Алматыда рухани мәуліт кеші өтті

0
1431

Кеше, 9 қазанда Алматы қаласындағы Республика сарайында «Мейірімді Мұхаммед» атты рухани мәуліт кеші өтті. Рухани кешті ҚМДБ Алматы қалалық Орталық мешіті ұйымдастырды. Кешке ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жиналған халықты құттықтады. Бұл туралы Алматы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласы әкімінің құттықтау хатын қалалық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов оқып берді. Мәуліт кешіне демеушілік жасаған кәсіпкер Бахреддин Нұғманұлы және зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, мешіт жамағаты мен имамдар қатысты. Ақын, сазгер Жәкен Омаров жылдағы дәстүрмен пайғамбарымыздың өмірбаянын қазақ тілінде жырлап, биыл хижреттің 4-5 жылдар оқиғасын баяндады. Бұған дейінгі мәуліт мерекелерінде Пайғамбарымыздың балалық шағы, одан кейін пайғамбарлықтың келуі, миғражға көтерілуі, одан кейін хижреттің алғашқы жылдары мен Бәдір соғысы, Ухуд соғысы, хазреті Хамзаның шейіт болуына тоқталған болатын.

Мәулітке арналған мерекелік шарада «Өнер қырандары» театры ұжымы сахналық қойылымдар қойды. Бұл көріністерде Аллаға тәуекел ету, теріс қылықтардан аулақ болу, дұрыс дос таңдай білу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі сияқты мәнді дүниелер баяндалды.

«HasSak» этно-фольклорлық ансаблі, Қанатбек Полатбек және Ринат Төре сынды эстрада әншілері иләһи әндер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді. Сонымен қатар, Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан жас жеткіншектер пайғамбарымыз жайлы поэзия оқыды.

Кеш соңында Бас мүфти рухани іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған белгілі меценат Бахаридин Нұғманұлын «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Сондай-ақ, мерекелік бағдарламаға үлес қосқан белгілі жыршы Жәкен Омаровқа, «Өнер қырандары» мен «HasSak» ұжымына алғыс хатын табыстап, ризашылық ниетін жеткізді. Сонымен қатар, билеттен түскен қаражаттан «Мәуліт сыйы» ретінде «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің жаңа ғимаратының құрылысына 4 млн теңгенің сертификаты берілді. Және де көмекке мұқтаж азаматтарға қаржылай сертификаттар табысталды. Айталық, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша Республика бойынша 596-шы баспана, Алматы қаласы бойынша 20-шы баспана кілтін Түрксіб аудандық «Мекке» мешітінің имамы, 7 баланың әкесі Рахматулла Моллақағанатұлына табыстады. Бұдан бөлек, Алматы Орталық мешітінің жанынан ашылған онлайн Құран курсының белсенді ұстазына тосын сый ретінде ұмра қажылығының сертификаты берілді.

Көрермендерге мәуліт кешіне арнайы жазылған «Пайғамбарымызды танисыз ба?» кітабы мен мүфтияттың төл басылымы «Munara» газеті және «Иман» журналы тегін таратылды.

Шараның басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу болып табылды.

Рухани кештің алдында Пайғамбар өмірінен мол мағлұмат беретін көрме ұйымдастырылып, көрермен назарына ұсынылды.

Биылғы рухани Мәуліт кешінің ерекшелігі көрермен сұрауы бойынша бір күнде екі рет қойылым көрсетілді. Таңғы және түскі қойылым барысында Республика сарайы көрерменге лық толды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here