Иман ұялаған әулет

0
2369

Қазақ халқының тарихында қарт Торғай ерекше орын алады. Өйткені, бұл киелі өңірден Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді есімдері руханиятымызда алтын әріппен жазылған тұлғаларымыз шығып, өз ұлтына соңғы демдері біткенше адал қызмет еткен. Қазір де қандай мамандық болмасын соның шыңына көтеріліп, өзгелерге ғибрат көрсетіп жүрген бауырларымыз жеткілікті. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Уәлиевтер әулеті де талай қандастарымызға шапағатын тигізіп, ізгілік нұрын сеуіп келеді.

АБЫЗ АТА

Қасиетті қара шаңырақтың иесі Торғайбай Уәлиұлы сексеннің бел ортасына келсе де, әлі мұсылманшылық пен дінімізді берік ұстанып, талай алқалы жиындарда тағылымды сөзімен, абыздық өнегесімен үлгі болып отыр. Жақында онымен арнайы жолығып, көкейімде жүрген талай сауалдарыма тиісті жауап алдым. Сонда байқағаным, оның айтары да, көргені де мол. Әрине, біздің қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды», «Тектіден текті туады» деп босқа айтпайды. Бұған осы жолы да өзімнің көзім айқын жетті. Сондықтан қадірменді ақсақалмен арада болған ғибратты сыр-сұхбатымды оқырман қауымға жеткізгенше асықтым.

Әрине, мұндай жылы жүзді кездесуде өткен жылдарға қысқаша саяхат жасаған да орынды секілді. Себебі, адам бойындағы барлық жақсылық пен ізгілік әке-шешеден жұғады.

Жоғарыда тілге тиек еткен аймақта өздері қарапайым кісілер болса да, бекзат болмысымен, ерекше ақыл-парасатымен «Дала академиктері» атанған біртуар дарындар аз болмаған.

Торғайбай ағаның салиқалы әңгімесінен түйгенім, оның әкесі Уәли кезінде ауылы мен сол төңіректегі ағайын-жұртқа аса танымал кәнігі ұста болыпты. Оның қолынан келмейтіні жоқ екен. Кәдімгі темір мен ағаштан түйін түйіп, халық күнделікті тұтынатын құрал-саймандар жасаудың нағыз хас шебері-тін.

Шаруашылыққа қажетті тырма, ат шаналары мен әбзелдерін жасап, сақина соғып, қой мен сиырдың терісін илеп, одан мәсі, етік, тон мен шалбар да тіккен. Қамшы өріп, өмілдірік, құйысқандардың да неше түрі қолынан шыққан.

Осы атамыздың құдай қосқан қосағы Зәбира әжеміз де отағасының тіршіліктегі қолдаушысы ғана емес, құтты қоныстағы ақылман ана, инабатты келін болыпты. Олар дүкен де ұстаған көрінеді. Сондықтан он жыл зарығып көрген алғашқы перзенттерін Дүкенбай деп атапты. Сол Дүкеңнен де тараған ұрпақтардың өзі қазір бір қауым елге айналды. Бір баласы Бекболат шипасын көпке тигізген білікті дәрігер.

Біздің қазақ ұлдары мен қыздары дүниеге келгенде олардың аты-жөндерін ырымдап қойған. Бұл күндері Қостанайға белгілі Торғайбай ағамыз 1939 жылы тамыз айында Жанкелдин ауданы Тосын ауылдық округінің Ақшығанақ елді мекенінде дүниеге келді. Торғай өзенінің бойында туған соң, өзін солай атапты.

Сексеннің бел ортасына келсе де, әлі тың әрі ширақ Торғайбай ақсақал өз ортасында өте сыйлы. Оның бірқатар алқалы жиындарда өзекті тақырыпқа баяндама жасағанына куә болдық. Сонда ерекше пайым-парасатымен көпшілікті баурап алды.

Бір ұққаным, Уәлиевтер әулетінен тараған ұрпақтарының бәрі де білімге шексіз құштар, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын табанды да ізденіс үстіндегі азаматтар. Сондай қырларымен елге қадірлі, замандастарына сөздері өтімді.

