Инклюзивті қоғамды дамытуға азаматтық қоғамның қосар үлесі

0
1033

Қазақстанда 19,7 млн халық тұрады, соның 700 мыңында мүгедектігі бар екен. Сол мүмкіндігі шектеулі жандардың 80 пайызын еңбекке қабілетті жастағылар құрайды. Бір әттеген-айы, солардың 104 мыңы ғана жұмыс істейді. Демек, мүгедектігі барлар негізінен мемлекеттік жәрдемақы есебінен күн көреді. Содан олар экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін өзінің әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Ал, бүгінде азаматтық қоғам өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға және инклюзивті қоғамды дамытуға үлкен көңіл бөліп жүргені рас. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін барыс жылы өңірлерде жүзеге асырылған «Qolda 4.0» бағдарламасының үш әлеуметтік жобасына тоқталады.

«ҚОРҒАН-М»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Түркістан облысында 2,1 млн халық тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша алдына ешбір облысты салмайды. Халқы көп өңірде мүгедектер де көп. Олардың саны 100 мыңға жуықтайды. Яғни, елдегі әрбір жетінші мүгедек Түркістан облысын мекендейді деген сөз. Сондықтан облыста инклюзивті қоғамды дамытуға басымдық берілмесе болмайды.

Былтыр «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің командасы облыста балаларды инклюзивті оқыту бойынша ақпараттық науқан өткізді. «Тең мүмкіндіктерге бірге» акциясына өңірдегі 100 мектептен 2 500 оқушы қатысты. Жоба қорытындысы бойынша мамандар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 100 балабақшасы мен мектебінде оқыту іс-шараларын өткізді, «Тең қоғам» әлеуметтік ролигін шығарды, ерекше балалармен қарым-қатынас этикасы бойынша педагогтарға арналған әдістемелік құрал дайындады.

Жобаның үлкен жетістігі ретінде мүгедектігі бар жасөспірімдерге он екі мүшесі сау балаларда эмпатия пайда болуына, ал оқушыларды оларды қолдаудың маңыздылығын түсінуге шақырғанын айтсақ жетеді. Оқу орындарының әкімшіліктері жобаны қолдады және ерекше балалармен инклюзия мен қарым-қатынас этикасы бойынша ақпараттық тренингтерге педагогтердің белсенді қатысуын қамтамасыз етті.

«Қорған-М» командасы бүкіл республика бойынша инклюзивті сыныптан тыс сағаттарды енгізуді жоспарлап отыр. Қоғамдық бірлестік басшысы Диана Қырғызбаева дәріс оқып қана қоймай, әр баланың пікірін тыңдап, қажет болған жағдайда оны түзету, мүгедек балалармен жұмыс жөніндегі оқытушылар мен мамандарды оқыту қажет екенін атап өтті.

«Инклюзия әр оқушының қабілеті мен қажеттілігін ескеру үшін өзін қабылдағанын сезінуге ықпал етеді. Мүгедек балалар құрдастарымен тең дәрежеде болуы үшін мектептер икемді кестені құрып қана қоймай, ата-аналармен де жұмысты бастап, сыныптан тыс сағаттарды да өткізуі керек. Мұның бәрі мүгедек балаларды ортада өзін еркін сезінуге оң әсер етеді», – деп санайды Диана Қырғызбаева.

«АРДОС-ЖҮРЕК»: СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

«Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің командасы жасөспірімдер мен жастар арасында инклюзивті қоғам қағидаттарын ілгерілетеді, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мүмкіндіктері шектеулі адамдарға ақпараттық және құқықтық қолдау көрсетеді. «Qolda 4.0» бағдарламасы аясында команда облыстағы 150 мектепке оқушылар мен мүгедектер үшін қолжетімділік деңгейіне мониторинг жүргізді. Нәтижелер бойынша нысандардың 90 пайызы арнайы жабдыққа мұқтаж, мектептердің 85 пайызы мүгедек адамдар үшін қолжетімсіз екені анықталды.

Жоба мамандары инклюзивті білім беру саласындағы білім деңгейі бойынша 1 600 педагогты сұрақтың астына алды. Олардың 53 пайызы мамандандырылған курстардан өтпегенін және ақпараттық-ресурстық қолдауды қажет ететіндігін айтты. Олар үшін команда «Барлығына арналған инклюзивті білім» арнайы әдістемелік құрал әзірледі. Алынған нәтижелерден кейін бірлестік басшысы Ақжан Кәрім былтыр күзде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловпен инклюзивті білім беру мәселелерін талқылады, сондай-ақ Астанадағы Назарбаев университетінің бейінді шетелдік профессорларымен жүздесті. Кездесуден кейін тараптар осы мәселе бойынша жұмысты жалғастыруға, байланысты арттыруға, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарын қажетті заттармен жабдықтауға келісті.

Айта кетейік, 540 мыңға жуық халық тұратын шеткейдегі өңірде 26 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жан бар, соның 2 мыңын балалар құрайды.

«ҮМІТ-НАДЕЖДА»: ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Қостанай облысындағы «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің командасы «Профи-IT» жобасы бойынша мүгедектігі бар 50 адамды компьютерлік сауаттылық және заманауи digital мамандықтар – SMM, копирайтинг, таргеттеу, сайттарды әзірлеу курстарына оқытты. Оқыту нәтижелері бойынша қатысушылар одан әрі жұмысқа орналасу мен қаржылық тәуелсіздік дағдыларына ие болды.

Команда аудандар мен ауылдарды қамти отырып, жобаны одан әрі іске асыруды жоспарлап отыр. Компьютерлік курстар нарықта ең көп сұранысқа ие. Ал, ауыл тұрғындары көбіне мұндай жобалардан сырт қалады және онда жұмыссыздық мәселесі өткір күйінде тұр. Сондықтан жоғарыдағы курстармен ауылдағы ағайындарды оқытса артық етпейді. Қазір қоғамдық бірлестік базасында мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер порталдары бойынша кеңес алатын қолдау орталығы жұмыс істейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар жаңа құралдарды қолдана отырып, тең құқықтар мен түрлі мүмкіндіктер қоғамын қолдайды. Пандустар, көмекке шақыру түймелері, брайльға аудару, арнайы лифттер сияқты дәстүрлі бастамаларды жүзеге асырумен қатар, қазір олар адвокатура, білім беру, оқыту, прогрессивті технологияларды қолдану құралдарына да назар аударады. Ал, жұрттың бәрі тең саналатын өркениетті елге айналамыз десек, халық мүмкіндігі шектеулі жандарға үрке қарамауы керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here