Ауылдан шыққан 1 мың бала еліміздің жетекші мектептерінде білім алады

0
1193

Ауылдан шыққан 1 мың бала «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының арқасында еліміздегі жетекші мектептерде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы білім додасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин айтты.

Биылғы олимпиадаға қатысу үшін ауыл мектептерінің 5-6 сыныптары арасында 150 мыңға жуық оқушы тіркелді. І-кезеңге 132 мыңнан астам оқушы қатысты, ең көп балл жинаған 5 мың финалист іріктелді. Қатарластарынан озған 1 мың бала олимпиада жеңімпазы атанды. Олар еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде, атап айтқанда, Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының ұйытқы болуымен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы – ауыл балаларын қолдауға және дамытуға бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Ең жоғары балл жинаған 5 мың оқушы екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ, орыс, ағылшын тілдері мен жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімге баға беретін компьютерлік тестілеуге қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here