Қарапайым халықтың тапқан-таянғанын тонағандарға қашан тоқтау болады?

0
2501

Айдың-күннің аманында Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында 32 жастағы Бағила Досмайылова есімді әйел өз-өзін өртеп жіберді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, денесінің көп бөлігін күйік шалған келіншектің жағдайы ауыр, аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Кейін оның қаржы пирамидасынан зардап шеккендігі анықталды. Атап айтқанда, ол «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасы ісі бойынша жәбірленуші деп танылған және аталған компанияға 20 миллион теңгесін құйған. Бүгінде құзырлы органдар бұл мәселе бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл – алаяқтарға алданып, тұзаққа түскендердің басы емес. Өкініштісі сол, аяғы да болмауы мүмкін. Ғайыптан тайып байлыққа кенелемін дегендер, артынан опық жегендер мыңдап саналады. Бірі дүние-мүлкінен, басыбайлы баспанасынан айырылса, енді бірі өз өмірлерін қиюға дейін барады. Қараша халықтың тапқан-таянғанын тонағандарға қашан тоқтау болады? Алаяқтарға алданудың сыры неде? Опық жегендерді заң қорғай ала ма? Тарқатайық.

АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН ЖИЯР ЕМЕС

«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқ». Бүгінде жылдам байлыққа кенеліп, әккі алаяқтардың арбауына түскен әлеуметтің саны жыл сайын артпаса, кемитін сыңай танытпайды. Ресми деректер мен дәйектер бұл пайымымызды жоққа да шығармайды. Мәселен, былтырдың өзінде қаржы пирамидасына қатысы бар 130 адам қылмыстық жауапқа тартылып, жазаға кесілген. Еліміз бойынша 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, сан соғып қалған. Алаяқтардың арбауына түскендер 54 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған. Көңіл көншітерлік сандар емес. «Тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын» ескермегендер дүние-мүлкін, тапқан-таянғанын неге күмәнді қаржылық құрылымдарға салады? Азаматтар олардың құрығына қалай ілігеді? Сарапшылардың сөзіне сенсек, халықтың қаржылық сауатының төмендігі осындай олқылықты жайттардың көптеп орын алуына жол беруде. Бұл – бір.

Екіншіден, алаяқтықтың алуан түрін меңгергендердің белсенді жұмыс істеуі экономикалық ахуалдың және көпшіліктің инвестицияға қызығушылығының артуына байланысты-мыс. Нәтижесінде қаржы пирамидалары өздерін қыруар табысқа кенелтетін ұйым ретінде көрсетеді.

Бүгінде аталған күмәнді қаржы ұйымдары да түрленіп келеді. Оңай олжаға дәніккендердің басында көбінесе шетел азаматтары тұрғандығы да белгілі болды. Бұл өз кезегінде оларды жауапқа тартуды қиындатады.

Соңғы уақытта қаржы пирамидасы елімізде кеңінен қанат жайғаны жасырын емес. Атап айтқанда, бүгінде алаяқтар өз арбауына түсіру үшін айла-тәсілдерін де уақыт ағымына сай түрлендіруде. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы әлеуметті түрлі жарнамаларға сендіріп, оған танымал блогерлерді тартуда. Мәселен, Mudarabah Capital қаржы пирамидасын жарнамалағандардың қатарында желідегі парақшасында миллиондаған оқырманы бар вайнерлер екендігі көзіқарақты көпшілік біледі. Бүгінде қаржы пирамидасын жарыса мақтағандардың үстінен іс қозғалды. Күмәнді іс опа бермесі анық.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ МЕН ТҮРЛЕРІ

Талай жанды сан соқтырған қаржы пирамидалары әлемде бірнеше ғасыр бұрын пайда болды. Құрылымы мен бағыты әрқилы болғанымен, олардың алдында тек бір ғана мақсат тұрды – қандай да жолмен адамдардың сеніміне кіріп, олардың ақшасын түрлі жолдармен иемдену.

