Масылдық санадан қалай арыламыз?

0
1422
Аңсаған Мұстафаның суреті | ansa.kz

Кез келген мемлекет, әсіресе, Конституциясында әлеуметтік мемлекет екені көрсетілген болса, халқы үшін ең негізгі өмір сүру жағдайын жасауға міндетті. Алдымен түрлі жағдайға байланысты өзін және отбасын асырай алмай жүргендерге немесе белгілі бір себептермен қиын жағдайға тап болып, материалдық қолдауды қажет ететіндерге басымдық берілуі керек. Мұны еліміздің барынша жасап жатқаны да ақиқат. Мысалы, өткен жылы 2 млнға жуық қазақстандық бюджет есебінен түрлі әлеуметтік төлемдер мен атаулы көмектер алған. Дегенмен, әр адам өз жағдайына өзі жауапты екенін естен шығаруға болмайды.

«АЛМА ПІС,
АУЗЫМА ТҮС»
ДЕЙТІНДЕР
АЗАЙМАЙ ТҰР

Халықтың басым бөлігі мемлекеттің көмегіне иек арта бермейді. Жұмыс істейді. Сөйтіп өзі мен отбасын асырайды. Салық пен әлеуметтік аударымдар төлейді. Сол төлемдер зейнетақы мен жәрдемақыға жұмсалады. Негізінде, өркениетті қоғамда осылай болуы да заңдылық. Алайда, арамызда өздерінің өмір сүргенін міндет ететіндер де, «алма піс, аузыма түс» деп қарап жататындар да бар. Кейбіреулердің ойынша, мемлекет олардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті. Болды, басқасына бас қатырмайды. Мұны әлеуметтік инфантилизм, тәуелділік, масылдық немесе басқаша да атауға болады. Бірақ, бәрінің түбі бір – қара басының жауапкершілігін мемлекетке арта салу.

Әрине, мұндай психология билік пен қоғам арасындағы патерналистік қатынастардың жоғарғы шегіне жеткен кеңестік дәуірде қалыптасты. Дегенмен, сол кезде де «әркімге еңбегі мен қабілетіне қарай» қағидасы қолданылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдегі патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық мәселесін жиі көтереді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет ретінде қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге міндетті, бірақ кейбір қазақстандықтар мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланады, сондықтан мұнымен күресу керек.

«Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 млн адамға жетті. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар қатары артты. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, халықты бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, еңбектен қашпайтындарға берілуі керек», – деп мәселенің мәнісін айтқан еді Мемлекет басшысы төрт жыл бұрынғы Жолдауында.

2021 жылғы Жолдауында Президент осы тақырыпты жалғастырды: «Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек».

ҚОҒАМДАҒЫ
ПАТЕРНАЛИСТІК
КӨҢІЛ-КҮЙДІ
ПАЙДАЛАНҒЫСЫ КЕЛЕТІН
КҮШТЕР ДЕ БАР

Қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың күшеюін ашық популистік сипаттағы түрлі саяси күштер өз пайдасына пайдалануға ұмтылады. Әкімдіктің алдына барып, пәтер беруді талап етіп шеруге шыққан көп балалы аналардың арқасында ұпай жинағысы келген кейбір белсенділер мен қоғамдық бірлестіктердің қылығы естен кетпейді. Немесе жаңа саяси партиялар құрмақ болған бастамашыл топтардың бағдарламалық тезистеріне қарасақ, олар да қазақстандықтарға көктегі айды әперетіндей уәдені үйіп-төккен. Онда жеңілдікпен тұрғын үй беру, Ресейдегідей ана капиталын енгізу, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер, зейнет жасын төмендету, несиелік амнистия беру сияқты халықтың барлық қажеттіліктерін орындау айтылған. Ал, «мемлекет осының бәрін қалай қамтамасыз етеді» деген сұрақты жауапсыз қалдырады. Себебі, олар бұл сұрақтың жауабын білмейді. Мысалы, тек несиелік амнистияның өзіне бүкіл республикалық бюджеттің жартысы кетер еді.