Сұхбаттасым сонау 1959 жылы Торғай селосындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдады. Содан кейін өзінің бойындағы қарым-қабілеті мен біліміне сүйенген бозбала Қостанай шаһарындағы ауыл шаруашылығы техникумына студент болып қабылданды. Ол бұл оқу орнында белсенділігі әрі ұйымдастырушылық қабілетінің молдығымен студенттердің алғы шебінде жүрді. Білім ордасын үздік аяқтады. «Туған жерге туыңды тік» демекші, көп ойланып жатпастан өзінің кіндік қаны тамған елді мекенге оралды.

Өзінің алға қойған мақсатына қолы жеткен жас жігіт Ақшығанақ ауылындағы ХХІ партсъезд кеңшарына қатардағы есепші болып, таңдаған мамандығы бойынша қызметке кірісті. Ол қазақтың аяулы қызы Тойған Мұратқызымен көңілі жарасып, 1967 жылы жеке шаңырақ көтерді. Бұл кезде Торғайбай 28 жаста болатын. Ал апамыз өткен жылдарда алдымен мектептерде бастауыш сынып мұғалімі, кейін кітапханашылық жұмысты атқарды.

 Ерлі-зайыптылар сегіз бала сүйді. Тағдырдың жазуы солай болды ма, оның алтауы ерте шетінеп кетті. Қазір солардан екеуі ғана қалды. Қыздары Тұрсынкүл бұл күндері ынтымағы жарасқан жанұяның алтын діңгегі. Әйет ауылындағы аурухананың бас есепшісі. Отағасы Маратпен екі перзенттерін тәрбиелеп, үш немеренің қызығына бөленді. Одан кейінгі ұлдары Бектұрсын жайлы мақалада жан-жақты тоқталатын боламыз.

Торғайбай аға құрметті демалысқа шыққанға дейін осы жүрегі қалаған кәсібі бойынша түрлі мекемелерде жұмыс істеп, үлкен абыройға кенелді. Оны бостан босқа абыз ақсақал деп ардақтап отырған жоқпыз. Өзінің былайғы жұрт біле бермейтін қайраткерлік, кісілік жақтарымен де әрдайым өз ортасында ерекшеленіп тұрады. Ол кезінде Таран аудандық «Әйет» мешітінде ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде жергілікті ағайындардың бетке ұстар азаматтарының бірі болды. Осы ауданның қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің атымен аталуына да атсалысқандығынан хабардармыз.

Оның көптеген тұлғалық қасиеттері Арқалық қаласында тұрған кезінде де барынша жарқырап көрінді. Киелі Меккеде өзінің мұсылмандық парызын өтеп, қажы атанды. Сол баяғы Ақшығанақтан 30 шақырым жерде орналасақан «Уақтың Алакөлі» деген елді мекенінде Уақтың бабаларына, Бармақ батыр мен ақын, уақ Жұмабайдың құрметіне белгі қоюға тікелей мұрындық болды. Олардың аруақтарына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ, Семей өңірі Көкпекті ауданы Биғаш ауылында Бармақ батырдың зираты қоршалып, құлпытас орнатылды. Сол аудан орталығындағы ескерткіш қою салтанатына қатысты. 2018 жылы ақын, уақ Жұмабайдың 180 жылдығына арналған үлкен жиында да болды.

Уақ Жұмабай артында өлмес мұра қалдырған тұлға. Былтыр оның есімін ұлықтау мақсатында кейінгі ұрпақтарына үлгі болатын тағылымдық шараға да тікелей атсалысты. Арқалық шаһарының әкімі Әмірхан Асанов пен кәсіпкер Абай Мұқантегінің қолдауымен аталмыш қалада рухани тұлғаның кеудеден жоғары мүсін ескерткіші қойылды.

