Қазақстан президенттігіне кандидаттардың теледебаты 11 қарашада «Хабар» телеарнасында өтеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.
«11 қарашада біз «Хабар» телеарнасында Президенттікке кандидаттардың қатысуымен телевизиялық дебат өткізуді жоспарлап отырмыз. Кандидаттар мен олардың штабтарының толық дайындалу мүмкіндігі болуы үшін біз бұл туралы ертерек, сайлауалды үгіт-насихат басталған сәтте жариялап отырмыз», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, президенттікке кандидаттар сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы.
«Сайлауалды пікірталастарды өткізу тәртібі мен шарттарын Орталық сайлау комиссиясы айқындайды», – деп нақтылады ОСК мүшесі.
Айта кетейік, 21 қазада сағат 18:00-де президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Бұл науқан 19 қарашада сағат 0:00-де аяқталады. Ал, 19 қараша – тыныштық күні.
«Сайлауалды үгіт-насихат үш тәсілмен жүргізіледі: БАҚ арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу арқылы, баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару мен тарату арқылы», – деп түсіндірді Анастасия Щегорцова.