Бүгінде ашық хат пен петициядан көз сүрінеді

0
4575
Әрине, әр адамда азаматтық позиция болуы керек, бірақ айтаққа еруге тағы болмайды...

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда өмір сүрудің архитектурасы өзгерді. Бұл – заңды өзгеріс. Отыз жыл бойы билікпен ауыз жаласып, ойындағысын жасап, қисапсыз байыған, сол арқылы майлы жіліктің басынан ұстағандар өткен әрекеттеріне заң алдында жауап беру үшін ұсталып, қоғамнан оқшауланып жатыр. Бүгінде биліктің бұл әрекетін қарапайым халық қолдап жүргенін көз көріп, құлақ естиді. Құқықтық мемлекетте әркім кешегі өзі істеген жұмысына жауап беруге міндетті. Егер осындай өзгерістер болмаса, қасіретті қаңтар кезінде алаңға шыққандардың қаны бекерге төгілген болып шықпай ма?! Өкінішке қарай, біздің қоғамда тегін дүниені қарпып қалу, Үкіметті айналып өту, біреудің есебінен өмір сүру, жанды қинамай, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу психологиясы басым. Азаматтардың бойында пайда болған мұндай мінез-құлықты бір кездері өтпелі кезеңнің қиындықтарына балап келдік.

ҚОҒАМ ҚАБЫЛДАМАҒАН АДАМДЫ ОДАН
ҚОРҒАУ АҚЫЛҒА ҚОНЫМДЫ МА?

Бүгінде бәрі таразы басына тартылып, кінәлілер жауап беруде. Қолында билік пен байлық қатар топтасқан қазақстандық алпауыттардың қайырымдылығы алпыс айлалы саясатқа негізделген. Бұл саясаттың басты мақсаты – халықтың сүйіспеншілігін жаулап алу. Ал, қазақстандық бизнес-элитаның өзіне тән кемшіліктер салдарынан елімізде қаңтар қырғыны орын алды. Енді оған жауап беру керек. Сын сағатта оларға араша түсушілер де табылуда. Сөйтіп, Мемлекет басшысына талап-өтініш жазушылар шығуда.

Президенттік билік – ұлы қозғалтқыш. Басқару өнерінің ең биігі әртүрлі жағдайларда қолданыс табатын биліктің шекаралары қандай болуы тиістігін нақ білуден тұрады. Мемлекет басшысына үндеу жасау оған деген халық сенімінің айғағы десек те, құқықтық мемлекетте оның бәрі заң аясында жасалатыны анық.

 Егер Президентке хат жазушылар қоғамдық игілікті ойлаған болса, онда олар өз өтініштерімен Мемлекет басшысына арызданбас еді. Егер өтініш жазушылар өздерімен айыпталғандардың арасында заңдар дәнекерлік етуін болғызбаймын десе, онда олардың өз істеріне қорқа қарайтындай себептері бар деген сөз. Осыған лайықты бір мысал айта кетсек.

Ежелгі заманда І-ші Петр патша бір Жарлық шығарыпты. Онда «Патшаның өзіне тікелей арызбен тек қана оның шенеуніктеріне екі рет арызданып барып, ештеңе шығара алмаған жағдайда ғана кіруге болады» деп көрсетіпті. Бірақ, кімде-кімнің арызы орынсыз, әділетсіз болса, онда оларға өлім жазасы қаупі төнетін көрінеді. Осыдан кейін патшаға ешкім арыз-петиция жазбайтын болыпты. Біздің осыны айтпасымызға болмады.

Дәл бүгін бізге тыныштық керек! Кейбір жандар шаңырақты шайқалтқысы келеді. Түрлі пікір тудырып, қоғам арасына іріткі салуға бейімділік танытушылар бар. Олардың бұл ойы енді өтпейді. Алайда, қоғамда пысықайлар көп. Олар әлеуметтік желілерде де өте белсенді.

Расында, бүгінгі кей замандас сол Абай заманындағы пысықтарға ұқсап, көбік сөзді көпіртіп, дұрысты бұра тартып, даулардың қазанын қайнатып, елдің ынтымағы мен тұтастығына ши жүгіртіп, жік түсіретін дақпыртшыл даңғойға айналып бара жатқан жоқ па?! Күйгелектікпен күйбең күйге түсіп, саясаттың сойылын соға берсек, мына қырық құбылған заманда біздің кәсібіміз бен нәсібімізді кім түгендеп береді? Ал, біздің қай капиталисіміз, шонжарымыз, байшікешіміз сырттың құтын ішке құйып, елін құтайтып отыр? Керісінше, бар жинағанын сыртқа тасып, елді жұтатып жатыр. Абай атамыз «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп, дәл қазіргі мемлекетімізде қалыптасып отырған «малға сатылған одақтастықты» айтқан. Саясат пен ақша – ұлттық идеяның ашытқысы. Тағы да сол Абай «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, /Сапырылды байлығың, баққан жылқың» деп айтқандай, «бірлігі жоқ», яғни ұлттық идеясы жоқ, «берекесі жоқ», яғни тәуелсіз экономикасы жоқ, «шын пейілі жоқ», яғни рухани тәуелді, басы байланып бара жатқан мемлекетте өмір сүріп отырған сияқтымыз.

