Әулеттің алтын діңгегі

0
724

Ар дейтін киелі де қасиетті ауылдың мектебінен өткен осы бір жаны жайсаң жақсы адам жайында қандай пікір айтсақ та, нендей ой-толғап тебіренсек те – бәрі жарасымды.

Ақылды әйел, аяулы жар, ардақты ана, ең бастысы Адам деген абыройлы атқа ылайық Мақыш Ғарыпқызының ғибратты ғұмыры кімге де болса үлгі-өнеге!

Үлкен парасат иесі. Пейілі кең. Жүрегі дархан. Жүзінен мейірім төгілген. Иә, осындай адамдыққа тән қасиеттің бәрін тал бойына сыйдырған Мақыш ана – бізге – Ұмай, Домалақ-Ана, Айша-Бибі, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды тарихтан есімдері таныс дана аналарымыздың ізбасары сықылды көрінеді…

Мақыш ана ел билеп, әкім болған емес, басшы болып «таққа» қонған емес, ғалым болып, ғылым жолын қуған емес. Бірақ, ол өзінің «ақылды анаға», «ақылды әйелге» тән өмірлік мектебінде талай басшыларды тәрбиеледі, ұтымды шешім, дұрыс бағыт, адамдық жол ұсынып тәрбиенің «тағында» отырды. Еліне екпіндеп сөз айтпаса да, келінінің кеңесшісі, абысындарының ақылшысына айналды.

Ол – академиктің жары, қаншама ғалым-кандидаттың анасы, үздік оқушының әжесі атанды.

Ол – қазақтың талай жақсы мен жайсаңдары дастарқанынан дәм татқан, қазаны берекелі қасиетті қара шаңырақтың бәйбішесі еді…

Ол – ұл-қызының ғана емес, бір қауым елдің анасы, асқан ақыл иесі еді…

Мақыш Ғарыпқызы мамандық таңдауда да өзінің адамдық болмысымен үндес «адам жанының арашасы» – дәрігерлікті қалап, зейнетке шыққанша «ақ халатты абзал жан» атына лайықты еңбек етті. Мақыш ананың айналысында жүргендер де «еңбек еткеннің емерін» ертерек түсінді. Қаршадайынан еңбекті серік еткен Мақыш ана зейнет жасында жүріп те, кез келген адамның қолынан келе бермейтін істерді тындырып, үнемі жұмысбасты жүретін. Ол өзінің асыл қасиетін жақындарына да сіңіріп жүретін, айналасындағылардың бәрін еңбекке баулып, қаншама жасқа адам болудың арнасын ашып берді, жан-жағына нұр шашқан асыл жан осылайша артына сәулелі із қалдырды.

Қандай жағдай болмасын, байсалдылығынан таймай, мәселені байыппен ақыл таразысына салатын, жылы жүзді, мейірімді бола тұра, Мақыш ананың адамды «айғайсыз» бағындыратын өзіндік «мысы» да бар еді. Нұр шашқан бейнесі кейде қайсар, адуынды адамға айналып, жұмсақ бола тұра зілді, бұйыра сөйлеген үні кімді де болса адал жолдан таюдан жасқандырып, шынайылықты ғана жайып салғызатыны, сөз жоқ, тарихта қалған батыр аналардың кескінін көз алдыңа келтіретін.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Мақыштай ананы дүниеге келтірген отбасы да осал емес. Мақыш Ғарыпқызы – барша қазаққа танымал жазушы, қазақтың тұңғыш романының авторы Спандияр Көбеевтің немересі. Атасы Оспан Спандиярмен бірге туған. Мақыш кішкентайында Спандияр атасының қолында болып, білім алыпты. Мақыш ана Спандияр Көбеевтей кісінің немересі екенін зор мақтан тұтатын. «Спандияр атамыз сондай балажан болатын, содан болар, қасынан шықпайтынбыз, атамыз бізді арқасына мінгізіп алатын» деп, еске алып отырғанын талай естідік. Әкесі Ғарып та оқыған, білімді, ел сыйлайтын азамат болған екен. Талай жылдар ауылдарда басқарма болып қызмет атқарыпты. Мақыш туғанша әкесі Ғарып пен анасы Жәміштің отбасында бала тұрақтамаған. 1940 жылдың 6 наурызында Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында бұл отбасында Мақыш дүниеге келді. Оған дейін 4 қызы шетінеп кеткен соң, бұл жолы әкесі қызына ырымдап нағашысының (шешесінің інісі) есімін қойған екен. Тіпті, оны кішкентайында ер балаша киіндіріп, «Мақанжан» деп еркелеткен екен. Алланың өзгеше берген қасиеті болған шығар, Мақыш анадан кейін артынан Зоя, Нұрлан, Тобыл, Роза, Бауыржан атты бауырлары еріп, Ғарып әкенің тілегі орындалды.

