«Медет бер, іңкәр дүние!»

0
2336

Қолымызға танымал ақын, бірнеше жыр жинағының авторы Бүбішқан Тікебаеваның осы аттас жаңа кітабы түсті. Адалын айтқанда, бәрінен бұрын қызықтырғаны жаңа жинақтың атауы еді. Осынша жасқа дейін өз оқырмандарына берерін берген, талай жыр жинақтарының авторы мына жарық жалғаннан медет сұрайды. Осы уақытқа дейінгі бергенін азсынады. Тағдырдан медет сұрап, «тағы да өз оқырмандарыма берерімді берсем, сөйтіп жыр сүйер қауымды және бір қуантсам» деп желпінеді. Ақынның бұл желпінісіне, соны бастамасына әбден келісуге болады. Аталған жинақ өз айтар ойы, мазмұнына қарай әлденеше бөлімге бөлінген. 

Өткенді білу, еліміздің кешегі тарихын тану бүгінгі жас ұрпаққа аса қажетті міндеттердің бірінен саналады. Әсіресе, сол кешегі күні ғұмыр кешкен ұлт даналарының өмірін білу, кім екенін тану уақыт талабы екені сөзсіз. Осыны сезген автор кітаптың алғашқы бөлімінде ұлт ұлыларын әспеттеп, өз жырына арқау етеді. Және бір айта кетерлігі, сол ұлыларға арналған өлеңдерінде өзі жырға өзек еткен айтулы адамдардың суреті қоса берілген.

Бұл игілікті бастама Абайдан басталады. Сөйтеді де, Дінмұхамед Қонаев, Нұрғиса, Шәмші, Бибігүл, Мұқағали болып жалғаса береді. Тіпті, «Ғибратнама» деп аталатын өлеңінде сонау Сұлтан Бейбарыс, Абылай хан аттары да өз кезегінде аталып өтеді. Ақын өз ойын орамды жыр жолдарымен айта келіп, поэтикалық түйін жасайды:

Бақ тілеймін еліме күндей күліп,
Шапағат нұрын шашсын имандылық.
Ұрпағыма тыныштық тілей жүріп,
Тәңірімнен сұраймын тізе бүгіп.

Ақынның Дінмұхамед Қонаев пен Нұрғиса Тілендиевке арналған өлеңдерінде де кейбір көркем көріністер орын алған. Мысалы, ақын Нұрғисаға арнаған өлеңінде:

Алатаудың көктемі,
Іздейді сізді гүл бақтан.
Оралып құстар келгенде,
Жоқтайды іздеп тау жақтан, – деп өзгеше әсерлі ой айтады.

Сол секілді Шәмшіге арнаған өлеңі де жүрекке жылы, ойға, сырға толы:

Қара көз, қиғаш қас қараса мөлдіреп,
Сағынып жүреді жүрегі елжіреп.
«Ақ бантик» басында үкідей үлбіреп,
Қыз шықса алдынан қарайды келді деп.
Қайықпен серуендеп, көл беті көп өрнек,
Ақ айдын толқиды, жым-жырт боп не керек.
Ән салып барады қос ғашық қайықта,
Тып-тыныш мүлгиді, самал мен төңірек…

Ал, замана бұлбұлы Бибігүлге арнаған өлеңі оған берілген тарихи баға, өшпес атау секілді:

Еліне қызмет етіп, елден ерек,
Өз Отанын келеді әнге бөлеп.
ЮНЕСКО шешімі мақұлданды,
ХХ-ғасырдың бұлбұлы деп…

Ақын қиял дүниені шарлап, жарты әлемге қанат қағады. Жылт еткен жасаң дүние ақын жырына айналады. Баланың былдыры, судың сылдыры, құстың қанат қаққаны, бұлақтың еркелеп аққаны бәрі-бәрін жинаққа енген жырлардан молынан кезіктіруге болады. «Музейде», «Жырым сенсің – назды әуен», «Қазақ деген дана халық», «О, табиғат!», «Достық тілек», «Жалған өмір», «Алма ағашы», т.б. жырлар осы сөзіміздің айғағы.

