Заңдағы түзетулер бетімен кеткен бизнесті бақылауға қалай алады?

0
2607

Күні кеше «Курсив» газеті елімізде букмекерлер мен казино иелері былтыр қыруар қаржыға кенелгенін жазды. Осыдан екі жыл бұрын бұл тақырыпқа «Qazaq» газеті де тоқталған болатын. Өйткені, 2020 жылы «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжат бойынша букмекерлік кеңселерді арнайы аймаққа көшіру және Бәс тігулерді есепке алу орталығын құру көзделді. Аталған екі норманың қабылдануына азаматтардың құмар ойынға деген тәуелділігін азайту және кәсіпкерліктің бұл түрін көлеңкелі бизнестен шығару қажеттілігі түрткі болды. Заң жобасы ойын бизнесін «көлеңкеден» шығарғанымен, бірақ құмар ойынға құныққандардың санын азайта алмағанын соңғы статистика көрсетіп тұр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін болашағымызды бүлдіріп жатқан ойын бизнесіне тоқталады.

МЕМЛЕКЕТ КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСПЕН ЖӘНЕ ЛУДОМАНДАРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Әлқисса. Осыдан жеті жыл бұрын халық қалаулылары букмекерлік кеңселерді Қапшағай (Қонаев) мен Щучинскке көшіру туралы мәселе көтерді. Депутаттар діттеген мақсатына толық жетпегенімен, сол жолғы ойын бизнесіне қатысты заңға енгізілген түзетулердің арқасында тотализаторды тұрғын үйлерге орналастыруға тыйым салынды. Заңды бұзғандар жазаланды, жазаланып та жатыр. Ал, 2020 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бетімен кеткен бизнесті толықтай болмаса да, ішінара бақылауға алды. Оны заңға түзетулер енгізілген екі жылда ойын бизнесінде қызмет көрсету көлемі отыз үш есеге, нарықтың негізгі қатысушыларының салықтық аударымдары он есеге көбейгенінен де байқауға болады.

«Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстандағы ойын бизнесінің нақты табыс мөлшерін дөп басып айта алмай жүрді. 2019 жылы құмар ойындарға байланысты орын алған қылмыстық істердің артуы осы сөзімізге дәлел.

«Олимп» букмекерлік кеңсесі салықтан жалтарып, айналымдағы қаржыны шетел асырып отырған. Компания 2019 жылы 13 млрд теңгені құрайтын салық төлеген. Алайда, оның бес жылдық табысы мен салық төлеу тарихын бес ай бойы май шаммен қараудың нәтижесінде шындықтың беті ашылған. Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті букмекерлік кеңсенің нақты табыс мөлшерін жасырғанын, сөйтіп бюджетке 145 млрд теңге төлемегенін дәлелдеген. Тексеріс барысында заңсыз деп танылған 50 ойын ошағы анықталып, 120 ойын автоматы тәркіленген. Бұл бір ғана мысал.

Құмар ойынға құмартқандардың санын азайту мақсатында қазір мемлекет бірқатар бастаманы көтеріп жатыр. Жаңа түзетулердің аясында енді лудоманның жақындары да оның үстінен арыз жазып, сотқа жүгіне алады. Осыдан кейін ешқандай казино, букмекерлік кеңсе лудоманды кіргізбеуге міндеттеледі.

Басқа ұсыныстардың қатарында букмекерлік кеңселер мен казиноларға төленбеген несиесі бар азаматтардан бәс тігу қабылдауға, несие карталары бойынша қызметтер үшін төлем алуға, ойын мекемелерінің ғимараттарында ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарын ашуға тыйым салу бар.

ЕЛІМІЗДЕ БУКМЕКЕРЛЕР МЕН КАЗИНО ИЕЛЕРІ ҚАНША ТАБЫС ТАБАДЫ?

Пандемия талай саланы тығырыққа тірегені белгілі. Алайда, коронадағдарыс ойын бизнесін айналып өткенін статистика растайды. Мысалы, пандемияның басталуымен ойын бизнесінің нарығы үлкен өсімді көрсетті. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы ойын бизнесі нарығының көлемі бірден 18 есеге, яғни 15 млрд теңгеден 278 млрд теңгеге дейін артты. Бұл үрдіс 2021 жылы да жалғасты. Былтыр аталған нарық көлемі 501 млрд теңгеден асты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың бірінші жартысында құмар ойын мекемелерінің айналымы 294 млрд теңгеге жетті. Қазірдің өзінде олар қазынаға 94 млрд теңге аударды.