Оған күні кеше ғана Роза Рымбаева бастаған белгілі әншілеріміздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевқа «шырылдап» араша түскені айқын дәлел бола алады. Өтініш жазушылар Қайрат Боранбаевты мәдениеттің қамқоршысы етіп көрсетуге барын салған. Кәсіпкер олардың кейбірін тойына шақырып, қамқорлығына алып, қалтасына қаржы салып, жылылық танытса керек. Бірақ, бұдан оның барша халықтың музасына айналып кетпегені анық қой.

 Бұл – бір ғана мысал емес. Осыдан біршама уақыт бұрын Талғат Рысқұлбеков әлеуметтік желіде «Қайрат Сатыбалдының жақсылығын көрген адамдар оған неге ара түспейді» деп таңғалысын жасырмаған болатын.

Бүгінде Кәрім Мәсімовті де қолдаушылар тобы шығуда. Олардың қатарында шетелдік белгілі тұлғалар да бар. Сәл шыдасақ, әнші-әртістер мен зиялы қауым арасынан Болат Назарбаевқа да ара түсушілер табылуы мүмкін.

Қазіргі кезде әлеуметтік желіде петициядан, ашық хаттан көз сүрінеді. Күні кеше ғана әлеуметтік желіні қарап отырып, «Хабар 24» телеарнасының директоры Алена Горбачева деген медиа маманның қызметтен шеттелуіне ұжым мүшелері күңіреніп Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазыпты. Онда «Хабар 24» арнасының журналистері өздерін жылдар бойы басқарған Алена Горбачевадай медиа менеджерді Қазақстаннан қолдарына шам алып іздесе де таппайтындарын айтып, оқиғаға араласуын өтініпті.

Қолжаулық болу – біреудің илеуінде, ықпалында жүру, әлдекімнің ермегіне айналу, күштінің көлеңкесінде жүріп күнелту. Мұндайға есті жұрт оңайлықпен көнбесе керек. Бұл – бір. Екіншіден, «Хабар 24» арнасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады емес пе?!

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуы тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», – деген болатын. Қазір аталған ұсыныс пісіп-жетілді, ол таяу арада жүзеге асырылмақ. Бұл жерде мәселе басқада болып тұр. Қоғам қабылдамаған адамды сол қоғамнан қорғау қаншалықты ақылға қонымды?! Әрине, азаматтық позиция болуы керек, бірақ айтаққа еруге болмайды.

/Коллаж Azattyq Rýhy/     Роза Рымбаева бастаған белгілі әншілеріміз Қайрат Боранбаевқа «шырылдап» араша түсті. Ал, қоғам қабылдамаған адамды сол қоғамнан қорғау қаншалықты ақылға қонымды?!

ЕЛІМІЗДЕ ДЕМОКРАТИЯ ТУРАЛЫ ҮРГЕДЕК ТҮСІНІК БАР

Естеріңізде болса, соғыс кезінде Сталиннің баласы тұтқынға түседі. «Ұлы көсемнің» баласын құтқару бойынша көмекшілері араша түскенде, ол: «Тұтқындағылардың бәрі менің балам», – деген көрінеді. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Исатай Әбдікәрімов те өзінің жалғыз ұлын өлім жазасына кескенде (ел басшысы ретінде рақымшылық жасауға құқығы болса да), оған араласпаған оқиғасын білеміз.

Тұтас ұлттың өзгенің қолжаулығына айналудан артық қасірет жоқ. Өзгенің ықпалынан шыға алмай, оның илеуіне көндігу – біреулер үшін тірі қалудың, тіршілігіңді амалдап жалғастырудың жалғыз жолы ма, әлде шарасыздығыңды мойындап, құрдымға құлауға, күштінің құлқынына жұтылып, жойылуға бет алу ма? Осы екі күрделі сауалға тұщымды жауап іздеуге деген жұрттың қарасы қалың. Бұлай болуының себебін иілдіру, елпеңдету, бағындыру мен тұсап ұстау тәсілімен өзгені теспей сорып үйреніп қалған, дәніккен әрі құныққан, қорқаулығы мен қараулығы басым елдер өздерінің империалистік қасаң көзқарастарын ауыр әрі ескі зеңбіректей «сүйретіп» әкеліп, XXI ғасырдың төбесінен төндіріп, онысын ұлы идея ретінде жоғары бағалаудан шімірікпей отырғанынан іздеу керек шығар.

