Израиль абақтысында отырған Марван Баргутидің Палестина билігін қолына алуы мүмкін бе?

0
609

Биылғы жылдың басында ХАМАС ұйымы (палестиналық исламистік (сунниттік) террористік саяси және әскери ұйым, – ред.) Израиль үкіметіне тұтқындарды айырбастау жайлы шарт қойды. Оның ішінде ФАТХ қозғалысы (Палестинаны ұлттық азат ету қозғалысы, – ред.) жетекшілерінің бірі Марван әл-Баргутидің есімі аталады. Сонда Израиль абақтысында отырған ФАТХ ұйымының 6 маусымда 65 жасқа толатын жетекшісі Марван Баргутидің Палестина билігін қолына алуы мүмкін бе? Иерусалим не дейді?

ФАТХ ЖӘНЕ БЕЙБІТ МАЙДАН 

Марван Баргути саяси күресін 15 жасында марқұм Ясир Арафат жетекшілік еткен ФАТХ қозғалысының құрамында бастады. Оның саясаттағы адымы бозбала шағынан-ақ ашылды. ФАТХ-тың төрелік айтар белді серкесі болмағанымен, батыс жағалауда жастар ұйымын құрып, құрдастарының арасында сөзі өтімді тұлғаға айналып, өзіндік аудиториясын қалыптастырды. 1978 жылы 19 жасар студент Баргути бес жылға сотталды. Мерзімін өтеп, бостандыққа шығысымен бірінші интифада (аумақты жаудан азат етуді көздейтін қозғалыс, – ред.) басталды. Оның белсенділігінен қауіптенген Израиль билігі бүлікке қатыстырмау үшін Иорданияға жер аударды. Тек 1990 жылдары жүргізіле бастаған бейбіт келіссөздер кезінде ғана еліне оралуға рұқсат алды. Баргути мәселені бітімге келу арқылы шешуді қолдағанымен, барлығы сәтсіз аяқталды. Салдарынан екінші интифаданың өрті тұтанып, арты қанды қақтығыстарға ұласты. Ол наразылықтардың ұйымдастырушысы ретінде көзге түсті. Саяси әлеуеті нығайып, амбициясы күшейген сайын жақтастарының саны да арта берді. Баргути осы уақытқа дейін өзін өзара қырық пышақ болған палестиналық саяси күштерді біріктіруге қабілетті жалғыз саясаткер ретінде көрсетті. 2009 жылы ол түрмеде отырып, сайлауға түсу мүмкіндігі туралы сұраққа былай жауап берді: «Ұлттық бітімге келіп, сайлау келісілгенде ғана соған сәйкес тиісті шешім қабылдаймын».

«Ол ХАМАС пен бірнеше рет селбесе жұмыс істеді. Атап айтқанда, «тұтқындар құжаты» аясында сол топпен бірге болды. Одан бөлек, ХАМАС пен ФАТХ-ты келісімге келуге көндіре білді. Ол адамдарды ымыраға келтіре алады. Сол себептен де Баргутидің 2021 жылы заң шығарушы сайлауда жеңіске жетуіне толық мүмкіндігі болды» – дейді Париждегі «L’iReMMO» сараптама орталығының басшысы Жан-Поль Шаньолло «France 24» телеарнасына берген сұхбатында.

Расымен, бұл Палестинаның саяси өміріндегі елеулі оқиға. Себебі, Палестина біртұтас, бір орталыққа бағынатын мемлекет емес. Иордан өзенінің батыс жағалауы ФАТХ қозғалысының иелігінде, ал ХАМАС Газада билік құрған. 2007 жылға дейін екі саяси фракция бір-бірімен алауыз болып келген еді. Баргути екеуін бір тудың астына біріктіре алмағанымен, өзара бейбіт келісімге қол қоюға қол жеткізді. Бұл ретте оның түрмеде отырғанын ескеруіміз қажет.

2021 жылы сайлау жайлы сөз қозғалғанымен, саяси дода өткен жоқ. 2004 жылы Ясир Арафат қайтыс болғаннан соң, Махмұд Аббас Палестина автономиясының жеке дара президенті болды. Оның өкілеттілігі 2009 жылы аяқталғанымен, биліктен кетуге асығар емес. 88 жастағы Махмұд Аббас Израильдің шығыс Иерусалимді сайлау учаскелеріне қосуға рұқсат етпегенін сылтауратып, сайлауды кейінге шегерумен келеді. Әйтсе де, көптеген сарапшылар саясаткердің бұл уәжін тек сылтау деп есептейді. «Израиль мен Палестина жүргізген сауалнамалар Баргутиге Аббасты жеңуге үлкен мүмкіндік берді. Ол күні бүгінге дейін Палестина тұрғындарының арасында беделге ие», – деп еске алады Жан-Поль Шаньолло.

