Университетте «Фараби» заманауи обсерваториясы бой көтерді

0
620

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым қызметкерлері күні мен Халықаралық ғарышкерлер күні қарсаңында «Фараби» заманауи обсерваториясы ашылды. Еліміздің жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет іске қосылып жатқан бұл орталық соңғы үлгідегі телескоптар арқылы таңғажайып аспан әлемімен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді.

Ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы креативті индустрия басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев, отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Салтанатты шарада Жансейіт Түймебаев әмбебап нысан ғалымдар мен студенттердің ғылыми жаңалықтарын және ғарыш әлеміндегі беймәлім құпиялардың сырын ашатын ғылыми орталық болатынын атап өтті.

«Фараби» обсерваториясы студенттерге тәжірибелік сабақтар өткізуге, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулермен айналысуына арналған. Жаңа нысанда білім алушылар аспан денелерін бақылай алады. Бұл бастама ғарышты зерттей отырып, адамдардың ой-өрісін дамытуға ықпал етеді. Деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану тәжірибесі жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін жоғарылатып, алдағы уақытта ірі телескоптармен  жұмыс істеулеріне жол ашады», – деді ректор.

Аталмыш нысан оптикасының диагоналы 12 дюйм және фокустық ұзындығы 3048 мм болатын «Meade LX90-ACF оқу» телескопымен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда қолданбалы телескоптың үш түрі қойылған. Телескоптар Сатурн, Марс, Юпитер ғаламшарын және олардың серіктерін, жұлдыздарды, Айды, Күн жүйесіндегі өзге планеталарды, жақын ғарыштық денелерді бақылауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта обсерваторияда студенттер үшін тәжірибелік сабақтардың бір бөлігін өткізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл білім алушыларға далалық жағдайда білімдерін шыңдауға және еркін форматта сабақ оқулары үшін тиімді болмақ.

Дизайны күмбезді шатыр ретінде жасалған «Фараби» обсерваториясы ҚазҰУ қалашығындағы Әл-Фараби кітапханасының алдындағы ашық алаңға орналастырылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here