Сауатты көшбасшы оң өзгеріске бастайды

0
1012

Қазіргі өркениетті қоғамда білім беру ұйымын ұтымды басқару мен білім беру үдерісін сәтті ұйымдастыру өте өзекті мәселе. «Педагогикалық процесті басқару дегеніміз – әлеуметтік жүйені басқару» деп белгілі педагог-ғалым Надежда Хмель айтқандай, білім саласын сауатты басқару салауатты әрі жан-жақты дамыған қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мектепті басқаруда басшыларға басқару әдебін, педагогикалық менеджмент қағидаларын, қарым-қатынас өнерінің психологиялық негіздерін жетілдіріп, оң шешім қабылдауға, қызметті ішкі мотивация негізінде ұйымдастыруға баулу бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрған үлкен міндет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың наурызында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады» деп атап өтіп, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай елімізде Президенттің қолдауымен «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» пилоттық жобасы 2023 жылдың шілде айынан бастап жүзеге аса бастады. Жобаға негізінен еліміздегі білім ошақтарының басшылары, оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жобаның негізгі мақсаты – халықаралық деңгейге дейін білім алуға қабілеттері жететін бүгінгі уақыт талабына сәйкес ғылым және білім жетістіктерін қолдана алатын креативті ойлау қабілеті дамыған интеллектуалдық даму сұранысы өмірге даярлау талабын қанағаттандыратын құзіретті тұлғаны қалыптастыру. Дамыған елдердегі білім беру жүйесіндгі тенденциялардың бірі болып табылатын білім беруді басқарудың тиімді жолдарын қарастыру да жоба мақсаттарының бірі.

Бағдарлама міндеттерінің қатарында жаңа мемлекеттік білім стандартына сай білім мазмұнын құру, мектепке құзіретті, жүйелі іс-әрекетке сай жаңа білім ортасын қалыптастыру, оқушылардың жаңа білім көрсеткіштерін әлеуметтендіру және құзыреттілігін ашуға жағдай жасау мақсатында қосымша білім беру мен тәрбие жүйесін жандандыру сынды бағыттар бар. Сондай-ақ, білім беру жүйесін мұғалімдерінің жан-жақты даму жүйесін қалыптастыру арқылы құзіретті оқушыны дамытып, моделін жасау,жаңа заманның мемлекеттік білім стандартына сәйкес білім сапасын арттыруға негізделген басқарудың жаңа жүйесін құру да қарастырылған. Осындай міндеттер қамтылған аталған бағдарлама үш кезеңнен тұрады.

Алғашқы кезең – үміткерлерді іріктеу. Бұл кезеңде тіркелген 8 068 үміткерден 5 358 үміткер іріктеліп, оның 2 838-і тестілеуге қатысты. Ал «Оқыту» деп аталатын екінші кезеңде тест сынақтарынан жоғары нәтиже көрсеткен республика бойынша 500 адам «базалық, ілгері, кәсіби» деп аталатын үш деңгейлі бағдарлама негізінде оқуды бастады.

Үш деңгейлік курс барысында қатысушылардың кәсіби деңгейі шыңдалып, білімі толыға түсті. Әр кезеңнен кейін тест тапсырып, рефлексифті есеп жазылды және әр қатысушының біліктілігі сыналды.

Мемлекеттік деңгейде өткізілген осындай ауқымды шараның қатысушысы болу мен үшін үлкен тәжірибе екенін атап өткім келеді. Барлық дейгейден сәтті өтіп, арнайы сертификатқа ие болып, кадрлық резерв тізіміне енген 208 кәсіби маманның бірі болғаным маған үлкен сенім береді. Жоба қатысушыларының бірі ретінде кадрлық резервте оқып, теориялық білімімді шыңдадым, басшы-көшбасшы мәртебесіне қол жеткіздім.

Курс бағдарламасының ауқымы кең, мазмұны терең. Базалық деңгейде педагогикалық ұжымды басқару үшін аса қажетті стресс-менеджмент, тайм-менеджмент, қақтығыстарды басқара білу және басқа да мектеп басқарудағы маңызды мәселелер қамтылды. Бастапқы деңгейде педагогтердің әріптестерімен кәсіби түрде байланыс жасай білуіне, басқару, ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға маңыз берілді. Оқу-тәрбие процесін құндылықтармен байланыстыра жүргізуге дағдыландырады. Ілгері деңгейде жеке имидж, мектеп бренді, мектептегі әдістемелік жұмысты басқару моделі, педагогтердің кәсіби дамуын жүзеге асыру, цифрлық трансформация, кадр саясаты тақырыптары аясында ұшан-теңіз материалдар берілді. Менеджмент саласындағы кәсіби дағдыларды қалыптыстыру әдістері ортаға салынды. Мектеп басқарудағы алған білімдерімізді «Жаңа заманға сай мектепті басқару» симуляторында қолданып көрдік. Кәсіби деңгейде мектептің даму деңгейіне аналитикалық талдау жасап, өзгерістерді басқару модельдері арқылы өзгертуді, стратегиялық даму жоспарын жасауды үйрендік. Қаржылық, құқықтық құзыреттілігімізді арттырып, әріптестік, қоғамдастық жұмысын ұйымдастыру, командалық жұмысты ұйымдастыру модельдерін меңгердік. Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен тағылымдамадан өзімізге пайдалы құнды ақпараттармен қоржынымызды толықтырдық. Зияткерлік мектептің басшылары мен білікті ұстаздары оқу мен тәрбие берудегі көп жылғы тәжірибелерімен бөлісті.

«Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» пилоттық жобасын сәтті аяқтағаннан кейін мен Алматы қаласы Жетісу ауданы №118 мектеп-гимназиясына директорлық қызметке тағайындалдым. Кадрлық резервте оқып, теориямен қаруланғандықтан басшылық қызметке келгенімде ешқандай қорқыныш болмады. Курста мектепті басқарудың заманауи формалары, тәсілдері мен құралдары нақты берілген болатын. Осы кейстерді өзімнің тәжірибеме енгізетін боламын және ол маған алдағы уақытта үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға «Қазақ білім жүйесін әлемдік брендке айналдыруымыз керек. Ол сіздердің қолдарыңыздан келеді» деп зор сенім артты. Министрдің сенімін ақтауға, өскелең ұрпақ алдындағы азаматтық міндетімізді адал атқаруға бар қажыр-қайратымызды салатын боламыз. Біздің қазіргі міндетіміз – білім берудегі өзгерістердің көшбасшысы ретінде мектебімізді жан-жақты дамытып, еліне адал қызмет ететін, жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген креативті түлектерді дайындау деп есептеймін.

Сәуле ЖАМАЛИ,
Алматы қаласы Жетісу ауданы №118 мектеп-гимназиясының директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here