ҰЛАҒАТТЫ ҰЛ

Торғайбай ағамыздан тараған Бектұрсын ініміз ата-анасының сенімін толық ақтады. Әулет иесінің айтуына қарағанда, ол бала кезінде өте әлжуаз болыпты. Өсе келе өзінің еті тірлігі, бейнетқорлығы арқасында қатарынан кем болған жоқ. Оның ерекше талпынысын дер кезінде көрген, сол өңірге аса танымал зиялы ақсақал, кісіні тани білетін, көреген Ғазиз қажы Әмірханов кішкентайынан қағілез ұлдың руханиятқа бейімділігін танығандықтан да болар бұлардың үйіне жиі келетін. Сонда: «Бектұрсын дін жолын таңдаса, қарсы болмаңдар. Өз басым оның болашағына кәміл сенемін», – дейтін.

Жалғыз ұл болғандықтан, Тойған апамыз баласының өздерінен алыс кеткенін қолдай қоймады. Бірақ, әке балаға асқар тау емес пе, іштей қаншалықты қиын болса да, Ғазекеңнің пікірімен келісті.

Бектұрсын алдымен жоғарыда аталған мешітте белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Ғазизұлынан дәріс алды. Сондықтан әлі күнге дейін оған тәлімгері әрі ұстазы ретінде үлкен құрметпен қарайды. Жүрген жерінде мақтанышпен ауызға алады.

Орта мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтаған соң Алматыдағы «Әль-Хабир» медресесіне шәкірт болып қабылданды. Торғай өңірінен білімге сусап барған бұл оқуға барын салды. Осы білім ордасын аяқтаған соң ол өзіне үлкен қанат бітіріп, бағыт-бағдар берген «Оспанқожа» мешітіне ұстаз болып кірісті. Өзінің көргені мен түйгенін талапкер балалардың бойына сіңірді.

Бір сөзді, өз ісіне тиянақты әрі білікті жас жігіт көздеген мақсатына жету үшін діни жоғары білім алу қажеттігін түсінді. Үй-ішімен ақылдаса келе Алматы қаласындағы Ислам институтына құжатын тапсырды. Онда да өз қатарының алды болып оқыды. Қолына диплом алысымен Ертай қажы Исламұлының ұсынысы бойынша кадрға зәру болып отырған Қостанай облысындағы бұрынғы Таран аудандық мешітіне Бас имам болып тағайындалды.

Бұл 1999 жылдың қараша айы болатын. Бәрін де басынан бастауға тура келді. Кедергілер де кездесті. Бірақ, жігерлі азамат солардың бәріне де шыдамдылық танытып, төзе білді. Халықты имандылыққа баулу жолында көп ізденді. Жергілікті іскер азаматтар және өмір белестерінен өткен ақсақалдармен тіл табысуға тырысты.

Оның тиянақтылығын облыстағы өкілдік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы басшылар көре білді. Арада он екі жыл өткенде ол қазағы қалың Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітіне Бас имамдыққа бекітілді.

Өзіне бұрыннан жақсы таныс шаһарда да бұл барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсап, сеніп тапсырылған жауапты қызметті барынша адалдықпен, жауапкершілікпен атқаруға арнады. Дін саласын өркендетуге айтарлықтай үлесін қосты. Жергілікті биліктегілер мен жанашыр азаматтар оның іскерлік қасиеттерін жоғары бағалады. Соның жарқын айғағы ретінде «Жыл адамы» атағына ие болды.

Осылайша, ол облыстағы таңдаулы имамдардың қатарына қосылып, құрметке бөленді. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, марапаттарға да ие болды. 2019 жылы осы қаладағы бауырларымыз облыс орталығымен іргелес жатқан Рудный қалалық «Нұр» мешітіне басшылыққа жіберілгенде қимай-қимай қоштасты. Жаңа ортаға да тез бейімделіп, жұмысын барынша жандандырды.

