында қалған Ресейде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады. Бұл екі фактор да отандық нарықтың оң жамбасына келмейді. Өйткені, былтыр импорт көлемінің үштен бірі Ресейге тиесілі болды. Солтүстіктегі көрші елден 92,7 млн долларға 7,55 мың тонна дәрі-дәрмек сатып алдық. Қазақстанға дәрі-дәрмек импорттаушы ТМД елдерінің арасында Украина мен Беларусь елдерінің де үлесі зор. 2021 жылы біріншісінен 879  тонна, екіншісінен 863,8 тонна фармацевтика өнімдерін тасыдық.

Бүгінде Ресей, Украина және Беларусьте саяси да, экономикалық та ахуал өте күрделі. Украинадағы соғыс, Ресей мен Беларуське салынған санкция фармацевтика нарығын да шатқаяқтатып жіберді. Қазақстан экономикасында бұл үш елдің де өзіндік орны бар. Ал, күрделі геосаяси жағдай экономиканы да айналып өтпеді. Бұл елдермен алыс-беріс, барыс-келіс қиындады. Украинадан дәрі-дәрмек жеткізу уақытша тоқтатылды. Ресей мен Беларусьте оның тапшылығы сезіледі. Яғни, олар дәрі-дәрмек экспортына тыйым салуы мүмкін. Тасымал мәселесі де жығылғанға жұдырық болды. Қазірдің өзінде санкцияға байланысты Еуропа елдерінде логистика саласында бірқатар кедергілер бар. Демек, жақын арада дәрі-дәрмек бағасының күрт өсуін және оның тапшылығын жоққа шығаруға болмайды.

Қазақстанда 8 мыңнан аса дәріхана барын, оларды отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі 13%-дан аспайтынын жоғарыда жаздық. Жалпы, дәрі-дәрмек тапшылығы мен олардың бағасы туралы осы саланы бес саусағындай білетін сарапшылардан сұрадық.

Негізі 2014 жылы қаланған елімізде Europharma компаниясы бар. Шымкенттегі жалғыз дәріханадан басталған бұл кәсіп бүгінде Қазақстанның 12 қаласында 180-нен астам дәріханасы бар алпауыт компанияға айналды. Осы Europharma дәріхана желісінің өкілі Ержан Ниязәлиев соңғы жағдайларға байланысты дәрі-дәрмек нарығында кедергілердің жоқ еместігін жасырмай айтты.

«Europharma дәріхана желісіндегі барлық ассортименттің 45%-ы – импорттық өнімдер. Біз AstraZeneca (Ұлыбритания), KRKA (Словения) және Bayer (Германия) сынды жеткізушілермен тікелей жұмыс істеуді жалғастырып келеміз. Қазіргі уақытта бізде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалмайды. Бірақ, Украинаның екі ірі дәрі-дәрмек шығаратын зауытының өнімдері тоқтатылғаны рас. Себебі, Украинадағы күрделі жағдайға байланысты «Фармак» пен «Фармамед» зауыттарының жұмысы уақытша тоқтатылған болатын», – дейді Ержан Ниязәлиев.

Спикердің айтуынша, Түркия арқылы жеткізілімдер бойынша аздаған кідірістер бар.

«Біз қазір Түркиядан импорттық тауарларды елге жеткізуде Әзербайжан арқылы логистиканы қарастырып жатырмыз. Жалпы, жеткізу бойынша ешқандай мәселелер туындап жатқан жоқ. Шетелдік серіктестермен күн сайын байланыстамыз, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдаймыз», – деп толықтырды Ержан Ниязәлиев.

«MedHouse Kazakhstan» ЖШС директоры Самат Исабаев та оның компаниясы қазір өнім жеткізу үшін жаңа көлік дәліздерін пысықтап жатқанын айтты. Бірақ, бұл басты қорқыныш емес, қазіргі таңда кәсіпкерлерді алаңдатып отырған мәселе – бағаның айырмашылығы мен ресейлік өндірушілердің біздің нарыққа кіру қаупімен байланысты екен. Самат Исабаев осы мәселеге назар аударды.

«Енді ресейлік бизнес елімізге келуі мүмкін. Олар біздің тұтынушыларға жақсы ұсыныс жасай алады. Ресейліктердің бізге қарағанда мүмкіндіктері мол екенін мойындау керек», – дейді «MedHouse Kazakhstan» ЖШС директоры Самат Исабаев.

Тұтынушының пайдасына шешілмейтін тағы бір мәселе – теңгенің құлдырауы. Бұл фактор қазақстандық нарыққа айтарлықтай қатты әсер етеді. Өйткені, баға айырмашылығы тауардың өзіндік құнына тікелей байланысты.

«Бізде қытайлық және еуропалық жеткізушілер алдында долларлық міндеттемелер бар. Соңғы күндердегі доллардың өсуі бізді дәрменсіз жағдайға қалдыруы мүмкін. Себебі, доллар бағамы өскен кезде, импорттық өнімнің де бағасы қымбаттайды. Сөйтіп, шығын одан да көп болады», – деп түсіндіреді Самат Исабаев.

Бір атап өтерлігі, 2021 жылғы 18 қыркүйектен бастап Қазақстанда кейбір дәрі-дәрмектердің шекті бағасы бекітілетін бұйрық қолданысқа енді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жарты жыл сайын кейбір дәрі-дәрмектердің шекті бағасын белгілеп келеді. Ал, бағаны негізсіз көтергендер «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қылмыстық кодекстің 426-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Көптеген дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан реттеледі әрі бөлшек саудада шекті баға белгіленеді. Алайда, қазіргі уақытта теңгенің әлсіреуіне байланысты бағаны қайта қарау керек», – деп санайды Ержан Ниязәлиев.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің наурыз айының басында таратқан мәліметтеріне көз жүргіртсек, министрлік бөлшек сауда сегментінде дәрілік заттардың бар-жоғына қатысты мониторинг жүргізген, әзірге тапшылық байқалмайды. Оның үстіне дәрілік заттарды тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді. Дегенмен, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс аяқталмаса, дәрі-дәрмек бағасы көтеріліп, оның тапшылығы болуы мүмкін.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстанның АҚШ, Қытай, Жапония, Германия елдері сияқты фармацевтикадан пайда табудан бұрын өзінің ішкі нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны ащы ақиқат. Ал, осыдан 12 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ішкі нарықты 50% отандық өнімдермен қамту көзделген болатын. Қазіргі көрсеткіш – 13%. Демек, жоғарыдағы мемлекеттік бағдарламаның нәтижесіз болғанын мойындауға тура келеді. Өйткені, бағдарламада көтерілген мәселелердің бәрі толыққанды жүзеге асырылғанда, отандық фармацевтиканың да аяқ алысы дәл бүгінгідей нашар болмайтын еді. Ал, бұл сала салғырттықты көтермейтінін коронавирус пандемиясы анық көрсетті.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here