Ескі бағдарламаның жаңа бағыттары

0
3994
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша шағын несие беру мерзімі – мал шаруашылығы үшін 7 жыл, басқа бағыттарға – 5 жыл, максималды сома – 2 500 АЕК (8 625 000 теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 000 АЕК-ке (27 600 000 теңге) дейін несие беріледі

Ел экономикасы халықтың әлеуметтік жағдайы тұрақталған кезде ғана алға жылжитыны белгілі. Осыған байланысты биыл ақпан айында қазақстандықтардың табысын арттыруға бағытталған бағдарлама жаңартылып, мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Себебі, қолға алынған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың міндеттері мен жүзеге асыру тетіктерінде айырмашылық болмай, бір-бірін қайталады. Сондықтан халықтың кірісін арттыру бағдарламасынан кейбір тармақтар алынып, кейбір тармақтар қосылды. Дегенмен, бағдарламаның негізгі мақсаты сақталып қалды. Яғни, ол бойынша халықтың нақты табысының орташа жылдық өсу қарқынын 4-5% деңгейінде қамтамасыз ету және 3,3 млн-нан аса тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ескі бағдарламаның жаңа бағыттарына тоқталады.

ХАЛЫҚТЫҢ
КІРІСІН
АРТТЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ
2029 ЖЫЛҒА
ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ

Осы айдың басында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын таныстырды. Шынтуайтында, ескі бағдарламаның жаңа бағыттарын айқындады. Енді ел экономикасының өсуі халықтың табысымен тікелей байланысты болады.

40 жастағы министрдің сөзінше, жергілікті атқарушы органдарды барынша тартуға мүмкіндік беру үшін тағы төрт жылға ұзартылған бағдарлама республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлінді.

Жаңартылған бағдарлама бес бөлімнен тұрады:

Бірінші. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру. 2029 жылға қарай жалпы 3,3 млн адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде жылдық жоспардың 33%-дан астамы орындалды. Соңғы бес айда ел бойынша 315 мыңнан астам адам «екі қолға – бір күрек» ұстады.

Екінші. «Ауыл аманаты» жобасының көмегімен ауыл халқының табысын арттыру. Жобаны іске асыру кооперациялық тізбекті дамыту жолында халықтың кірісін арттыру арқылы табысты өңірлік кейстерді ауқымдандыруды мақсат етеді. Биыл жобаға барлық өңір бойынша 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, еліміздегі жеке қосалқы шаруашылықтың 50%-ын кәсіпкерлікке тарту және 2029 жылға дейін бұл салада 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделеді. «Ауыл аманаты» жобасына төменде арнайы тоқталдық.

Үшінші. Кірістер деңгейін арттыратын және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар. Өңдеу өнеркәсібінде жыл сайын кемінде 100 жобаны іске қосу, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұдан басқа, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіптің кемінде жеті кәсіпорнының өндірістік қуатын арттыруға 800 млрд теңге инвестиция тартылады.

Төртінші. Бюджеттен жалақыны көтеру бойынша міндеттемелер. Үкімет 2020 жылдың 1 қаңтарынан азаматтық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді бастады және төрт жыл ішінде ол екі есеге артады. Қазірдің өзінде бюджет саласындағы 1,1 млн-нан астам қызметкердің жалақысы 30%-ға дейін, атап айтқанда, орта есеппен дәрігерлерге – 30%-ға, педагогтерге – 25%-ға, орта медициналық персоналға – 20%-ға, басқа санаттарға – 20%-ға ұлғайтылды. Биыл 6 мың дәрігер мен орта медициналық персоналдың, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің орташа жалақысы көбейді. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен орташа есеппен 20%-ға арттыру да қолға алынды.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, енді бұл қатарды коммуналды қызметте істейтіндер толықтырады.

«Коммуналды қызмет жұмыскерлерінің жалақысын өңірлер бойынша орташа салалық деңгейге дейін, орта есеппен 50%-ға дейін арттыру үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды. Бұл шара 200 мыңға жуық қызметкердің табысын арттыруға, саладағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Әлібек Сәкенұлы.

Бесінші. Халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау. Интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін 500 мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндік беретін Жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігі енгізіледі. Сол арқылы әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, салық салу, оның ішінде табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларды әлеуметтік қолдаудың проактивті форматы сияқты өзекті мәселелерді шешу көзделеді.

Жоғарыдағы бес бағытқа тоқталған Әлібек Қуантыров қазір иілмей тұрған инфляцияны таяу жылдары тежемей, күтілетін нәтижеге қол жеткізе алмайтындарын мойындады.

«Өздеріңіз білетіндей, сәуір айында жылдық инфляция 20,3%-дан 16,8%-ға дейін баяулады. Алайда, біздің алдымызда инфляцияны екі есе төмендету міндеті тұр», – деп сөзін түйіндеді Атыраудан шыққан министр.