Тарихқа үңілер болсақ, ең алғашқы осындай құрылымды 1717 жылы франциялық қаржыгер Джон Ло құрған. Оның әккі әрекетінен көптеген Франция азаматтары және ел экономикасы аса үлкен зардап шекті. Ал, әлем тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары америкалық Бернард Мэдофф құрған болатын. Жарты ғасыр жұмыс істеген компанияның қитұрқы схемаларынан 3 миллион адам зардап шегіп, 50 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаржы ізім-ғайым жоғалды. Бұл әлем тарихында «Ғасыр пирамидасы» деген атаумен қалды.

Осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты жүздеген қаржылық пирамидалар жұмыс істеді. Бірінің «ғұмыры» ұзақ болса, енді бірі аз уақыттың ішінде күйреп үлгерді. Әсіресе, көпшіліктің есінде Сергей Мавроди  негізін қалаған «МММ» компаниясы ұзақ уақытқа дейін сақталатыны сөзсіз. Ресми деректерге сүйенер болсақ,  Ресей тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасының әрекетінен 15 миллионға жуық азамат зардап шеккен, жүзге тарта адам суицид жасап, қайтыс болған. Мавродидің қаржылық құрылымы Қазақстанға да кері әсер етпей қоймады. Көптеген отандастарымыз зардап шегіп, тірнектеп жиғанынан айырылды. Миллиондаған азаматты қапыда қалдырған Мавродидің өзі 2018 жылы жүрек-қан тамыры ауруынан қайтыс болды.

Күн өткен сайын қаржылық пирамидалардың түрлері де көбейіп жатқандығын жоғарыда атап өттік. Енді оларды анықтаудың бірнеше тәсілдерін келтірейік.

Біріншіден, қаржылық пирамиданың өкілдері жаңа қатысушы тартқанда қыруар табысты, ақшаның тоқтаусыз ағымын, мансаптық сатыда жылдам көтерілуге уәде береді.

Екіншіден, қоғамға белгілі немесе сіздің жақын танысыңыз арқылы жан-жақты жарнама жасап, түрлі тренингтер жүргізеді.

Үшіншіден, танымал блогер немесе вайнерлер арқылы әлеуметтік желіде түрлі ойындар мен байқаулар өткізеді. Олардың қатарында ағаш отырғызу, үй жануарларын сатып алу, өзара көмек кассасы сынды бағыттар бар. Алайда, аталған «ойынға» қатысу үшін алғашқы кезеңде қандай бір нақты ақша сомасын салу керек. Былайша айтқанда, бұл әдіс заманауи қаржы пирамидасының бір түрі десек те болады.

Қазіргі күнде қаржылық пирамиданың кеңінен тараған екі түрі бар. Бірнеше деңгейлі пирамида түрі. Мұнда әр жаңа қатысушы алғашқы салымын салады. Оның сомасы әрқилы болуы мүмкін. Салынған ақша жаңа мүшені алып келген және оны алып келуге кеңес берген адамның арасында өзара бөліске түседі. Кейіннен жаңа қатысушы дәл сол жүйемен артынан 2 адам кіргізуі тиіс. Олардың да ақшасы дәл осылай бөлінеді.

АҚШ-та 1920 жылы ең алғашқы қаржылық пирамиданың негізін қалаған Чарльз Понци құрған жүйе бұдан өзгешелеу. Понци жүйесінде жаңа адам тартудың қажеті жоқ. Ол ел арасындағы түрлі ақпараттар мен қауесеттер арқылы жүзеге асады. Аталған жүйенің алғашқы мүшелерінің табысы өте қомақты болады. Мүшелерінің қыруар байлыққа кенеліп жатқандығы туралы ақпаратты естіген көпшілік өздері-ақ қаржылық құрылымның мүшесі болуға ықылас танытады. Мавроди құрған «МММ» қаржылық пирамидасы да Понци жүйесі арқылы жұмыс істеді.

