Кезектен тыс президент сайлауы және конституциялық реформалар

0
392

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Өз үндеуінде​ биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналғанын айтқан Президент аз уақытта атқарылған істерді тізбектеп өтті:

• Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады;
• Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады;
• Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды;
• Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды;
• Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді;
• Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады;
• Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді;
• Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді;
• Бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын ала ескерту тәртібі енгізілді;
• Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді;
• Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді;
• Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды;
• Парламенттік оппозиция институты құрылды;
• Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді.

Міне, соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырады. Осылайша, еліміз демократияға бір табан жақындай түсті. Енді осы өзгерістер мен конституциялық реформаның жемісін халық көруі үшін басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құру керек.

Осы мақсатта Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді, биыл кезектен тыс Президент сайлауын, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Бүгін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтетіні белгілі болды. Енді Орталық сайлау комиссиясы алдағы саяси науқанға дайындықты бастайды.

Зымыран уақыт. Арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін ағымдағы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп алу керек. Кезектен тыс Президент сайлауы соны айғақтайды.

Біріншіден, Ресей, Өзбекстан сияқты көрші елдерде президент өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар қолға алынып жатқанда, біздің елімізде керісінше президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді. Осылайша, Қазақстан президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеген посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел атанады.

Екіншіден, қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауы, алдағы жылдың бірінші жарты жылына жоспарланып отырған Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы арқылы саяси бәсеке күшейеді, депутаттардың жаңа легінің пайда болуына септігін тигізеді. Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған халық қалаулыларының құрамы жаңа талап бойынша өтетін сайлау арқылы жасақталады. Халық пен саяси аренаға шыққысы келетіндер конституциялық реформадағы тетіктерді пайдалануларына мүмкіндік алады. Сөйтіп, Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде келер жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі жаңарады.

Үшіншіден, жоғарыда жазғанымдай, кезектен тыс Президент, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлаулары өтетіні 1 қыркүйекте белгілі болды. 20 қазанға дейін уақыт бар. Кезектен тыс Президент сайлауына үмітті кандидаттар бағын сынаса құба-құп. Ал, Мәжіліс сайлауына дейін жарты жылдан астам уақыт бар. Бұл уақыт аралығында халық қалаулысы болудан үміттілер конституциялық реформадағы өзгерістерді пайдаланса болады. Себебі, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеді. Біріншіден, жаңа партияны тіркету үшін бұрынғыдай 20 мың емес, одан 4 есе аз көлемде, 5 мың мүше жинаса жеткілікті. Екіншіден, партия ашудағы бір кедергі – өңірлердегі филиалдарға қатысты болатын. Ондағы өкілдер саны 600-ден кем болмауы тиіс еді. Енді өңірлердегі өкілдерге қатысты осы талап 200 адамға дейін төмендетілді. Үшіншіден, партия құрушы азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1 мыңнан 700 адамға дейін азайды. Оның үстіне саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі де 7-ден 5 пайызға дейін төмендеді. Демек, партиялардың Мәжіліске өту мүмкіндіктері артты.

Қорыта айтқанда, бұл өзгерістер – демократияға бір қадам жақындау деген сөз.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here