«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан Қазақстан президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Ақтау қаласына барды. Бұл туралы кандидаттың штабы хабарлады.
«Мені асыға күткен жалғызбасты аналармен кездесуім өтті. Біз қоғамдағы шешімін таппай жүрген – алимент мәселесін талқыладық. Дәлірек айтсам, олар алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың мәселесін көтерді. Кездесуге баласы бар бір әйел қатысты. Ол күйеуінің көптен бері алимент төлеуден қашып жүргенін, енді баланы мойындамай, ДНК сараптамасын талап ететін жағдайға жеткенін айтты. Демек, әлгі әйелдің бұрынғы жары өз баласын асырағысы келмейді. Балаға алимент төлемеу – күн сайын ұлғайып бара жатқан күрделі мәселе. Жалғызбасты аналар баласы үшін алиментті сұрап алмауы керек, бұрынғы күйеуі мен бірге тұратын адамдарының артынан жүгірмеуі тиіс. Балаларын бағып-қағып өсіреді, оларға білім, лайықты тәрбие береді. Бұл әйелдер барлық жауапкершілік жүгін тек бір өзі көтермеуі қажет», – деп бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтерді кандидат.
Кездесу барысында Салтанат Тұрсынбекова Ішкі істер министрлігі мәлімдеген деректерді мысалға келтірді.
«2021 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша алимент төлемегені үшін 300-ге жуық борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның тек жартысы ғана нақты мерзімдерін алған. Тағы 6 мыңға жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте, қарыздың жалпы сомасы жүздеген миллиард теңгені құраса, сот орындаушылар мыңдаған істерді жүргізіп жатыр. Борышкерлердің көпшілігі әділдіктен және бұрынғы әйелдерінен еш жазасыз қашып кетуді көздейді», – деді кандидат.