«Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алу мәселелері талқыланды

0
202

Сенаторлар ұлттық компания басшылығымен кездесуде «Самұрық-Қазына» АҚ-дағы тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы проблемалық мәселелерді талқылады. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйымдастырған жұмыс бабындағы кездесуге Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина төрағалық етті.

Сенат Төрағасының орынбасары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу саласындағы проблемаларын ашық талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысындағы «Самұрық-Қазынаның» сатып алудағы ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алуда бір көзден алу бойынша шарт жасасуға мүмкіндік беретін негіздерді қысқартуға қатысты берген тапсырмасына орай осы кездесудің маңызы зор. Біз Қордың сатып алуының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қатардағы кәсіпкерлерге арналған ортақ шешімді бірлесіп табуымыз керек», – деді Ольга Перепечина.

«Самұрық-Қазынаның» басқарушы директоры Николай Казутин өз кезегінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ, Қордың электрондық сатып алу порталының жұмысы таныстырылды.

Комитет депутаттары кездесу барысында Қордың сатып алу жүйесін жақсарту, оның ішінде сатып алудың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар мен ескертулер айтты.

Сенаторлардың негізгі ұсыныстары бір көзден сатып алуды қысқартуға қатысты болды. Бәсекелестік ортаға берілуі мүмкін жұмыстар мен қызметтердің түрлері мен мысалы келтіріліп, оларды жалпы негізде сатып алу керектігі айтылды.

Ольга Перепечина кездесуді қорытындылай келіп, бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесін қайта қарау және холдингішілік сатып алуды өткізуде бір көзден сатып алу тәсілінің негіздерін одан әрі қысқарту қажеттігін атап өтті.

Кездесуге сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, «Атамекен»ҰКП өкілдері қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here