Екі жыл бұрын пандемияға орай тоқтап қалған Ресеймен байланыстыратын Петропавл – Макушино, Петропавл – Есілкөл бағытындағы электр пойыздарының қозғалысы 8 маусымнан бастап қалпына келтіріледі. Билет құны мен жүру кестесі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.
Басқарма мәліметінше, жолаушылар тасымалын «Лидер-электросервис» ЖШС (Нұр-Сұлтан) жүзеге асырады. Аталған компания «Ресей темір жолдары» АҚ-мен барлық тиісті келісімшартқа отырды. Билет құны тұрғындардың қалтасын қақпауы үшін биыл бюджеттен электр пойыздарын субсидиялауға қаржы бөлінді. Ол шамамен 250 млн теңгені құрайды. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат та қарастырылады. Есілкөлге күніне екі рет электр пойызы барады. Ал, Макушиноға тәулігіне бір рет электр пойызы жолға шығады, таңертең облыс орталығынан шығып, кешке қайтып келеді.