Қойлыбай әулие

0
2609

Бұл – Шоқан Уәлиханов «Бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағалаған Қойлыбай.  Әлкей Марғұлан «Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады» деген пікір қалдырды.

Әбубәкір Диваев хатқа түсірген «Бақсы» жырындағы аңызды аңдасақ, оның төрт батыр ұлы және бес мың жыны болған. Көкжарлы Барақ батырдың өтінішімен Қойлыбай ат бәйгесіне қобызын қосады. Сөреге алдын ала келіп, қобызын кәрі сексеуілге байлатады. Сосын сәйгүліктер шаңы көзге шалынғанда қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастайды. Кенет қатты дауыл тұрады. Көп ұзамай алдында сексеуіл сүйреткен қобыз келе жатқан аттар көрінеді. Дүлей дауыл мен ышқына ысқырған жел Көкаман атты жынының күші еді.

Шоқан Уәлихановтың Қойлыбай жайлы зерттеуін негізге алған Мағжан Жұмабаев «Қойлыбайдың қобызы» дастанын жазды.

ӘҢГІМЕНІҢ ӘЛҚИСАСЫ

Қаратаудың қойнауы қалың Қыпшаққа тарлық ете бастаған соң, Бұлтың мен Бердікейдің бақсы Қойлыбай бастаған бір топ ақсақалы қосымша қоныс іздеп Қостанайға қарай шығады. Торғаймен төтелетіп, Ұлытау өңіріндегі Дулығалы өзеніне жеткенде аттың ауыздығын алады. «Шөбі шүйгін, суы мол, жазы жайлы екен. Қысының қабағына да қарайық» деп ортақ келісімге келген олар қыстап қалады.

Сол сапарда сырқатқа шалдығып, енді беті бері қарамасын сезген Қойлыбай қасындағыларға: «Қыстың көзі қырауда сүйегімді Қаратауға сүйретіп әуре болмай, Дулығалы өзенінің жағасындағы алғашқы күні намазға жығылған қырдың басына жерлеңдер. Ұлытаудан бес түйе арша әкеліп, басыма белгі қойыңдар» деп ақтық сөзін айтады.

Аманатқа қиянат етпеген қазақпыз, Қойлыбайдың тілегі толық орындалды. Кейін жұртшылық жұмылып кесене салды. 1994 жылы жазда Дулығалы өзенінің бойында әулиенің әруағына бағыштап ас берілді. Иісі қазаққа сауын айтылған алқалы жиында аламан бәйге ұйымдастырылды, балуандар боз кілемнің шаңын қақты.

Жалпы Қойлыбай әулие жөнінде ел арасында тараған аңыз әңгіме жеткілікті. Соның біразын бала кезде естіп өстік. Есейгенде тарихты тамырлатып, естігенді екшейтін дең-гейге жеттік. Соның бірпарасын оқырман назарына ұсынып көрейін.

ТАСҚЫНДЫ ТОҚТАТҚАН БАЛАБАҚСЫ

Су қатты тасып, бір қауым ел «аралда» қалады. Жолындағыны тегіс жайпаған тегеурінді тасқын қатерлі қауіп төндіреді. Апаттың алдын алуға дәрменсіз ауылды үрей жайлайды. Осындай қысылтаяң кезде Қойлыбай жасы тоқсаннан асып, жағын жібек орамалмен таңып отырған ұлы атасының үлкен үйінің табалдырығын аттайды. Тізерлеп отыра қалып:

– Баба, батаңды бер! Аллатағалаға сиынып мынау еңіреген елдің сауабын алудың қам-қарекетін қарастырайын. Екінші тілегім – арғы атамыздан қалған асатаяқты алуға рұқсат етіңіз, – деп алақанын жаяды.

– Есімің елге жайылып, бағың жансын, балам! Әрқашан әруақ қолдасын, ісіңде астамшылық болмасын! – деп батасын берген абыз ақсақал асатаяқты Қойлыбайдың қолына ұстатады.

Қойлыбай күңірентіп қобыз тартқанда ақ көбік атып аласұрған ағынды тасқын тына қалып, су қақ жарылады. Асатаяқ ұстаған ол ортасына тұра қалады. Малжан тегіс келесі жағаға шығады, елдің соңын ала атасының қоңыраулы күймесі өтеді.

