Қазақстанда Қырғызстанның мәдениет күндері өтті

0
1891

«Төскейде малы, төсекте басы» қосылған «бір туған» қазақ пен қырғызды Алатау мен Қаратау бөліп тұрса да, екі бауырлас ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс азаймақ емес. Бұрын да солай болған, қазір де солай болуға тиіс. Қос халыққа ортақ тұлға Тоқтағұл Сатылғановтың «Қазақ жеріндегі жыр» шығармасындағы «Ел екенбіз әу бастан,\ Қазақ, қырғыз бір туған,\ Туысқан елді дұшпандар,\ Бір-біріне жау қылған» деген жыр жолдары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бір қуаныштысы, Жамбыл мен Тоқтағұлдың ұрпақтары да мәдени байланыстарын үзбей келеді. Бұған 26-29 қазан күндері Астана қаласында өткен Қырғыз Республикасының мәдениет күндері дәлел болса керек.

26 қазан күні Елордадағы «Керуен» ойын-сауық орталығында қырғыз киносы күндерінің ашылуы болды. Кинокөрсетілімнің алғашқы күнінде көрермен назарына «Акыркы көч» (режиссер Мұқұл Б.), «Дарак ыры» (режиссер Дайырбеков А.), «Шамбала» (режиссер А. Суйундуков), «Көл» (режиссер А. Суйундуков) кинокартиналары ұсынылды. Кино күндерінің ашылуына Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов қатысты.

Сол күні Ұлттық академиялық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» форумы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту болды. Атап айтқанда, тараптар екі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының мәдениетаралық ынтымақтастықтағы рөлін талқылады. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шығармашылық және ғылыми зиялы қауымы өкілдері қатысты.

27 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен және Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен бірге Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ресми ашылу шарасына қатысты. Президенттер Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының топтамасы қойылған «Ықылым мұрасы» көрмесімен танысты. Содан соң қырғызстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Концерт бағдарламасы аясында «Манас» эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ, халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды.

28 қазан күні «Манас» эпосына арналған іс-шара және Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі мен Шалағыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті өтті.

29 қазанда мәдениет күндерінің салтанатты жабылуы өтіп, онда Токтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Саманчынын жолу» спектаклі көрсетілді.

Айта кетейік, көрші елдің мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде Астанада Манас ескерткішін орнату, «Еуразия» кинофестивалін және көшпенділердің дүниежүзілік ойындарын өткізу мәселелері талқыланды.

Қали ҚАМБАРОВ

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Саламат САДЫКОВА,
Қырғызстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі,
Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«НАҒЫЗ АҒАЙЫНДЫҚТЫҢ ИІСІ АҢҚЫП ТҰРДЫ»

– Туысқан екі халықтың ағайындық қарым-қатынасы ықылым заманнан бері нығая бермесе, еш кеміген емес. Соның бір көрінісі – былтыр Бішкекте өткен Қазақстанның Қырғызстандағы мәдениет күндеріне жауап ретінде күні кеше Астанада Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері зор табыспен өтті.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен негізгі гала-концертке қос мемлекет басшысы мен Еуропалық Кеңес басшысы қатысқанын атап өтуіміз керек. Қырғыз елінің 300-ден аса мәдениет және өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан бұл іс-шара әлі көпке дейін айта жүретін дүние болды. Ал, «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблі екі сағаттық бағдарламасын және «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі мен жаңадан құрылған «Манас» театры өз өнерлерін өте биік деңгейде паш етті.

Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовқа арналған екі жақтың игі жақсылары қатысқан дөңгелек үстел де жоғары деңгейде өтті. Зиялы қауымның әбден бір шер тарқатысып, сағынысып, төс қағыстырған отырысы болды. Көпке дейін ұмытылмайтын бұл кездесу бізге, шығармашылық адамдарына зор шабыт пен серпіліс беретіні сөзсіз. Нағыз ағайындықтың иісі аңқып тұрды.

Мен осыдан отыз жыл бұрын сол тұстағы екі мемлекет басшыларының алдында қос ұлтқа Шыңғыс Айтматовтай ортақ ұл, жақында ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған даңқты ағамыз Мұхтар Шахановтың «Ер Манастың елінде» шығармасындағы:

«Қазақ-қырғыз екі көз болса,
Ал, Алатау ортадағы мұрыны.
Қандай тағдыр бізге кез болса,
Салт қылғанбыз әрдайым бірге тұруды», – деген жыр жолдары бар әнді орындаған едім. Демек, мәдени байланысымыз да үзілмек емес. Қазақ-қырғыз достығына селкеу түспеуі керек.

Екі елдің ынтымақтастығы мен бауырластығының дәлелі ретінде өткен бұл мәдениет күндері болашақтағы келер ұрпаққа да тәрбиелік мәні бар біздің рухани дүниеміздің бір зор аманаты болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here