Бейжің Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтарудан бас тартты

0
418

Бас прокуратура шығыстағы көрші ел түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайды Қытайдың Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқанын растады.

«2020 жылдың 19 қазанында Бас прокуратураға сотты болған Ақжарқын Тұрлыбайдың өзін Қазақстанға ауыстыру туралы жазбаша өтінімі түскен болатын. Сол күні-ақ Қытайға тиісті сауал жолданды. ҚХР Әділет министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы жауабы бойынша Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстырудан бас тартылған. Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін ескеріп, осындай шешім қабылданғаны айтылған. Алайда, Қазақстан тарапы Ақжарқын Тұрлыбайдың елге қайтарылуынан үмітін үзбейді. Қытай соты оның жаза мерзімін қысқартып, нақты жылдарды атап белгілесе елге қайтару мүмкін болады», – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының Баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды. Ал, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы еткен.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here