Алматыда үшінші теміржол вокзалы мен үш метро бекеті салынады

0
573

Алматы қаласының шеткі аймағында Алматы-3 теміржол вокзалы мен тағы үш метро бекетін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын талқылау барысында айтты.

«Қала мен қала маңындағы көлік байланысын жақсарту үшін біз қосымша қала маңынан қаладағы көлік хабтарына дейін 30 маршрут, Алматы-2 теміржол вокзалынан Қонаев қаласына дейін электр пойызын іске қосамыз және Алматы-3 теміржол вокзалының құрылысын бастаймыз», – деді Ерболат Асқарбекұлы.

Мегаполис басшысы 2025 жылға дейін Құлжа тасжолы мен Боралдай-Шамалған трассасы, 2030 жылға дейін Талғар трактісі мен жоғарғы Қаскелең жолы кеңейтілетінін айтты.

«Қала мен Алматы облысы арасында күнделікті қоғамдық көлікте жол жүру 2025 жылға қарай қазіргі 400 мыңнан 500 мыңға дейін және 2030 жылға қарай 600 мыңға дейін ұлғаюы тиіс. Алматы агломерациясында қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі бірлескен жобалық кеңсе құрылатын болады», – деп нақтылады Ерболат Асқарбекұлы.

Мегаполис басшысы тағы үш метро бекеті салынатынын да хабарлады.

«Біз агломерациядан келіп, негізгі қақпалардан кіретін трафикті жеңілдетуге бағытталған 4 көлік-ауысып отыру хабын ұйымдастырамыз. Батыс бағытта 3 жаңа метро бекеті салынады. Алматы метросын одан әрі дамыту аясында солтүстік бағытта Алматы-1 теміржол вокзалына дейін метроны дамыту бойынша ұсыныстар дайындалады», – деп нақтылады Ерболат Асқарбекұлы.

Алматы әкімінің айтуынша, биыл қазан айына дейін Төле би көшесінде LRT – жеңіл рельсті көлік құралын дамыту жөнінде шешім қабылданған және жыл сайынғы қаржыландыру негізінде келесі жылдан бастап веложолдардың ұзындығы 2025 жылы 60 км-ге дейін, 2030 жылы 125 км-ге дейін, яғни екі есе ұлғайтылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here