Соңғы жылдары Палестинада жүргізілген сауалнамаларда Марван Баргутидің рейтингі Махмұд Аббас (респонденттердің 90 пайызы президенттің отставкаға кетуін талап еткен) пен ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханиядан айтарлықтай озып, жастар арасындағы ең танымал тұлғаға айналды.

Палестинадағы саяси күштердің алауыздығы өршіген шақта Баргутидің ешкімнің сойылын соқпай, бітімгершілік позициясын ұстануы халыққа үміт сыйлайды. Оны зайырлы ұлтшылдар мен діншіл қауым да құрметтейді. Олардың көпшілігімен түрмеде танысып, тығыз қарым-қатынас орнатқан. Тіпті, ФАТХ қозғалысына қырын қарайтын ХАМАС та көптен бері Баргутиді босатуды талап етуде.

Марван Баргути бейбіт саяси күрес жүргізуді қолдайды. Алайда, оккупацияны тоқтату құралы ретінде соғысудан, күш қолданудан кет ары емес. Абақтыда отырса да, әлі күнге дейін Палестина саясатында маңызды рөл атқарады. Халқын Израильдің жанынан біртұтас Палестина мемлекетін құруға үндейді. «Мен және мен мүше болған ФАТХ қозғалысы болашақ көршіміз Израильдің бейбіт тұрғындарына жасалған шабуылдарға үзілді-кесілді қарсымыз. Десе де, Израильдің елімді басып алуына қарсы тұруға және бостандығым үшін күресуге құқылымын. Мен әлі күнге дейін 1967 жылы оккупацияланған Палестина аумақтарынан толықтай шығуға негізделген тең және тәуелсіз Израиль мен Палестина елдерінің бейбіт әрі қатар өмір сүруін қалаймын. Шыны керек, біз Израильдің келісім талаптарына бойсұнбағаны үшін кінәлі болудан шаршадық. Біз бәрінің халықаралық құқықтық талаптарға сай болуын қалаймыз», – деді Марван Баргути 2002 жылы «The Washington Post» америкалық газетіне берген сұхбатында.

Әйтсе де, Марван Баргутидің түрмеден жазған хаттарына зер салсақ, «Израильмен тікелей келіссөз жүргізу дағдарысты тоқтатады» деген ойынан айныған сыңайлы. 2015 жылы «The Guardian» британ газетіне былай деп жазды: «Басты мәселе – Израильдің бейбітшілікті емес, оккупацияны таңдауы. Келіссөздерді өзінің отаршылдық жобасын жүзеге асыратын құрал ретінде пайдаланып, түпкі ниетін бүркемеледі. Әлемдегі әрбір үкімет бұл қарапайым шындықты біледі. Бірақ, олардың көпшілігі өткеннің өнбес дауына қайта оралсақ, бейбітшілік орнауы мүмкін деп санайды».

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «қос мемлекет» идеясынан көпшілік алдында бас тартты. Бұл өз кезегінде АҚШ пен оның одақтастары тарапынан алаңдаушылық тудырды. Марван Баргути 2006 жылы ФАТХ, ХАМАС, «Ислам жиһады», Палестинаны азат ету халықтық майданы және Палестинаны азат ету демократиялық майданы ұйымдарына мүше тұтқындар әзірлеген «тұтқындар құжатына» қол қоюда елеулі рөл атқарды. Құжат мәтінінде 1967 жылғы шекара негізінде Палестина мемлекетін құруға, 1967 жылы басып алынған Палестина аумақтарында қарсылықты шектеуге, өзара атысты тоқтатуға және ел азаматтарының халықаралық құқықтық нормалары бойынша басқыншыларға қарсы күресу құқығын қорғауға шақырды. Баргути осы арқылы коалициялық үкімет құрып, елдегі саяси ахуалды тұрақтандыруды көздеді. Себебі, дәл сол жылы Газа секторындағы сайлауда ХАМАС жеңіске жетіп, сайлау нәтижесін Израиль мен Батыс елдері мойындамай, елдегі жағдай тығырыққа тірелді. Сайлау қорытындысы ФАТХ пен ХАМАС-тың арасындағы кикілжіңді ушықтыра түскен еді.

«BBC» араб қызметіне сұхбат берген сарапшылардың пікірінше, Баргути Палестина автономиясын басқару үшін «консенсус таңдауына» айналуы мүмкін. Саяси сарапшы Ораиб әл-Рантави Марван Баргутиді Палестинаның өзге саяси жетекшілерімен салыстырғанда «салыстырмалы түрде қалыпты» деп санайды. Сарапшының сөзінше, Баргутидің Палестина ұлттық қозғалысындағы экстремистік ағымдармен байланысы жоқ. Оның біріктіруші имиджі танымал етіп қана қоймай, көптеген фракциялар үшін қолайлы ойыншы етеді. Расымен, екі ірі қозғалыстың күресу тәсілі мен бағыты Баргутидің ұстанымдары аясында өзара түйіседі. ФАТХ қозғалысы Ясир Арафаттың кезінен бері зорлық-зомбылық пен лаңкестік шабуылдарды құптамайтынын ашық мәлімдеп келеді. ХАМАС Палестинаны азат ету үшін бәріне баруға дайын. Теракті мен соғыс олар үшін бірден-бір күрес құралы. Дегенмен, Израиль мен Батыс елдері, тіпті Мысыр мен Иордания сынды араб елдері де ХАМАС-ты террорлық әрекеттері үшін айыптап, олармен келіссөз жүргізуге құлықты емес. Баргути келіссөз жүргізуге шебер, терроризмді құптамайды. Қарулы майданды қорғаныс мақсатында ашуға әзір. Егер ол екі қозғалысты біріктірсе, Израильге қарсы анағұрлым біртұтас әрі қуатты күшке айналары хақ. Келіссөз үстелінде Палестина тарабының сөзі өтімді, салмақтырақ болар еді. Бірақ, мұның Израильге тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.