Жинақтағы кімнің болмасын баса назар аударып, қызығып оқитын дүниелері  халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрге арналған танымдық жырлары. Бұл атаудағы жырлар өзгеше бір ырғақпен қысқа әрі нұсқа жазылған. «Шаңырақ», «Елтаңба» өлеңдерінде әлеуметтік сарын басым. «Сандық» өлеңі:

Сандықтың бетіндегі,
Оюлы қошқар мүйіз.
Түр-түсі құлпырады,
Төріне салған киіз, – деп қысқа ғана қайырылса, «Сырмақ» өлеңі:

Сырмақтың сыры бөлек,
Оюы бастырылған.
Шеттегі тышқан ізі,
Әдемі жапсырылған, – деп түйінделеді.

«Құрақ көрпе», «Тоқыма біз», «Тоқыма» өлеңдерінің де жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Қолданбалы өнер қашанда керек, әр күннің қажетіне жарайтын дүниелер. Қолданбалы өнер сондықтан да ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келеді. Тіпті, ғылым мен техника дамыған бүгінгі заманның өзінде қолданбалы өнер ерекше қарқынмен дамып, уақытпен үндесіп келеді. 

Отан, туған жер, тал бесік, табиғат тақырыбы қай ақынның жырына арқау, айтар ойына астар болмаған дейсің. Тегінде туған жер, өскен ортасын жыр шумақтарымен өбектемеген, ағынан ақтарылмаған ақын жоқ та шығар. Бүбішқан ақын да Отан деп толғанады, туған жер деп тебіренеді. Сол секілді жылдың төрт мезгілін өлеңге қосады.

Бұл кешегі ұлы Абайдан қалған ескі дәстүр, көне салт. Хакім Абай ұлттық әдебиетімізде ғана емес, күллі әлем әдебиетінде төрт мезгілді жырлаудың классикалық үлгісін қалыптастырды. Көркем сөзбен төрт мезгілдің ғажайып картинасын жасады.

Ақын бұл салада да өзінше ой айтып, өрнек жасауға тырысады. «Жаңа жыл» деген өлеңін оқып көрелік:

Жылдар жылжып, тарихқа атын қалдырып,
Бара жатыр уақыт үні жаңғырып.
Бейбіт күннің сағаты озып, соға бер,
Болашаққа жеткізе көр бал үміт.

Жыл басы – Тышқан. Содан тартып, жылдар желісі жалғаса береді. Мұны неге айтып отырмыз?! Олай болатыны әркім де өз туған жылының атауын білуі керек. Ертеде адамдар өзінің туған жылын, айын, күнін дәл басып, айта алмаған. Дейтұрғанмен, қай жылы туғанын ұмытпаған. Қай жылы тудың десеңіз, не қой, не жылан деп таңдайы тақылдап сайрап тұрады. Сөйтеді де жыл қайыру үлгісімен өзінің қанша жасқа толғанын дәл шығарып отырады. Ақын Б.Тікебаева жаңа жыл туралы өлеңдерінде осы бір адами  таным жағына көп көңіл бөледі. Сөйтеді де әр жылдың өзіне сай жаңа мазмұн, көркемдік бітім іздестіреді. Сол секілді ұлттық дәстүр, ескі салт тақырыбына арнаған өлеңдері де өзіндік нақышпен әдемі шыққан. «Келін түсір, қыз ұзат, құдаңды күт» деп өзіндік байлам жасайды. Жалпы жас ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды жастайынан бойына дәріптеу, сөйтіп ұлт азаматын қалыптастыру бүгінгі әдебиеттің ғана емес, күллі өнер атаулының қасиетті борышы екені даусыз. Өйткені, қай халық болмасын өзіне тән ұлттық дәстүр, салт-сана аясында тірлік кешеді. Біз де солаймыз.

Қорыта келгенде, ақынның жаңа кітабын өз тақырыбын толық қамтыған, ойы тұнық, заманауи әдебиет жауһары деп таныған жөн.

Дәнеш Ахметұлы, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here