ҚазОРҒЗИ аумағында сакура ағаштары отырғызылды

0
1474

Кеше, 12 мамырда «Такеда Қазақстан» компаниясы – Takeda Pharmaceuticals (Takeda) жаһандық биофармацевтикалық компаниясының ресми өкілдігі және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) аумағында сакура ағаштарын отырғызды. Бұл туралы Түркітілдес журналистер қоры хабарлады.

Ағаш отырғызу Онкология институты мен елімізге қатерлі ісікке қарсы инновациялық препараттарды жеткізетін жетекші фармацевтикалық компания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың символы болды. Атаулы науқан институт пен Takeda арасында қол қойылған Қазақстан аумағындағы онкологиялық аурулармен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде өтті.

Рәсімге Қазақстандағы Takeda биофармацевтикалық компаниясы бөлімшесінің және Онкология институтының бірінші басшылары қатысты. Олар институт аумағында бірнеше сакура көшеттерін өздері отырғызды. Ағаштар Онкология институтының ауласына, пациенттер демалатын самалжайлардың жанына орналастырылды. Сонымен қатар, компания самалжайларға іргелес аумақты абаттандырды. Сакуралармен бірге 50-ге жуық бұталар отырғызылды, олардың ішінде хост гүлі, арша, вангут спиреясы, қызыл бөріқарақат, раушан, гортензия сияқты сәндік өсімдіктер бар.

«Бүгін болған оқиғаның символдық мәні бар, – деп салтанатта сөйлеген сөзінде медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Онкологтар қауымдастығының президенті Диляра Қайдарова атап өтті. – Takeda компаниясы денені емдейтін инновациялық онкологиялық препараттардың әзірлеуі мен өндірісін жүргізеді, ал біз жасаған әдемі бақ пациенттеріміздің жан дүниесін сауықтыруға көмектеседі. Біздің Takeda компаниясымен ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді сипатқа ие және ол пациенттерді барынша қолдауға, ең озық әлемдік технологияларды қолдана отырып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуді жақсартуға бағытталған».

Takeda өкілдері атап өткендей, компания инновациялық онкологиялық препараттарды әзірлеу мен өндіруді белсенді түрде дамытуда. Бұл фармацевтикалық алпауыт жұмысының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, бұл оның әлемдік медицинада жоғары технологияларды дамыту бағытын көрсетеді. Бұл ретте компанияның басты қағидаты пациентке бағдарлану болып табылады, яғни бірінші орынға әрдайым пациенттің мүддесі қойылады.

«Takeda пациенттерге деген адалдығын әрдайым көрсетеді, – деді Takeda компаниясының Украина және ТМД кластерінің қызмет департаментінің директоры Ғалым Дәулетбақов. – Бұл біздің ғылыми жаңалықтарымыз бен жетістіктеріміз үшін бағдар ретінде қызмет етіп қана қоймай, Takeda үшін пациент әрдайым назарда болатын компания болуға мүмкіндік береді. Біздің өкілдіктеріміз пациенттердің қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға тырысады, оларды әлемдегі ең озық емдеу технологияларымен қамтамасыз етеді. Біз алдағы уақытта әрбір нақты пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру үшін барлығын жасауға ниеттіміз. Пациентке бағдарлану біздің еліміздің дәрігерлерімен ынтымақтастығымыздың негізгі қағидаты болды және болып қала береді. Біз ең жақсы нәтижелерді қамтамасыз ету үшін қатерлі ісікпен ауыратын адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қазақстандық онкологтар қауымдастығымен серіктестікті нығайтуға ұмтыламыз».

ҚазОРҒЗИ-да атап өткендей, онкологиялық аурулар Қазақстан тұрғындарының өлімінің негізгі себептері арасында екінші орын алады. Сондықтан онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек пен қазіргі заманғы терапияның қолжетімділігін арттыру – Онкология институтының маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстанда онкологиялық көмекті жетілдіру ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының және 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың міндеттеріне кіреді.

Біздің елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам жаңа қатерлі ісік ауруы тіркеледі. Қазіргі уақытта диспансерлік онкологиялық есепте 196 мыңнан астам қазақстандық тұр. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктен 15 мыңға жуық адам көз жұмады. Онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау (0-1 сатыдағы қатерлі ісіктер) 2022 жылдың үш айында 1,3%-ға ұлғайды және жаңа жағдайлардың жалпы құрылымында 27,1% құрады. 2021 жылдың үш айының қорытындысы бойынша бес жылдық өмір сүру деңгейі өсіп, 55,1% құрады. 2021 жылғы деректер бойынша барлығы 143 014 пациент емделген. Аурудың индексі ауруды ерте кезеңдерде тиімді диагностикалау мен анықтаудың арқасында жыл сайын өсіп келеді және онкология және радиология ҒЗИ бұл жағдайда өзіне өте жоғары жүктеме алады. Институт пен оның бөлімшелері емдейтін пациенттері жыл сайын артып келедіжәне бұл жұмыстың нәтижелілігі айқын көрінеді: тіркелген аурулардың өсуіне қарамастан, елде қатерлі ісік ауруынан болатын өлім азаяды. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 14 мыңнан астам жағдайды құрады, бұл ретте елде 1%–дан астам төмендеуге қол жеткізілді – бұл пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіне тым жоғары жүктемеге қарамастан.

Айта кету керек, онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістері әр жағдаймен жүйелі және ұзақ жұмысты қажет етеді. Көптеген пациенттер жыл бойы бірнеше рет емделеді, кейде бұл ұзақ уақытты алады – курс бірнеше апта, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Институт дәрігерлері мұндай жағдайда олар үшін медициналық орталық аумағында науқастар үшін ерекше жайлылық пен микроклимат жасау аса маңызды екенін атап өтті. Емдеу кешенінің аумағында сакура ағаштары мен сәндік бұталарды отырғызудың негізгі мәні осында.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here