Оспановтар отбасы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың білім алуына бар жағдайды жасады. Осылайша, Мақыш апамыз білім іздеп, арман қуып Алматыға келеді. Алматыдағы сол кездегі Мемлекеттік Медициналық институтқа түсіп, білімін жалғастырады. 1962 жылы Торғайдың Қызбел өңірінен шыққан КазМУ-дың сол кездегі кіші ғылыми қызметкері, кейін экономика ғылымдарының докторы, академик атанған Сайлау Байзақовпен тағдыр қосып, отау құрды. Екеуі бір ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиеледі, немере-шөбере сүйді.

Қазақта «келін ененің қабырғасынан жаралған» деген нақыл бар. Мақыш ананың енесі Жібек әженің қандай кісі болғанын сипаттап жатудың өзі артық. Ол кісінің айтуынша, Жібек әженің жібектей мінезі, ақ көңіл, кең пейілділігінің арқасында Алматыға білім қуып келген бүкіл торғайлықтың бәрі сол үйден шықпайды екен. «Бір үзім нанды да бөлісіп жеген ұйымшыл, бауырмалдықты сол кісіден үйрендік» дейтін Мақыш анамыз. Туыс-туған, ағайынның арасындағы татулықтың туын тік ұстап бірлік пен берекенің ұйытқысы болған Мақыш ананың жарқын бейнесі, шынымен-ақ, Жібек әжені еске салады. Енеден қалған үрдісті үзбей, берекелі шаңырақтың шаттығын үстеп, оны келіндеріне үйреткен Мақыш анамыз қайын інісі мен қайын сіңлісіне де сырлас жеңге, қамқоршы ана, туған әпкесіндей болды.

Елордамыз Алматыдан Астанаға ауысып жатқан алғашқы жылдары Мақыш ана да жары Сайлау Байзақұлымен бірге көш басын осы жаққа бұрған еді. Одан бері өздері ғана емес, көбіне көпшіліктің қамын ойлап жүретін Мақыш ана мен Сайлау ата ауылдан Астанаға келгісі келген талай туыс-туғанды көшіріп әкеп, қоныстануына көмектесті. Торғай төңірегінен шыққан Өтей руының Астанадағы «аялдамасына» айналған бұл шаңырақтың берекесін келтіріп, дастарханын жинамаған Мақыш ананың ақ пейіліне разы болмаған жан жоқ шығар. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» демекші, ағайын-туыстың татулығын ту еткен анамыз қаншама алыс-жақын ағайынның алғысын алды. Бір туған жақынды ғана емес, барлық көмек сұрағанды құр жібермей, бауырластықты ұран қып ұстаған Мақыш аналардың дархан көңілі мен үлкен жүректігіне бас имеске шараң жоқ.

Әттең, әулетің алтын діңгегі, шаңырақтың шаттығы мен шуағы болған Мақыш анамыз таяуда мәңгілік мекеніне аттанды. Бұ дүние мәңгілік тұрақ болмасын білсек те, Мақыштай абзал ананы о дүниеге қиып беру оңай тимеді… Қайғыдан қабырға қайысып, жүрек сыздады…

Мақыш ана, Сіздің қаншама жанға жылу сыйлаған мейірімді жүзіңіз мәңгілік жадымызда сақталады!

Иманды болыңыз!

Динара ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here