«ПАЛЕСТИНАЛЫҚ НЕЛЬСОН МАНДЕЛА» БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒА МА?

2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Кассам бригадасы Израильге қарсы «әл-Ақса топаны» атты әскери операция бастап, ауқымды шабуыл жасағаны мәлім. Ұйым өкілдері кепілге алынған Израиль азаматтарын қайтару үшін Иерусалимнен түрмеге қамалған барлық палестиналық тұтқындарды босату керегін талап етті. ХАМАС жетекшілерінің бірі Усама Хамдан «BBC» араб қызметіне: «Біздің қозғалыстың нақты ұстанымы бар. Ол – Израиль оккупациясының түрмелеріне тоғытылған азаматтарымызды босату. Біз мұны ұлттық миссиямыз деп санаймыз. Палестина үшін өзін құрбан еткен әрбір тұтқынға теңдей қарау керек «Вафа әл-Ахрар» операциясы кезінде де осы ұстанымнан айнымадық», – деп 2006 жылы кепілге алынған израильдік сарбаз Гилад Шалитті қамаудағы палестиналықтармен сәтті алмастырғандарын еске салды.

«Палестиналық Нельсон Мандела» атанған Марван Баргути – ең танымал палестиналық тұтқындардың бірі. Ол 1995 жылы жастардан жасақталған «Танзим» қарулы тобын құрып, ФАТХ ұйымының ықпалын арттырды. Бірқатар әскери операциялардың бел ортасында жүріп, саяси әлеуетін нығайтты. 2002 жылы Израиль әскерилерінің тұтқынына түсті. Сот оның бірнеше адам өлтіргенін, террористік ұйымға мүше болғанын алға тартып, бес рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Израильдік «Маарив» газетінің жазуынша, Баргутиді былтыр ақпан айында «Офер» түрмесінен басқа түрмеге ауыстырып, жалғыз кісілік камераға орналастырған. Түрме басшылығы мұның басты себебін саяси тұтқынның белсенділігімен байланыстырады. Сірә, абақтының тас қабырғалары Баргутиге кедергі болмаса керек. Израиль билігіне оның ұзын құлақтар арқылы батыс жағалауда үшінші көтерілісті ұйымдастыруға кіріскені жайлы мәлімет түскен.

Иә, Биньямин Нетаньяху ХАМАС-тың палестиналық тұтқындарды босату жайлы талабын «сандырақ» деп санайды. Иерусалимдегі Еврей университетінің профессоры Меир Масридің пікірінше, Израиль үкіметінің бір кездері Синварды босатқанын ескерсек, тарихи прецеденттерге байланысты Баргутидің абақтыдан шығарылуын елестету қиын. Сарапшы екі бірдей уәжді алға тартты. Біріншіден, Баргути бес рет өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Екіншіден, Израиль заңы терроризм бабымен сотталғандарды босатуға қарсы.

Таяу Шығысты зерттеу ұлттық орталығының Израиль зерттеу бөлімінің директоры Тарек Фахми де Марван Баргутидің бостандыққа шығарына күмәнмен қарайды: «Оның айтарлықтай революциялық өмірбаяны бар. Дәл қазір Израиль оны Палестина билігін басқару үшін босатуға рұқсат етпейді. Басқа ойыншы ұсынылуы мүмкін, бірақ ол іс жүзінде президент болмайды».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Палестиналық Нельсон Манделаның» бостандыққа шығуы әзірге екі талай. Оның жүріп өткен жолы мен саяси ұстанымы да бұған мүмкіндік бермейтін тәрізді. Себебі, Марван Баргути батысшыл емес әрі елін басқыншылардан қорғау үшін соғысудан тайынбайтынын ашық мәлімдеумен келеді. Бәлкім, Газадағы соғыс аяқталып, Израильдегі солшылдардың жұлдызы жанса, алдағы уақытта бостандыққа шығуы да ықтимал. Нельсон Манделадай түрмеде отырғанына 27 жыл болғанымен, Таяу Шығыс пен Орталық Африка екі бөлек мемлекет, екі түрлі саяси жағдайда екенін ескергеніміз абзал.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here