Жалпы, республикалық және өңірлік бағдарламаларды орындау 2029 жылға дейін төмендегідей нәтижелерге әкелуі тиіс:

  • жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін 41,1%-ға жеткізу;
  • жыл сайын 480 мың қазақстандықты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарын орындау;
  • табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесін 5%-ға дейін төмендету;
  • жұмыссыздықты 4,6% деңгейінде ұстап тұру;
  • жалпы табыстардағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесін 86,7%-ға жеткізу.

Міне, Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы осындай үлкен мақсаттарды көздейді. Ал, бағыты айқын бағдарламаның қағаз жүзінде қалмауы атқамінерлердің іскерлігіне тікелей байланысты.

«АУЫЛ
АМАНАТЫ»
7,5 МЛН
ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫН
ТҮЗЕЙ МЕ?

Жыл басында тұтас ел бойынша Үкімет билік партиясымен бірлесіп, ауылдағы ағайындардың әл-ауқатын жақсартуға және түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» жобасын бастады. Ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеуді мақсат еткен ауқымды жоба елімізде алғаш рет 2019 жылы пилоттық режимде Жамбыл облысында іске қосылған болатын. Осы төрт жылда халқының 56 пайызы (693 мың) ауылда тұратын облыста аталған жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Содан пилоттық жоба биыл барлық өңірде қолға алынды.

Бастапқыда жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2023 жылға 52,4 млрд теңге бөлінген болатын. Бұған ауылдағы ағайындарға 11 мыңнан астам несие беру жоспарланған еді. Бірақ, көктемде жергілікті әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерде зерттеу жүргізіп, қаражаттың жетпейтінін анықтады. Содан, жоғарыда жазғанымыздай, бағдарламаның биылғы бюджеті 100 млрд теңгені құрады. Оған 17 мыңдай несие беру көзделіп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, «Amanat»  партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе ашылған.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша шағын несие беру мерзімі – мал шаруашылығы үшін 7 жыл, басқа бағыттарға – 5 жыл. Максималды сома – 2 500 АЕК (8 625 000 теңге). Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 000 АЕК-ке (27 600 000 теңге) дейін несие беріледі. Бұлардың номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5%-дан аспайды. Осылайша, ауқымды жоба жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, оларды аграрлық бизнеске тартпақ.

445 мың адам (53,1%) ауылдарда тұратын Қызылорда облысын мысалға алайық. «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Алаштың анасы» атанған Сыр еліне биыл 3 млрд теңге бөлінді. Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Байымбетовтың айтуынша, көктемде жобаны іске асыруға жауаптыны анықтау үшін конкурс өткізілді, содан кейін осы жобаға тартылған барлық мемлекеттік органдар «бір терезе» қағидатына интеграцияланды.

«Облыс орталығында және аудандарда тұрғындармен кездесулер өткізіп, шағын несие алудың негізгі талаптарын түсіндірдік. 28 кооператив пен 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құру, 20 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарлануда», – деп нақтылады Ғалым Орынбасарұлы.

Шағын несие беру төменгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

  • ет және сүт шаруашылығы;
  • құс шаруашылығы;
  • өсімдік шаруашылығы;
  • шағын жылыжайлар;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу.

Мемлекет ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ниет білдіргендерді де ынталандырады. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі сатып алынған техникаға, көлік пен құрал-жабдыққа инвестициялық субсидиялар үлесін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты. Жобаға қатысушылар құрылтайшылар ретінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі қажет. Бұл өнімді қайта өңдеуді, өткізуді жолға қоюға, жем өндіруді қамтамасыз етуге және оларды серіктестеріне нарық бағасынан төмен бағада сатуға мүмкіндік береді.

Ұлттық статистика бюросына сенсек, қазір ауылда 7,5 млн адам немесе ел халқының 38 пайызы тұрады. Өкінішке қарай, жыл сайын қалаға көшкен ауылдағы ағайындардың қатары артып келеді. Мысалы, өткен жылы ауылдан 170 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Соңғы он жылда ауыл тұрғындарының ел халқындағы үлесі 5 пайызға кеміген. Алдағы жылдары бұл қарқын сақталар болса, онда қазақ ауылдан ажырап қалады. Сондықтан ауылдың түтіні түзу шықса дейсің. Әрине, ол үшін қыруар қаржы бөлінген «Ауыл аманаты» сияқты жобалар мен бағдарламалардың арты сиырқұйымшақтанып кетпегені керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Былтыр халық табысын арттыру мәселесін қайта көтерген Президент Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп екі айда арнайы бағдарлама әзірлеуді, оның мақсатты болуын, кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін белгілеуді, жұмысқа орналасуға мұқтаж қазақстандықтардың санын анықтауды, Әлеуметтік кодексті қабылдауды тапсырған еді. Президент тапсырмасын Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинеті орындады. Былтыр жыл соңында Әлеуметтік кодекс қабылданды. Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама толықтырылып, оны жүзеге асыру мерзімі тағы төрт жылға ұзартылды. Әлеуметтік кодекс аясында биыл бала күтімі бойынша төлемдер бір жастан бір жарым жасқа ұлғайды, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін жәрдемақы көлемі 45 пайызға артты. Ал, Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген нақылмен үндес екеніне жоғарыда тоқталдық.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here