Біреудің илеуіне мойынсұнудан, ықпалында қалудан басқа амалы жоқ, солай бола тұра құрдымға құлаудың алдында тұрғанын мойындағысы келмей, дұрысы шындыққа тура қарауға дәті шыдамай жүргендердің және жұтылуға, өзгеге еріксіз сіңіп кетуге бет бұрғаннан өзге жолы қалмағандардың табиғи түрде жыл сайын жаңартылып отыратын статистикасын құпия санамай, ресми түрде шімірікпей жариялайтын кезең де келіп отыр. Осынау жағымсыз үдерістерді жан-тәніңмен сезіну – әркімге әрқалай әсер етер, бірақ жұтылу қаупі анық төнген ұлттың көзі қарақты өкілдері үшін бұл оңай соққы емес.

Халқының сенімі мен әлеуетіне арқа сүйеген билігі бар мемлекет ешкімнің қолжаулығы болуға бармауы анық. Ал, билігі өзіне сенген, өзінің ресурсына жүгінген халық қашанда мемлекеттің лайықты тірегі, жалаң, жалған емес, шынайы, риясыз пейілді патриоты болады.

Қазір қоғам, саяси өмір жаңару алдында тұр. Бұл бүгін немесе ертең бола салатын процесс емес, байсалдылықты, байыптылықты талап етеді. Елімізде демократия туралы үргедек түсінік бар. Қит етсе көшеге шығу, петицияға қол жинау – жақсылықтың нышаны емес. Заңды сыйламайтын бұл жағдайлар мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Байсалды болсақ қана шаңырағымызды шайқалтпай көздеген мақсатымызға жетеміз. Қауіп әлі сейілген жоқ. Ішкі мен сыртқы күштер біздің күштік құрылымдардың да, азаматтардың аңқаулығын да аңдып, өздеріне қолайлы сәтті күтуде. Осындайда билік келісе кететіндерді емес, келіспейтіндердің пікіріне жете назар аударса, қоғамда келісім, тұрақтылық мәдениеті қалыптасады.

Кез келген құқықтық мемлекетте заң үстемдігін бекіту маңызды. Ал, демократиялық қоғамда мемлекеттік басқару органдарына, лауазымды адамдарға азаматтар үшін құқықтық салдар туғызатын әкімшілік актілер шығару құқығы беріліп қана қоймайды, тиісті рәсім аясында әрекет ету, заңсыз әрекеттер үшін жауап беру және осындай әрекеттерден келтірілген залалды өтеу міндеті жүктеледі.

Бүгінде мемлекет, атқарушы билік өзі орындауға тиіс барлық міндетті шынайы түрде мойнына алу үрдісі анық байқалуда. Демек, саясатта да, өнерде де сырқат жандар жүрмегені абзал. Жындыны, Құдай аясын, жындыханада ұстаған жөн. Бізде кейде, керісінше, жынды қоғамдық ортада, ал сау адам жындыханада отыратын жағдайлар бар.

САЯСИ РЕФОРМАЛАРҒА
ҚОҒАМДАҒЫ КЕРІТАРТПА КҮШТЕР
КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕЙ МЕ?

Жақында ғана Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуімен қатар жүруі қажет екенін, бірақ бүгінгі ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын ашық айтты.

Жаңа Қазақстанды құру үшін ұлтымыз өткеннен сабақ алып, сабасына түсіп, сапалық жаңа белеске көтерілуге тиіс. Ол үшін енжарлықтан арылып, құрыштай қайнап шынығуы, есесін түгендеп, ырыздығын арттырып, ырысты халыққа айналуы керек.

Президент ұсынған Жаңа Қазақстанның мәні – азаматтық қоғамы қалыптасқан, қоғам мен билік арасы тонның ішкі бауындай жақын, түсіністік тапқан мемлекет құру болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Мемлекет басшысы: «Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады», – деген болатын. Сыбайлас жемқорлықпен астасып жатқан бюрократиялық кедергілерден запы болған халық бұл жаңалықты қуана қабылдады.

«Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда», – деп Президент ашық айтқандай, биылғы Жолдауда белгіленген саяси реформаларға қоғамдағы керітартпа күштер кедергі келтіріп, оларды әдеттегіше формализмге айналдыруға, ұсынылған жаңашылдықтарды өз мүдделеріне пайдаланудың неше түрлі қитұрқы айла-шарғыларын қолдануға тырысулары әбден мүмкін. Әсіресе, «жарты патшалар» әмірлерін жүргізіп тұрған жергілікті жерлерде ол шексіз көзбояушылыққа айналып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан да, еліміздің демократиялық жолмен алға басуын жан-тәнімен қалайтын саналы азаматтар осынау сындарлы кезеңде ұйымшылдық танытып, білек біріктіріп, Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруға көп болып жұмылса, игі болар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде шешу мәселелерін басты назарға алды.

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», – деді Қазақстан Президенті.

Өтініш берушінің көзқарасы тұрғысынан оның үніне құлақ асу – өз сұрақтарына мемлекет тарапынан қанағаттандырарлық жауап немесе көтерілген мәселені қалай шешуге болатыны туралы қолжетімді және түсінікті мәлімет алу. Ал, мемлекеттік органдарға қойылатын басты талап – өтініш берушіге құлақ асу және оның өтінімін мұқият қарау.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here