Осы оқиғадан кейін атағы аспандап, өзі «Балабақсы» атанғанда оның жасы он беске енді иек артқан көрінеді.

КӨТЕРІЛЕ КӨШКЕН КИІЗ ҮЙ

Жаз жайлайтын өріс қарастырып, ағыны адуынды долы дарияны жағалап келе жатқан ауылдың ақылгөй ақсақалдары арғы бетте болып жатқан жиын-тойды көреді. Дауыстап мән-жәйді сұрайды.

– Тамыз байдың баласы тайға мінді, бұл – соның тоқымқағар тойы, – дейді келесі беттен жауап қатқан жамағат.

– Біз – қаратаулық қыпшақпыз, – деп бұлар да жөнін айтады.

– Тойдан жол-жоралғы алып, бата беретін жөні бар қадірлі қонақ екенсіздер. Бірақ, мына дария өткізе ме? Енді қайттік?! – деп қынжылыс білдіреді бұлармен тілдесіп тұрған жігіт.

Аңтарылған ақсақалдар Қойлыбайға қарайды. Сонда ол: «Бізге арнаған үйін тігіп, дастарханға қонақасымызды қойып, бетін жапсын. Дастарханның шетінде ыдыс-аяқ тұрсын. Сосын сол жақ босағадағы керегенің үш көзінен кейін бір мес қымыз байласын. Тарту-таралғыны керегенің басына іліп, атаған атты Аллатағалаға сиынып, оң босағаға байласын», – дейді.

Тойшыл қауым «Қойлыбай бақсы қандай керемет көрсетеді екен?» деген әуестікпен дарияның жағасына жиналады. Бәрі дайын болғанда белгі береді. Аллатағалаға сиынып, қобызын қолына алған Қойлыбай күңірентіп қоя береді. Сәлден соң ақбоз үй ырғатыла қозғалады, сосын орнынан тік көтеріліп, жылжыған бойда келесі жағалауға барып қонады. Жолаушылар дәм татып, бата жасайды. Сый-сияпатын алады, ал атты «Тоқымқағар иесі мінсін» деген тілекпен кері қайтарады.

Қойлыбайдың бұл құдіреті де қалың елге кең тарап кетеді.

ЕЛ МОЙЫНДАҒАН ӘУЛИЕ

Бірде бір топ аттылы адам Торғай өзенінің бойын жайлап отырған Арғын Ақташы, Тағышының ауылына келіп түседі. Сол кезде бір келіншек босана алмай, ауыл абыр-сабыр болып жатса керек. Келінінің қиналғанын уайымдап, далада дегбірі кетіп жүрген ауылдың ауқатты байы сырттан келген қонақты байқап: «Кімдер екен? Біліп келіңдер», – дейді. «Қаратаудың қыпшағы көрінеді. Арасында балабақсы Қойлыбай да бар екен» деген хабар жетеді.

Алыстан келген қонақтарға арнайы барып сәлем берген бай басына түсіп тұрған тауқыметті тілге тиек етіп, «Қойлыбайды құдай айдап келген шығар» деп үміті оянғанын да жасырмайды. Келіншек толғатып жатқан үйге келген Қойлыбай оны қоршаған қатын-қалашты кейін ығыстырып, «Шық жарық дүниеге» деп қолындағы екі бүктеп ұстаған қамшысымен кіндіктен төмен қарай сипап қалғанда, шарана шар етіп жерге түседі.

Бөбектің дауысын естіген бай: «Иә, Аллатағала, боз бие құдайы» деп қуанғаннан жанары жасаурайды. Сол маңайды төңіректеп жүрген ауыл адамдары: «Қойлыбай – балабақсы емес, нағыз әулие» деп қауқылдасады. Содан бастап ел арасында Қойлыбайдың есіміне «әулие» деген анықтауыш қосақталып айтылады.

КІРЕШІЛЕР САЙЫ

Қойлыбай әулие қайтыс болғаннан кейінгі кейбір оқиғаға байланысты айтылып жүрген әртүрлі әңгіме де оның тегін адам еместігін айғақтайды.