Көпшілікке мәлім, өткен жылдың желтоқсан айында Қостанай шаһарындағы «Марал ишан» мешіті күрделі жөндеуден өткізілген соң есігін айқара ашты. Имандылық ордасының салтанаты ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жұртшылыққа оны Бас имамы етіп тағайындағаны жөніндегі бұйрықпен таныстырып, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Содан бері де арада жарты жылдан астам уақыт өтті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Осы аралықта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды. Аталмыш мешіттің 130 жылдық мерейтойын тиісті деңгейде өткізді. Бұл орайда өкіл имам Бақытбек қажы Тәжімбет пен киелі орынға есімі берілген бабамыздың ұрпақтары қолдау көрсеткендігін ерекше атап өткеніміз орынды секілді.

Бектұрсын Торғайбайұлы еліміздегі үлгілі имамдардың бірі ғана емес, жас та болса бір ұжымға бас бола білді. Айрандай ұйыған тату-тәтті отбасының тірегі. Ғұмырлық серігі Динара Бақытжанқызы Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылының тумасы. Ол да сонау бір жылдары діни білім алған қыздарымыздың бірі. Бір-бірін жете ұғысқан жастар 2001 жылы жеке отау құрды. Бұл күндері төрт бала өсіріп отырған ұлағатты ата-ана.

Тұңғыштары Айшагүл 2020 жылы Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті Алтын белгімен тәмамдады. Қазіргі таңда Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті. Болашақ психолог.

Отбасындағы Айтмұхаммед пен Айбибі әлі мектеп оқушылары. Бұлар да әке-шешесіне еліктеп, өскенде туған жерге адал қызмет етуді армандайды. Ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін қадірлеп, қастерлейді.

Ынтымағы жарасқан Бектұрсын мен Динара даналығын ел мойындаған Торғайбай ағамызды үлгі тұтып, оны қара шаңырақтың бәйтерегі ретінде үнемі қамқорлық жасайды, ақыл-кеңесіне сүйенеді.

Бас имам білімін жетілдіру мақсатында бауырлас ел Түркияда, Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында болды. Сол жақтан көргендері мен түйгендерін іс жүзінде қолданып, әріптестерімен бөлісті.

ПАРАСАТТЫ ҰРПАҚ

Өзіміз сөз етіп отырған Уәлиевтер әулетін жерлестері имандылық жолында жүрген, жүректері мейірімге толы жандар деп текке айтпайды. Торғайбай Уәлиұлы аға буын өкілі ретінде жастарға ғибрат көрсетіп жүрсе, Бектұрсын дін қайраткері, зиялы азамат.

Осы ардақты атасы мен іскер әкесінің жолын қуған перзенттерінің бірі – Дінмұхаммед дер едік. Ол 2005 жылы шыр етіп дүниеге келгенде Торғайбай ақсақал өскенде ұзақ жылдар бойы Қазақстанды басқарған, ұлтымыздың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев атасындай нағыз ұлтын сүйген тұлға болсын деген үмітпен оның есімін берген екен.

Ұрпақ та тұқым қуалайды деген рас. Осы шынашақтай бала мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, өзінің өнерге деген құштарлығын байқатты. Жасөспірім Әйет селосындағы мектептің екінші сыныбында оқып жүргенде алғаш рет «Қара жорға» әнімен жұртшылықтың алдына шығып, әдемі даусымен жиналған қауымды елең еткізді. Сол шақта оны тыңдап тамсанған жұрт ақ тілегін білдірген-ді.

Уақыт өте ата-анасы Арқалыққа көшіп барған кезде, түрлі рухани шабыт беретін мерекелердің көркіне айналып, діни әндерді нәшіне келтіріп орындай бастады. Одан үлкен үміт күткен азаматтар облыс орталығында ұйымдастырылған Мәуліт мейрамына арнайы шақырып өнер көрсеткенін де жақсы білеміз.

Атасы мен әкесінің пікірі бір жерден шығып, баланың діни оқу орнына баруына ықпал етті. Қазіргі таңда Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы «Үш қоңыр» медресе-колледжінің 4-курсында оқиды.

Өздерінің руханиятқа деген ерекше құрметтері мен ел алғысына бөленген әкелі-балалы Торғайбай және Бектұрсын Уәлиевтердің алдағы уақыттарда да биік белестерді бағындыра беретіндігіне шүбә келтірмейміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here