Қасым-Жомарт Тоқаев президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.
«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады», – деді Мемлекет басшысы.
Расында, президенттік өкілеттілік мерзімін ұзарту – посткеңестік кеңістік үшін қалыптасқан дағдыға айналды. Алысқа бармай-ақ солтүстік пен оңтүстіктегі көрші елдерді алайық. 2020 жылы Ресей Федерациясының Конституциясына түзетулер енгізіліп, Путиннің президенттік мерзімі нөлге теңестірілетін заң күшіне енді. Енді билік басында 2000 жылдан бері отырған Путин 2024 жылдан кейін де Ресей президенттігіне қайта сайлана алады.
Бұл жолмен оңтүстіктегі көрші ел Өзбекстан да жүргісі келеді. Айталық, Өзбекстан Конституциясына өзгеріс енгізу арқылы Шавкат Мирзиёев та өзінің екі президенттік мерзімін нөлге теңестіріп, де-факто үшінші, төртінші рет президент болып сайлануға қамданып жатыр.
Міне, көрші елдерде президент өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқанда, біздің елімізде керісінше президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді. Бұл – бір.
Екіншіден, Қазақстан президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеген посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел атанады. Мұндай норма 2010-2021 жылдары Қырғызстан Конституциясында да болғанын айта кеткен жөн. Дегенмен, жыл басында Садыр Жапаровтың бастамасымен жаңа Конституция қабылданып, бұл норма Қырғызстанда күшін жойды. Тіпті, Еуропалық Одаққа мүше Латвия, Литва, Эстонияның өзінде президентке екі мерзімге сайлануға мүмкіндік беріледі.
Үшіншіден, Ресей мен Өзбекстанды айтамыз-ау, Конституцияны талай өзгертіп, Назарбаевтың өзі де 30 жыл шексіз билікке ие болды ғой. Оның қасында Тоқаев өзінің өкілеттік мерзімін қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына түсуге дайын екенін жеткізді. Яғни, Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша 2029 жылдан кейін қайта сайлауға түсуге құқығы болмайды.
Төртіншіден, осы мерзім ішінде Жаңа Қазақстанды алаңсыз құруға, өз командасын жасақтауға, реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Оның үстіне қазір геосаяси ахуал күрделі. Еділ Жаңбыршин айтқандай, «біз бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет, президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Осындай факторларды ескергенде, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Шексіз билікке ие бола алмайды. Түптеп келгенде, бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді айқындай түседі.
Айта кетейік, Қазақстанда күзде кезектен тыс Президент сайлауы, 2023 жылдың бірінші жарты жылында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