Мамандардың айтуынша, қаржылық пирамидалар жұмысының ең басты ерекшелігі адамдардың санасына психологиялық және эмоционалды түрде қатты ықпал ету. Салымшыны ұстап қалу үшін олар түрлі айла-әрекеттерге барады. Тұтынушыға жан-жақты ықпал ету үшін жарнамалар жасап, оның қаражатын қандай да жолмен алуды мақсат етеді.

АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Сарапшылар қаржылық пирамидалардың қармағына қармалып, кейіннен опық жеп қалудың бірнеше себептерін атап өтеді. Олардың қатарында халықтың қаржылық сауатының төмендігі мен осы бағыттағы заңнама бойынша білімінің жеткіліксіздігі бар. Сонымен қатар, отандастарымыздың қарапайым экономика заңдылықтарынан мақұрым болуы көптеген олқылықты жайттардың орын алуына септігін тигізуде.

Былайша айтқанда, азаматтар ауадан ақша жасауға болатындығына иланады, шығын мен кірістің ара қатынасын ажыратуға құлықсыз немесе сауаты жетпейді. Бұған қоса, халықтың құқықтық білімінің де таяздығы алаяқтардың арбауына түсуге мүмкіндік беріп отыр. Қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған болатын. Президент өз сөзінде халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруді алға тартып, қаржылық пирамидалар мен осы тақілеттес күмәнді ұйымдар құрған тұлғалармен күресті күшейту қажеттігін баса айтты.

Мамандар қаржылық пирамидалардың нақты белгілері ретінде бірнеше тетіктерді келтіреді. Атап айтқанда, олардың қатарында жаңа салымшылар мен мүшелерді тартқаны үшін қомақты сыйақы беру, корпоративтік іс-шараларға, түрлі сыйлықтар тарату мен жолдамалар ұтыстарына қатысуға шақыру бар. Сондай-ақ, компаниялардың ақшаны салымшылардан қалай қабылдайтындығына назар аудару қажет. Көптеген күмәнді ұйымдар қаражатты қолма-қол қабылдайды немесе интернет-төлемдер мен аударымдар жүйелерін пайдаланады. Ең басты ескеруге тиіс нәрсе, компанияның иелері мен оның басшылығы туралы ақпаратты жан-жақты жете зерделеу керек. Ұйымның қай жерде тіркелгендігіне де назар аударған жөн. Егер басшылық туралы деректер құпия болса, ал компания қандай да бір аралда яки оффшорлық аймақта тіркелсе, онда оған өз ақшаңызды салмағаныңыз абзал.

АЛАЯҚТАРМЕН КҮРЕС: ЗАҢ КҮШЕЙЕДІ, БАҚЫЛАУ ҚАТАҢДАЙДЫ

Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, соңғы бес жылда елімізде алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстар 26 пайызға өскен. Белгілі болғандай, алаяқтықтың құрбандарының арасында әлеуметтің әлжуаз топтарының өкілдерінің қарасы басым. Халық қалаулылары осыған орай қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру аясында қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігін айтып, дабыл қағуда.

Бас прокуратура таратқан мәліметтерге сүйенсек, қылмыстың осы түрлеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін мекемеаралық жұмыс топтары құрылып, ынтымақтастық туралы меморандумдар, әдістемелік құралдар әзірленіпті. Сондай-ақ, микронесие беру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, қылмыстарды ашу және тергеу бойынша жедел-тергеу топтары құрылған екен.

Бір бұл ғана емес. Алдағы уақытта Парламент алаяқтық әрекеттер мен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мен заңнаманы жетілдіруді көздеп отыр. Бұл тараптағы Заң жобасы да дайын.

СӨЗ СОҢЫ

Сананы тұрмыс билейтіні бұрыннан белгілі. Десе де, тұрмысты түзеймін деп тірнектеп жинаған қаржыңды жұмсамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болар. «Көлдің тақырға айналуы оңай, байдың пақырға айналуы оңай». Қазақтың Шер-ағасының, Шерхан Мұртазаның осы пайымын жете зерделегеніміз дұрыс. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бұл.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here