Өкінішке қарай, осы ауыр тақырыпты арқау еткен кейбір оппозиция өкілдері 2021 жылдың күзінде рұқсат етілмеген митингілер өткізді. Әлеуметтік желілерді шулатты. Бірақ, несие алып, сосын оны салық төлеушілер есебінен жабуды талап ету – нағыз масылдық емей немене?! Бұл айлығынан не кәсібінен салық төлейтін, алған несиесін ешкімге міндет етпей төлеп жүрген азаматтар алдында да ұят тірлік.

Қоғамның терең ойлайтын әрі ел болашағына шын алаңдайтын бөлігі мұндай кезде не істей алады және қандай қадамдар жасайды? Мемлекет басшысы бұл сұраққа 2022 жылдың ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жауап берді: «Адал еңбек, әділ сыйақы идеологиясы компрадорлар (шетелдік капитал мен дамушы елдің ұлттық нарығы арасында делдал болған кәсіпкер), уақытша жұмыс істейтіндер дүниетанымын алмастыруы керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық аспектілерге, мемлекеттік саясат мәселелеріне, ұлттық бірегейлік пен жастарды тәрбиелеуге әсер ететін Үкімет пен қоғамның ортақ міндеті».

Президенттің айтуынша, халық елімізде адал еңбек бағаланбайды деп санағандықтан, жұмыс істегісі келмейді.

«Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті, жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек», – деп патерналистік көңіл-күйде жүрген жастарға алаңдаушылық білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«ЕКІ ҚОЛҒА –
БІР КҮРЕК» ТАППАЙ
ЖҮРГЕНДЕРГЕ
БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

Мемлекет өз тарапынан масылдық психологиясымен жүрген адамдардың сана-сезімін өзгертуге бағытталған шараларды қабылдап, бір мезгілде олардың адал еңбек етуіне, табыс табуына, балаларын толық тәрбиелеуіне жағдай жасап жатыр. Атап айтқанда, масылдықты төмендету мақсатында 2020 жылдың басында атаулы әлеуметтік көмекті алудың жаңа тетігі қолданысқа енді.

Мәселені шешу үшін еліміздің оңтүстік өңіріндегі еңбекқор азаматтарды жұмыс күшіне тапшы солтүстік облыстарға көшіру бағдарламасы да жұмыс істейді. «Екі қолға – бір күрек» таппай жүргендер «жұмыс жоқ, отбасын асырай алмай отырмыз» деп шағымданатындықтан, мемлекет оларға жұмысы бар жерге көшуге, жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруге дайын. Оған қоса, тұрғын үйді жалға алатын және коммуналдық қызметтерді төлейтін шығындарды өтеуге субсидиялар бөледі. Субсидиялар қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыруға дайын жұмыс берушілерге де төленеді. Өз ісін ашқысы келетіндерге жер учаскелері мен төмен пайызбен несиелер беріледі. Қысқаша айтқанда, әр адам өмірге налып, біреудің көмегін күткенше, тұрғылықты жерін өзгертіп, өз бақыты үшін күресу керек. Ал, мемлекет мақсаты айқын азаматтарды қашан да қолдауға дайын.

Елімізде 2017 жылдан бері оңтүстіктен солтүстік облыстарға азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама жүзеге асырылған алты жылда мыңдаған отбасы қоныстанып, жұмысты болған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтыр 8 мыңға жуық қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған, соның 3,6 мыңын еңбекке қабілетті жастағылар құраған. 7 622 адам бір реттік субсидия алған, 5 633 адамның тұрғын үй шығындары өтелген, 2 811 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 

Соңғы жылдары тарихи Отанына оралуға бел буған қандастар да еліміздің солтүстігіне қоныс аударып жатыр. Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау квотасын көбейткенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылға қоныс аударушыларды қабылдауға арналған ең көп квота Павлодар облысына бөлінген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннедиден «Елің мен үшін не істей алады деп сұрама, сен өз елің үшін не істей алатыныңды сұра» деген ұлағатты сөз қалған көрінеді. Алпыс жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан экс-президенттің бұл сөзін өз ыңғайымызға қарай түрлендіруге де болады. Кеннедиді қайтеміз, қазақта масылдық жайында айтылған «Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады», «Жаман туыс бір масыл арқалаған құммен тең, жақсылығың істеген елекке құйған сумен тең» деген тәмсілдер бар. Ендеше, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деген ұстаныммен ешкімге алақан жаймай өмір сүргенге не жетсін?!

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here