Қар қалың түскен бір қыста қатты боранға ұрынған кірешілер көздеген жеріне жете алмай, өзеннің келесі бетіндегі сайды паналап, көлігін қаңтарады. Жағайын десе отын жоқ, содан кірешілер басшысы: «Бейіттің бетіндегі аршадан алып келіңдер. Ыстық тамақтың қамына кірісіңдер», – деп жөн сілтеген сыңай танытады.

Қырық екі кірешінің біреуі: «Онда жатқан тегін адам емес, аршаны алмаңдар!» – деп безектейді. Бірақ, көпшілігі оған құлақ аспайды. Дайындаған асты ішуден әлгіден басқа тағы екі адам бас тартады. Қысқасы, сол түнде отыз тоғыз адам бақилық болып, сол сайдың бойынан топырақ бұйырады. Ол жер «Кірешілер сайы» атанып кеткен.

ЕСІРГЕН ЕТШІ

Атын айтпай-ақ қояйын, бір ет жинаушы «Байқоңыр» жағын аралап келе жатқанда жүргізушісі: «Қойлыбай әулиеге аялдап, зиярат етейік», – деп өтінеді. Бірыңғай қазы-қарта жеп бүйрегін май, көзін шел басқан әлгі: «Тарта бер! Әлдеқашан сүйегі қурап қалған Қойлыбайға құран оқып отыратын уақыт жоқ», – дейді. Аузын жапқанша болмайды, желмен жарысып жүйткіп келе жатқан көліктің моторы өшіп қалады.

Әрі-бері шұқылағанмен, мотор «мыңқ» етпейді. Кабинада қарап отырып-ақ әбден қалжыраған «уақыты жоқ» бейбақ шыдамы таусылып, жүргізушіге: «Болмаса, таста!  Анау жылқышыға барып, шөл басайық», – дейді. Екеуі өзеннің суы тұщы Қарасу жақ басында отырған Шорна ақсақалдың үйіне барады.

Қымыз ішіп, әлденіп алған соң жүргізуші мен жылқышының баласы көлікке кетеді. Бірақ, тез оралады. Сөйтсе, капоттың үстінде жатқан жуандығы білектей қос қарашұбар жылан жолатпайтын көрінеді. Киіз үйдің іргесін түргізіп тастап, самалға бетін тосып, көлденеңнен түсіп жатқан ет жинаушы қатты сасады.

Жалынышты кейіппен жаутаңдап Шорна ақсақалға қарайды. «Мал шалып, қан шығарып, құран оқытып, басына түне. Көлігіңді сонда босатады», – дейді ол. Есі кірген ет жинаушы солай жасайды. Ертеңіне көліктің моторын қосып қалғанда, бірден оталып кетеді. Бәрі бейіттің басына барып, Шорна ақсақал тағы құран бағыштап, ет жинаушы шетіне ақша түйіп ақтық байлайды.

КӨЗІММЕН КӨРГЕНІМ

1994 жылы жазда ас берілгенін жоғарыда айттым. Біз де бардық. Төрт-бес жігіт табанға түсіп, өзенге жуынып-шайынып алған соң әркім Қойлыбай әулиеге қатысты білетін аңыз-әңгімесін айтып, тұрып қалдық. Бір кезде әңгіме арнасы «Кірешілер сайына» ойысты.

Сонда манадан мәнді ештеңе айта алмай тұрған бір жігіт: «Өлгендер тамақтан уланған. Қойлыбайдың оған қатысы жоқ. Егер сол тамақты басқа жерде ішсе, қалғаны да қырылып қалатын еді. Просто совпадение!» – деп қойып қалсын. Әулие жайлы әсерлі әңгімеге ұйып тұрған біз қарсы уәж айта алмай, үнсіз тындық. Бірақ, «просто совпадение» емес екен. Әлгі жігіттің баласы мешел болып туды. Бірер жылда бизнесінен береке кетіп, банкротқа ұшырады. Өзі жасы «қамал алар» қырыққа жетер-жетпесте мүгедек болып қалды.

* * *

Былтыр жазда Ұлытау-Жезқазған аймағындағы Қыпшақ ағайындар Әулиенің басына «Тағзым үйін» тұрғызып, келімді-кетімді адамдар үшін барлық жағдай жасады.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here