Екі жыл бұрын жоғарыда аталған заң жобасы қабылданғанда сарапшылар ойын бизнесі саласының басына қара бұлт үйірілетінін болжап, бұған екі фактор әсер ететінін алға тартты. Біріншісі – заңға енгізілген түзету букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассаларын елді мекендерден тек Щучинск пен Қонаевқа ғана көшуге міндеттеді. Екіншісі – заң аясында Бәс тігулерді есепке алу орталығы құрылады. Қазір құзырлы орындар оны жүзеге асырудың тетігін толықтырып жатыр. Яғни, бұл шаралар мемлекетке спорттық ойындарға бәс тігу (betting) саласын бақылауға жол ашады.

Иә, сарапшылардың жоғарыдағы болжамы расталды. Букмекерлік кеңселер жер-жердегі бәс тігуді қабылдау бөлімшелерін арнайы аймаққа көшірді. Қонаев пен Щучинскке көшіруге мүмкіндігі болмаған компаниялар нарықтан кетуге мәжбүр болды. Айталық, құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін компаниялардың саны 2021 жылы 93-тен 69-ға дейін қысқарды. Ал, Бәс тігулерді есепке алу орталығы көлеңкелі бизнеске біршама тосқауыл бола алады. Оны ресми статистика да айғақтайды.

Жоғарыда өткен жылы ойын бизнесінің айналымы 501 млрд теңгеден асқанын жаздық. Соның 72 пайызы немесе 363 млрд теңгесі онлайн бәс тігулерге (betting) тиесілі. Демек, аталған заңдағы түзетулер мен толықтырулардан кейін betting нарығы қанатын кеңге жая бастады. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың арнайы аймаққа көшірілуі құмар ойынға құмартқандарды онлайн betting-ке қарай бет бұрғызды.

Букмекерлік кеңселер мен казинолар да қалысар емес. Салық статистикасы олардың кірісі қаншалықты өскенін көрсетеді. Енді ресми статистикаға тоқталайық.

Көш басында «NetBet» ЖШС тұр. Olimp.bet брендімен танымал компания былтыр ел бюджетіне 37,9 млрд теңге аударды. Содан 2020 жылмен салыстырғанда компания бір жылда үш есе көп салық төледі. Биылғы жылдың тоғыз айында компания бюджетке 45 млрд теңге аударып үлгерді. Демек, компания биыл да көл-көсір пайдаға кенеледі.

Салық көрсеткіші бойынша екінші орынға «1xBet.kz» ЖШС жайғасқан. 2020 жылы қазынаға 2,9 млрд теңге аударған букмекерлік кеңсе былтыр бұл көрсеткішті 23,6 млрд теңгеге жеткізген. Яғни, бір жылда салықты сегіз есе көп төлеген. Қазірдің өзінде Мемлекеттік кірістер комитетіне 17,9 млрд теңге аударды. Бұл «1xBet.kz» букмекерлік кеңсесінің биылғы кірісі артпаса, кемімейді деген сөз.

Букмекерлік кеңселер арасында үздік үштікті «Parimatch» түйіндейді. Еуропалық компанияның Қазақстандағы бөлімшесі ел бюджетіне былтыр 2,45 млрд теңге аударды. 2020 жылмен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Себебі, екі жыл бұрын қазынаға 0,9 млрд теңге ғана құйды. Биылғы кірісі де тәуір болмақ. 2022 жылдың 9 айында 2,6 млрд теңгені салыққа жұмсады.

Қонаев пен Щучинсктегі казинолардың да ұпайы түгел. Әрине, букмекерлік кеңселер сияқты олар бюджетке көп салық төлемесе де, қазынаға аударған қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Өткен жылы казинолардың салыққа жұмсаған қаржы көлемі 11,6 млрд теңгені құрады. Пандемияның алғашқы жылымен салыстырғанда олар қазынаға 35 пайыз артық салық төледі.

Былтыр ең ірі салық төлеушілердің бестігіне «Casino Bellagio» («Mega Club» ЖШС), «Bombay Casino» («Капшагай Палас» ЖШС), «Макао» («РК Макао» ЖШС), «Astoria» және «Cash Ville» («ЕСМ Invest» ЖШС) казинолары енді. Соңғысы ғана Щучинскте орналасқан.

Салаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті жауапты. Осы жауапты мекеме букмекерлік кеңселердің өсімді еселеп көрсетуін соңғы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен байланыстырады. Әйтпесе, айналдырған 12 айда «NetBet» үш есе, «1xBet.kz» сегіз есе, «Parimatch» он екі есе өсім көрсететіндей еліміздегі құмар ойынға тәуелділер саны еселеп артпаса керек. Демек, аталған заңдағы өзгерістер мен толықтырулар көлеңкелі бизнеспен күресте өзінің тиімділігін көрсетті.

ҚҰМАР ОЙЫН ҚАНША АДАМДЫ ҚҰРДЫМҒА ҚҰЛАТАДЫ?

Қазақстандағы ойын бизнесінің айналымынан-ақ қолындағы қаржысын бәске тігіп, қас-қағым сәтте бай болудың жолында жүргендердің қарасы көп екенін аңғаруға болады. Қалтасы қалыңдары Қонаев пен Щучинсктегі казиноның табалдырығын тоздырса, ақшасы аздары ұялы телефонындағы онлайн бәс тігулермен құмарын қандырады. Олардың нақты санын білу мүмкін емес. Себебі, оның есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Жоғарыда сөз болған Бәс тігулерді есепке алу орталығы іске қосылғаннан кейін ғана құмар ойынға құмартқандардың нақты санын білуге мүмкіндік туады. Әзірге құмар ойын қанша адамды құрдымға құлатқаны белгісіз.

Құмар ойынның шырмауына түскендерді «лудоман» дейді. Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, елімізде бар болғаны 9 адам ғана лудоман ретінде тіркеуде тұр. Ойынқұмарлық – ауру. Ал, бар тапқанын құмар ойынға жұмсайтындар өзінің ауру екенін еш мойындамайды. Сондықтан елімізде 9 лудоманның ғана есепте тұрғаны түсінікті.

ҚР Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қауымдастық төрағасы Бадри Шаинидзе елімізде 30 мыңға жуық адамда лудоман белгісі барын айтады.

Осы жазда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ләззат Рамазанова он мыңдаған қазақстандықтың құмар ойынға тәуелді екенін мәлімдеп, сол тұстағы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. 

Депутаттың сөзінше, «Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында: «Өз еркімен емдеуден жалтарған алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын науқастар стационарлық емдеуге міндетті түрде жатқызылады. Емделу кезеңіне жұмысқа тарта отырып, денсаулық сақтау жүйесінде мәжбүрлеп емдеу үшін наркологиялық ұйымдарда емдеу керек» делінген. Бірақ, Денсаулық сақтау министрлігі ойынға тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу бойынша ешқандай шара қолданбай келеді. 

«Бұл мәселеге медицина қызметкерлері ерекше көңіл бөлсе дейміз. Денсаулық сақтау саласының мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыра отырып, ойынға тәуелділіктің алдын алу мен емдеуді бір жолға қою керек. Балалар мен жастардың бойында құмар ойындарға тәуелділігі бар-жоғын анықтау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуға тиіс», – деп дабыл қақты Ләззат Керімқұлқызы.

Халық қалаулысының жанайқайы орынды. Ойынқұмарлық оңдырмайды. Статистика да сұмдық. Ләззат Рамазанованың мәліметіне сенсек, Қазақстанда шамамен 350 мың адам құмар ойынға тәуелді, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Лудоманияның кесірінен 10 жұптың 7-еуі ажырасады. Расында, бұл төбе шашты тік тұрғызар статистика.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Құмар ойынның ойранынан құтылу оңайға соқпайтыны анық.  Байқасақ, арамды адал етуге қанша тырысқанымызбен, ойын бизнесінің бүйрегі көлеңкелі бизнеске бәрібір бұра береді. Тіпті, ойын бизнесіне қатысты мінсіз заң қабылданғанымен, ойыншылардың да қарасының азаятынына еш кепілдік жоқ. Бірақ, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан мемлекеттің заң аясында бетімен кеткен бизнесті бақылауға алғаны құптарлық. Қазірдің өзінде екі жыл бұрын қабылданған заң жобасы өзінің жемісін бере бастады. Заң шеңберінде құмар ойын нарығындағы көлеңкелі бизнеспен күрес күшейді. Соның нәтижесінде бұған дейін салықтан жалтарып келген букмекерлік кеңселер мен казинолар қазынаға қыруар қаржы аударуға міндеттелді. Енді Бәс тігулерді есепке алу орталығы құрылса, лудомандардың нақты санын білуге мүмкіндік туады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here